Тағылымды іс — болашаққа жол
Фото: pexels.com
Өскемен жоғары политехникалық колледжі – еліміздегі білім беру саласында өз орнын ойып алған оқу орындарының бірі. Бұл оқу ордасының атағының алысқа тарауы кездейсоқтық емес. Мұның сыры ұжымның жетістіктерінде, заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеудегі жүйелі жұмысында және сол ұжымды алға жетелеген басшылардың қажырлы еңбегінде жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруда техникалық және кәсіптік білім берудің маңыздылығын ерекше атап өтеді. Мемлекет басшысының бастамасы – жастарды жұмысшы мамандықтарына бағыттау, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қоғамның осы салаларға көзқарасын жақсарту үшін жасалған нақты қадам. Өскемен жоғары политехникалық колледжі бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарып, мемлекеттің болашағы білімде екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді.
Үш алып — бір ұжым
Біз сөз еткелі отырған колледж басшылары – директор Исатай Исин және оның орынбасарлары Берік Көкенов пен Күнтөре Жұртбаев. Бұл азаматтарды колледждің "үш алыбы" деп атауға толық негіз бар. Олардың тек басқарушылық қабілеті ғана емес, адами қасиеттері де ұжымның құрметіне бөленген. Ақыл-парасаты мол, өмірлік тәжірибесі мен танымы терең, оларды "қазақтың ұлдары осындай болса керек" деп мақтан етесіз.
Исатай Исин — колледжді ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан білікті басшы. Оның басшылығымен оқу орны көптеген табыстарға қол жеткізді. Оның қызметкерлер мен студенттерге деген құрметі, ашық қарым-қатынасы — ұжым ішіндегі үйлесімділіктің кепілі. Оның кабинетіне кірген әрбір адамды жылы жүзбен қарсы алуы, сыпайы сөйлесуі көпшілікке үлгі.
Берік Көкенов — оқу үрдісін ұйымдастыру ісінің шебері. Оның жетекшілігімен колледжде заманауи оқу бағдарламалары енгізіліп, техникалық мамандықтардың сапасы артты. Ол студенттер мен оқытушылар арасында сенім мен құрметке ие болған тұлға.
Күнтөре Жұртбаев — колледждің тәрбие және әлеуметтік жұмыстарын үйлестіруші. Ол жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруде, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті колледждің тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтерді.
Колледждің жетістіктері оның ұжымына тікелей байланысты. Жоғарыда аталған басшылардың әрқайсысы өз саласында тың идеяларды жүзеге асырып, білім ордасын алдыңғы қатарға шығаруға үлес қосып келеді. Олар оқу орнының инфрақұрылымын жаңартып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша көңіл бөлді. Соның нәтижесінде, колледж түлектері сұранысқа ие мамандар қатарынан табылып, еліміздің әр саласында жемісті еңбек етуде.
Өскемен жоғары политехникалық колледжі бүгінгі таңда еліміздің техникалық білім беру саласындағы көшбасшы орындардың бірін иеленіп отыр. Жұмысшы мамандықтарды насихаттау және олардың мәртебесін көтеру жолында колледж ұжымы аянбай еңбек етуде. Мемлекет басшысының бастамасын қолдай отырып, олар жастарға сапалы білім беруді, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауды басты мақсат етіп отыр.Жалпы, Исиндер әулеті – мәдениетті, жоғары білімді, өмірлерін елінің өркендеуіне, ғылымға, техникаға, педагогикаға арнаған мықты әулеттердің бірі. Әке-шешесі, ата-апасы жөнінде әңгіме – жеке бір тарих.
Исатай мектеп қабырғасында, кейін институтта қазақ, орыс, ағылшын тілдерін бірдей терең меңгеруге ниет етті, сол мақсатына жетті.
Абыройлы басшы қосшыларынан оқ бойы алда тұруы керек. Исатай Исиннің бойындағы басты қасиеттері – рухани байлығы, адамгершілігі, білімі, адамдармен қарым-қатынасы, басшы ретінде берген тапсырмасының уақытында орындалуын бақылауы.
Жоғарыда айттық, ақыл-ойы кемел, ішкі жан дүниесі бай адамның түр-тұлғасы да жарасымды болады. Исатай Салихұлы да солардың сойынан, кең жауырынды, бойы 180 см-ден жоғары, артық салмағы жоқ, ақ сарының өңдісі. Сөйлескенде үнемі күлімдеп тұратын көзі, баурап алатын күлкісі бәрі өзіне жарасады. Кең маңдайы, қара жирен шашы, қою қара қасы, қыр мұрыны нағыз ер адамға лайық бет-әлпеті аса тартымды. Ал сыртқы сымбаты, дене бітіміне қарап спортпен тұрақты шыныққанын аңғаруға болады.
Колледжде әкімшілік басқару жұмысы дұрыс жолға қойылған, әр мәселе уақытында шешіледі. Ұжымдағы мыңнан астам адам – оқытушылар, студенттер, қызметкерлер міндеттеріне ұқыпты. Мекеме жұмысы көп салалы, өзара тығыз байланысқан. Солардың ішінде өзіме қатысты жұмыстар бойынша директордың қызметіне тоқтала кетейін.
Колледж директоры қызметінің басты бір бағыты – оқу орны түлектерімен тығыз жұмыс жүргізу. Мұражайда әулетімен кәсіптік білім алған жанұялар туралы мол материал жиналған.
Мысалы, колледждің өркендеуіне үлес қосушы жанұялардың бірі – Қайрат Уражановтың әулеті. Исатай Салихұлының келісімімен Уражановтан сұхбат алғанымда Қайрат Манапұлы демеушілік көрсетуге ниет білдірді. Осылайша колледжде 70 жыл басшылық қызметін атқарған 8 директордың портреті оқу орнының қабырғасына ілінді. Қайрат Манапұлының екі ұлы Мейір, Дамир – колледждің түлектері, мамандықтары бойынша абыройлы қызмет атқаруда.
Колледжге орналасқандағы басты мақсатымның бірі студенттерді мамандық алумен қатар отансүйгіштікке, адамгершілікке, бауырмалдыққа, әдебиет, өнер саласына бағыттау еді.
Алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы, аға лейтенант Ержан Сүлейменов өз сабағында студенттерді мұражай бөлмесіне жинап, 15-16 жастағы ұл-қыздармен Отан қорғау жөніне әңгімелер өткізіліп тұрады. Ұлдардың миына Отанға деген борышын жастайынан құйып, тәрбиелемесе, өз тарапынан қандай борышы барын білмейді, білгісі де келмейді. Оған кім кінәлі? Әрине, ата-анасы, өскен ортасы, мектебі, жоғары оқу орны – бәрі бірдей кінәлі. Сондықтан осындай жұмыстарды үнемі жүргізіп отыру керек. «Баланы жастан!» деген мақал бекер айтылмаған.
Колледждің 2020 жылдан бастап барлық көрсеткіштер бойынша облыста бірінші орынға ие болуы – колледж басшысының, оның орынбасарлары мен ұжымның бірлесе атқарған істерінің нәтижесі.
Колледжде өндірісте жұмыс істейтін мамандар даярланады. Түлектердің даярлығы жоғары дәрежеде болса, екі жақ та – оқытқан оқу орны да, жұмысқа қабылдаған өндіріс орны да риза. Жұмсалған қаражат дұрыс жаратылды деген сөз.
Колледжде соңғы жылдары кәсіптік білім берудің дуальді жүйесі іске асуда. Оқу бағдарламасының 40%-ы колледжде оқытылады, 60%-ы өндірісте жүргізіледі.
2015 жылы директордың оқу-өндіріс саласы бойынша орынбасары Берік Көкеновтің басшылығымен электрлі механикалық жабдықтарды жөндеу атты жаңа мамандыққа студенттер қабылданды. Сол жылы алғаш рет автоэлектромеханик мамандарын дайындау жолға қойылды.
2016 жылы колледж WordSkilis International жарысына қатыса бастады. 2016, 2017 жылдардағы Wordskilis Қазақстан жарысында колледж студенті Александр Кондратьев 2-ші орынға ие болды. 2018 жылы Wordskilis Шығыс аймақтық сайысында біздің студенттер 9 жүлделі орынмен марапатталды, оның ішінде екі студент жеңімпаз атанды.
Сызу пәнінен Шолпан Терлікбаева, Екатерина Марущенко, электр техниканың теориялық негіздері пәнінен Рабиға Чалдыбаева, Вера Клопот қатарлы жоғары дәрежелі мамандардан терең білім алмау мүмкін емес.
Осындай өз ісін жетік меңгерген мамандармен колледж ұжымы Өскемен энергетикалық техникумының атақ-абыройын асқақтатып ұстайтынына Берік Төлегенұлы кәміл сенімді.
Директордың оқу-өндіріс саласы бойынша орынбасарын қуантатын жағдай, студенттердің «Сендерге колледжде кім, не ұнайды?» деген сауалға «Колледж басшылығының, әр оқытушының бізге деген қарым-қатынасы жақсы, өзімізді үйімізде жүргендей сезінеміз», «Мамандық таңдауда дұрыс бағыт алғанымыз үшін мектеп ұжымына, кәсіптік таңдау жұмыстарын жүргізген колледж мамандарына ризашылық білдіреміз!» деп жауап беріпті.
Берік Төлегенұлының айтуынша, студенттердің бұл пікірінен кейін колледж ұжымы білім беру сапасын одан ары арттыра түсуге, білім ордасының материалдық-техникалық базасын дамытуға, ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін пайдалануға, озық оқу орындарымен тәжірибе алмасуды жетілдіруге күш сала түспек.
Өскемен жоғары политехникалық колледжінің соңғы сүбелі табыстарына тоқталар болсақ, студент Константин Иванин (тәлімгері Юлия Новак) мобильді қосымшаларды әзірлеу бойынша ұлттық чемпионатта, Платон Лапин мен Артем Деменко (жетекшілері – Максим Мамаев пен Бекзат Мұратбеков) сәуірде Астанада өткен WorldSkilis бойынша республикалық сайыста бірінші орын алып, Францияда өтетін әлем біріншілігіне жолдамаға ие болды.
Директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Күнтөре Жұртбаевтың еңбегін де атамай кетуге болмайды. Оның басшылығымен музейге екі стенд орнатылды, екі тілде жазылған «Біз әділетті Қазақстан үшін» жазуы түрлі бояумен кескінделген. Көңілге қонымды, кез келген жанға түсінікті.
Күнтөре Тұрсынқанұлы – жоғары білімді инженер, мамандығы бойынша студенттерге дәріс оқиды. Ол ақыл-парасатына түр-тұлғасы сай келісті азаматтың бірі. Еңсегей бойлы Күнтуған батыр тұлғалы адам. Олай дейтін себебім, бірде досы Берік Төлегенұлы оған майлы бояумен салынған портретін сыйлапты. Портретке қарасаңыз астында кер төбел қасқа айғыр, үстінде жағалы тон, басында құндыз бөрік. Құдды бір Көкжал Барақ батырдан аумайды. Негізі Күнтөре Көкжарлыға жиен болып келеді...
Колледждің 65 жылдық мерейтойына қонақтардың колледж ұжымына деген сыйлығы – таспа қамшы, қолшоқпар мен қалқан мұражай төрінен орын тепкен. «Кең байтақ қазақ жеріміз! Егеменді еліміз!» атты сөз тіркестері, еліміздің географиялық кескіні толық бір композиция құраған.
Өскемен жоғары политехникалық колледжі асуларды асып, білім, кәсіптік мамандықты меңгертудің биік шыңына көтерілетініне сенімдіміз.
Колледж басшылығына білікті мамандардың келгені оқу орнының өміріне ерекше тыныс, тың өріс әкелді. Ұжым жаңа бастамаларды қуана қарсы алды. Көптеген жаңа мамандықтар ашылды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, кез келген ұжымның табысқа жетуі, ұстанымы берік, бағыт-бағдары айқын болуы ең алдымен бірінші басшыға байланысты. Содан кейін ұжымдағы өзара жақсы қарым-қатынас, басшы мен орынбасарлар арасындағы риясыз сенім мен түсіністіктің маңызы өте зор. Өзара сенімге негізделген ұжым ғана жетістікке жете бермек.
Еліміздің жарқын болашағы білімді, еңбекқор ұрпақтың қолында. Осы тұрғыдан алғанда, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің тәжірибесі мен жетістіктері тек аймақтық деңгейде ғана емес, бүкіл еліміз үшін тағылымды үлгі бола алады.