«Mama Pro» - ерекше баласы бар аналарға жаңа мүмкіндік беретін кәсіпкерлік орталығы
Қазақстанда мүгедек балалардың саны үш жылда 11,4%-ға артты. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Елде шамамен 732 мың мүгедек азамат бар, олардың 15%-ы – балалар, негізінен 7-18 жас аралығында. Аурулардың арасында жүйке жүйесімен байланысты мәселелер, туа біткен даму ақаулары және психикалық бұзылулар басым. Биылғы жылы мүгедек адамдарға әлеуметтік қамтамасыз етуге арналған шығындар 748,5 миллиард теңгені құрады, жыл сайын бұл сома шамамен 22%-ға артып келеді. Қазақстанда жыл сайын 14 мыңға жуық бала алғаш рет мүгедек болып танылып, «мүгедек» мәртебесін алады. Құзырлы органдар соңғы үш жылда бұл көрсеткіштің өсіп келе жатқанын мойындауда. Қазақстанның кішкентай азаматтарында туа біткен даму ақаулары, психикалық бұзылулар, эндокриндік аурулар және қатерлі ісіктер жиі анықталуда.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 109,5 мың мүгедек бала бар. Билік өкілдері алаңдаушылық танытуда – 2021 жылы мүгедек балалар саны 25,8%-ға артса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 26,6%-ға жетті. Өткен жылы «мүгедек» статусын 15 мың бала алған. Бұл көрсеткіш көңіл көншітпейтіні сөзсіз, алайда мұндай жағдайды жеңіп шығуға ұмтылған аналардың ерлігін ерекше атап өткен жөн. Себебі, мүмкіндігі шектеулі балалардың саны жыл санап артып келеді, бұл мәселе қоғамның да назарында. Мысалы, 2007 жылы елімізде 45 мыңнан астам мүгедек бала тіркелсе, 2013 жылға қарай бұл көрсеткіш 70 мыңға жеткен. Тағдырдың тауқыметіне тап болған осы сәбилердің ата-аналары өз балаларының денсаулығын қалпына келтіру үшін бар күш-жігерін сарп етуде.
Осы тұста ерекше қолдауға тұрарлық бастамалардың бірі – «Mama Pro» орталығы. Бұл кәсіпкерлік жобаның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалары бар аналарға кәсіп тауып, оларды жаңа өмірге бейімдеу. Орталық аналарды кәсібін бастауға қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін дамытуға бағытталған көптеген жобалар ұсынады. Мұндай бастамалар тек аналардың кәсіби тұрғыдан жетілуіне ғана емес, олардың қоғамдағы орнын нығайтуға да үлкен ықпал етеді.
«Mama Pro» сияқты жобалар еліміздегі мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар үшін ерекше қолдауға тұрарлық бастамалар болып табылады. Бұл кәсіпкерлік орталықтар аналарды тек әлеуметтік қолдаумен ғана емес, өз күштерін жүзеге асырып, кәсіби өмірде өз орнын табуға мүмкіндік береді.
Өмірге деген көзқарасы, ой-тұжырымы мен түйсігі бөлек жандарға да, олардың қамқоршыларына да мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ қазіргі заманда тек үкіметке қол жайып отыра беруге болмайды. Осыған орай елімізде «Mama Pro» деп аталатын қор ашылған. Бұл қор аналарға көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.
2018 жылы алғаш рет Астана қаласында есігін айқара ашқан қор бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі бес қалада, яғни Алматы, Шымкент, Қостанай және Өскеменде жұмыс істеп тұр.
Әу баста бұл игі істі ерекше бала тәрбиелеп отырған үш ана – Айжан Әлжанова, Әсия Тикеева және Гүлсім Семенова қолға алыпты. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әр ата-ананың ең басты арманы да, мақсаты да – ұрпағын қайткен күнде аяққа тұрғызып, қоғамға, өмірге бейімдеу. Ондай жандар, әрине, қашанда шексіз құрметке лайықты. Үздіксіз күресіп, жеңіске жеткендер топ ішінде кедергілерден сүрінбей, мәре сызығын алғаш болып кескен жеңімпаздай бақытты күй кешері хақ. Алайда мақсатына жете алмай тауы шағылған, шарасыздық шыңырауға құлатып, жігері үгіліп жататындар да жоқ емес.
Қор 2018 жылы Астанада, 2019 жылы Алматыда ашылса, Шығыстың бас шаһарында 2022 жылдың басында өз жұмысын бастаған. Тізгінін ұстаған Еркежан Ерболатқызының өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырған ана. Оның айтуынша, ерекше балалардың ата-анасы ғана бір-бірін жақсы түсінеді. Ал баланы қоғамға бейімдеу үшін алдымен анасын сауықтыру керек.
Кедергісіз кәсіп ашуға көмектеседі
Қор жетекшілерінің айтуынша, «Mama Pro» орталығындағы мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар кәсіп ашу бойынша түрлі курс оқыған. Қазіргі күнге дейін республика бойынша үш мыңға жуық әйел білім алып, 300-ден астамы өз ісін бастап отыр. Өскемен қаласы бойынша 100-ге жуық анаға қолдау көрсетіліп, түрлі тақырыпта курс оқытылған. Оның ішінде 35-і өз ісін бастап, кәсіпкер атанған екен.
Мұнда қазіргі заман талабына сай қажетті мамандықтар, атап айтқанда, SMM, жеке брендті қалыптастыру, Қытаймен сауда, цифрлық сауаттылық, кондитерлік және тағы басқа кәсіпті игеріп, кәдеге жаратуға болады. Бір жағында аналар курсы бойынша білім алса, келесі жабдықталған бөлмеде балалар ойнап отырады. Орталықтың ерекшелігі де осы. Аналар білімін жетілдіргенде, бала күтушілер мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейді. Яғни кәсібін кедергісіз ашуға барлық жағдай жасалған.
Психологиялық қолдау көрсетіледі
Ерекше балалардың ерекше аналарымен психологтар, логопедтер мен терапевтік топ тегін жұмыс істейді және түрлі трансформациялық ойындар өткізіліп отырады. Еліміздегі мүгедектігі бар жандардың құқығы туралы дәрістер де жүргізіледі.
Өміріндегі қиын кезеңдердің бірінде осы орталыққа келген Анар Нұрқасынова да қазір өз тағдырластарына ағылшын тілін үйретіп жүр. Ол білім алуға ешқашан кеш еместігін айтады.
Бүгінде Өскемендегі қорда ерекше балалардың бауырларына арналған «Сиблингтер» жобасы қолға алыныпты. Оның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленіп жатқан отбасын қолдау. Кей кездері туыстары, бауырлары баланың диагнозын жасырып жатады. Керісінше, оны қоғамға бейімдеу қажет. Жобаның осы бағыттағы маңызы зор.
Алайда «Mama Pro» қоры жетекшілерінің айтуынша, мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетілмейтін көрінеді. Жоғарыда аталған жобаларға түрлі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар демеушілік етеді. Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға да, олардың аналарына да мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау керек екені белгілі.
Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі баланың мүгедектік бойынша жәрдемақы алуын да автоматтандыру мәселесі өзекті. Мұны рәсімдеудің өзі уақытты алады, жүйкені жұқартады. Сол сияқты ерекше бала өмірге келгендігі туралы анықталған кезден-ақ анализдерін де үйден алу керек.
Қазіргі таңда қоғамдық қорға жүгінетін жандар жетерлік. Тіпті жемісті жұмысының арқасында көңілі қам аналардың өзіне деген сенімділігі артып, экономикалық әлеуетін көтеруге мүмкіндік алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек» деп, ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру қажеттігін тапсырған болатын. Ал жайлы орта қалыптастыру үшін олардың ата-аналарының әртүрлі бастамаларына қолдау көрсетіп, арманына қанат бітіру маңызды.