Елімізде энергетик мамандар тапшы. Мәселе қалай шешілуде?
Жылу энергетикасы саласын жаңғырту – Президенттің жіті бақылауындағы мәселе. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір елдегі барлық 37 жылу-электр станциясының 19-ы тозудың «қызыл» деңгейінде тұрса, 11-і «сары» деңгейде, тек жеті орталық «жасыл» аймақта.
Салаға түбегейлі реформа қажеттігін алға тартып, жүйелі жұмыс керектігін атап өткен Мемлекет басшысы биыл ең алдымен апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғыртуды аяқтау қажеттігін тапсырды.
Қазір Шығыс өңірінде үш жылу электр станциясы мен 32 коммуналдық мекеме облыс тұрғындарына жылумен қамту қызметін көрсетеді. Оларда 2,5 мыңнан астам маман жұмыс істеп жатыр. Бұл маңызды салада да кадр тапшылығы бар. Облыстың энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың сөзінше, салада облыс бойынша 500-ге тарта маман жетіспейді.
Биылғы сәуір айында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында жылу электр орталығын салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған. Жоспарға сәйкес бұл орталықтар Өскемен, Семей және Көкшетау қаласында салынбақ.
Нұрлан Рамазановтың айтуынша, жаңа жылу электр орталығы Қасым Қайсенов кентінің іргесінен бой көтереді. Арнайы жұмыс тобы маңызды нысан салынатын жердің экологиялық талаптарға және техникалық-экономикалық шарттарға сәйкестігін тексерген соң жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысты бастайтын мерзім анықталады.
Сарапшылардың сөзінше, ЖЭО салу өңірді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жаңа жылу көзі тозығы жеткен бес қазандықты жабуға, 15 мыңнан астам жер үйді орталық жүйеге қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, экономика салалары мен қала инфрақұрылымының нақты секторын дамытуға серпін береді. Жоба жүзеге асқан соң, жаңа жұмыс орындары да ашылады.
Болжам бойынша жаңадан салынатын ЖЭО-ға жылу энергетика саласының 400-ге жуық маманы, оның ішінде 50-ге тарта инженерлік мен техникалық қызметкер қажет болады.
Жылу энергетиктеріне сұраныс жоғары
Өңірдегі жылу энергетикасы саласының жоғары білімді инженерлерін даярлайтын бірегей оқу орны – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Аталған оқу орнындағы сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы, PhD докторы, қауымдастырылған профессор, Қазақстанның Құрметті энергетигі Айбек Ақаевтың сөзінше, қазір білім ордасында электр энергетикасы мен жылу энергетикасына ортақ білім беру бағдарламасы бойынша 100-ге тарта студент оқиды.
Ал нақты жылу энергетикасы мамандығы бойынша былтыр 10 түлек бітірсе, биыл сегіз түлек тәмамдады. Дәл қазір осы мамандық бойынша оқып шыққан жастар аз болғанымен, келешекте өсу бар. Өйткені, биыл төртінші курсты сегіз студент аяқтаса, үшінші курста 13, екінші курста 14 және бірінші курста 29 студент оқып жүр.
Айбек Мұратбекұлының айтуынша, аталған мамандық бойынша мемлекеттік грант саны жеткілікті. Одан бөлек жергілікті бюджет есебінен бөлінетін әкім гранттары бар. Студенттер шәкіртақымен, жатақханамен қамтылады. Тек мектеп түлектерінің осы салаға деген қызығушылығы мен талпынысы болса жеткілікті.
Университте оқу мерзімі – орта мектептен кейін төрт жыл, колледжден кейін үш жыл. Студенттер өндірістік практикадан Өскемен жылу-электр орталығы, Өскемен жылу желілері, «Казцинк», Согра жылу-электр орталығында өтеді.
Республикалық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жыл сайын рейтинг жариялайды. Аталған рейтинг бойынша ШҚТУ-дың жылу энергетикасы мамандығы былтыр республика көлемінде төртінші орында болса, биыл екінші орынды иеленіп отыр. Бұл жоғары көрсеткіш. Рейтинг түлектердің жұмысқа орналасуы, мамандардың орташа жалақысы сияқты негізгі критерийлермен анықталады. Жылу энергетикасы мамандығын алып шыққан түлектердің жұмыспен қамтылуы – 100%, өйткені еңбек нарығында сұраныс жоғары. Орташа жалақы – 300 мың теңге көлемінде.
Айбек Акаевтың айтуынша, Өскемен ЖЭО мен техникалық университеттің бірлескен жұмысының нәтижесінде кәсіпорын аумағында университет филиалы ашылған. Онда осы мамандықты меңгерудің тәжірибелік жағы көрсетіледі. Енді тағы бір филиалды алдағы қыркүйек айында Согра ЖЭО-да ашу жоспарланып отыр.
Кәсіпорын студентке жалақы төлейді
Өңірдегі жылу энергетикасы саласында маман тапшылығы бар екендігі белгілі. Сондай-ақ бұл сала зиянды жұмыс орны болып есептелгендіктен еңбеккерлер 55 жастан зейнетке шығады. Сол себепті кәсіпорындарда маман тапшылығы байқалады.
Жоғарыда айтылған облысқа қажетті 500 маманның барлығы жоғары білімді инженерлер емес, сонымен қатар осы салаға тікелей қатысты слесарь, дәнекерлеуші, монтаждаушы, сантехник сияқты арнайы мамандар да қажет.
Аталған мамандарды даярлайтын өңірдегі бірден-бір колледж – Өскемен жоғары политехникалық колледжі.
Оқу орнының басшысы Исатай Исин айтып өткендей, мұнда «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» білім беру бағдарламасы бойынша қазандық жабдығының қараушы-машинисі, турбиналық жабдықтың қараушы-машинисі және техник-жылу энергетигі мамандары оқытылады.
Одан бөлек жылу энергетикасы саласына қажетті техник-электрик, электромеханик, слесарь мамандарын да даярлайды. Оқу мерзімі 11-сыныптан кейін 2 жыл 10 ай, 9-сыныптан кейін 3 жыл 10 ай. Ал дәнекерлеуші мамандығын Өскемен құрылыс колледжі мен Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде оқуға болады.
Колледжді тәмамдаған түлектер оқуын ары қарай жалғастырғысы келсе, жоғары оқу орнына грантқа түсу үшін кешенді тестілеу тапсырады, ал ақылы оқуға түсу үшін әңгімелесу жеткілікті. Оқу ақысын төлеп беретін өндіріс орындары да бар. Студенттер шәкіртақымен, жатақханамен қамтылады. Түлектердің жұмыспен қамтылуы 100 пайыз. Өйткені аталған мамандықтарға өңір кәсіпорындары тарапынан сұраныс жоғары.
Жылу энергетикасына қатысты осы мамандықтар бойынша былтыр 32 түлек бітіріп шықса, биыл 36 түлек жас мамандар қатарын толықтырмақ. Оларды қазірдің өзінде дайын маман деуге болады. Өйткені, аталған оқу орнында 2011 жылдан бастап іске қосылған дуальді оқыту жүйесінің тиімділігі сол – студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, өндіріске араласады. Жұмыс істеу барысында еңбек келісімшарты жасалып, сәйкесінше разряд алып, өндіріс орны жалақы төлейді және бұл мерзім еңбек өтіліне есептеледі. Жалпы осы сала мамандарының жалақысы 280-300 мың аралығында екенін айта кеткен жөн.
Колледж басшысының айтуынша, еңбек нарығында жылу энергетикасы мамандарына деген сұраныс жоғары болғанымен, мектеп түлектерінің қызығушылығы төмен. Сондықтан осы мамандықтың мәртебесін арттырып, оның тапшылығын, зиянды жұмыс орындары екендігін ескеріп, аталған мамандықта оқып жүрген студенттердің шәкіртақысы мен еңбеккерлердің жалақысын өсіру мәселесі оңынан шешілуі керек екендігін баса айтты.
Баспаналы болуға мүмкіндік бар
Жылу энергетикасы саласына білікті мамандар даярлап, мектеп түлектері арасында аталған мамандықтың мәртебесін арттыру үшін әрине қолдау, ынталандыру шаралары қажет.
Бұл орайда биыл Қазақстан бойынша біздің облыста алғаш рет «Шығыс маманы» өңірлік ипотекалық бағдарламасы іске қосылып, жуықта баспаналы болатын алғашқы 15 қызметкердің тізімі шықты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың сөзінше, бағдарламаға қатысуға жылу энергиясын өндіру, беру және бөлу бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындарда жұмыс істейтін 18-50 жас аралығындағы қызметкерлерден 50 өтініш келіп түскен.
«Отбасы банкі» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Қаршыға Жақсылықовтың айтуынша, балл бойынша комиссия қарауынан өткен 15 адамның төлем қабілеті банкте тексеріледі. Одан кейін ипотеканы рәсімдеу үшін жаңа немесе қолданыстағы пәтерді, жер үйді іздейтін болады.
Бұл өңірлік ипотекалық бағдарлама бойынша баспана құнының ең жоғары бағасы – 20 миллион теңге, несие 5 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. Ипотеканың максималды мерзімі – 19 жыл. Сегіз жылдан кейін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3,5%-ға төмендейді.
Айжанат Бақытқызы