Өңірімізде бос жұмыс орындары жетерлік
Бұл күнде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген адамды ауылдан да, қаладан да кездестіреміз. Жұмыс іздеген адам қайда болса да бар. Бір қызығы жұмысшы іздегендердің қатары одан да көп. Тұрақты түрде өткізіліп тұратын дәстүрлі еңбек жәрмеңкесіне барған сайын осыған көз жеткіземіз.
Жуырда Өскемендегі Мәнсап орталығында қырыққа жуық жұмыс беруші кәсіпорын-мекеменің қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі кезекті рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауқымды шараға «Ұлттық сараптама орталығы», «Халық-Life» сақтандыру компаниясы, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 5518 әскери бөлімі, «Литера-3» жобалау-инжиниринг орталығы, «Біріккен энергосервистік компания» АҚ және тағы да басқа жұмыс берушілер, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері, орталықта жұмыссыз ретінде есепте тұрған қала тұрғындары қатысты.
Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Серік Ноғаев Өскемен, Семей, Курчатов, Павлодар қалаларындағы әскери бөлімдерге келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру жүргізілетіндігін айтты.
Үміткерге қойылатын талаптар – Қазақстан азаматы болуы керек, сонымен қоса жасы 18 бен 32 жас аралығында, білімі бар (орта, арнайы орта, жоғары), денсаулық жағдайы әскери қызметке жарамды, мерзімді әскери қызметті немесе әскери-техникалық мамандарды даярлау бойынша Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өткен болуы керек.
Әскери қызметтің артықшылықтары көп екен. Мәселен, әскери қызметкерге тұрақты жалақы, киім-кешек, тұрғын үй төлемдері төленеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана сатып алған жағдайда ипотеканы мемлекет өтейді. Емделгенде, демалыс кезінде жалақы сақталады. Әскери қызметші мен оның отбасы мүшелері тегін емдеумен қамтамасыз етіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мемлекет есебінен әскери қызметшіге және оның отбасы мүшелеріне есептеледі. Жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы беріледі.
Сонымен қатар оқу орнында оқуға мүмкіндік беріледі. Мәселен, сегіз жыл қызмет еткен әскери қызметшілер жоғары оқу орнына ақылы негізде түсе алады және оқу құнының 50 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Әскери қызметшілер 45 және 47 жасында зейнетке шыға алады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасу жайлы толық ақпаратты Өскемен қаласы, Абай даңғылы, 95 мекенжайынан немесе 8-747-624-00-93, 8-7232-22-11-03 телефон нөмірлері арқылы алуға болады.
Өңір тұрғындарын электр энергиясымен қамтып отырған «Біріккен энерго сервистік компания» АҚ-ға электр желісінің диспетчері, электромонтер мен электр слесарьлары қажет. Бұл мекеме оқып жүрген қызметкерлерінің оқу ақысын төлеуге қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда аталған компания Шығыс Қазақстан облысымен қатар Абай облысының аумағына да қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету аумағы 15 ауданды, 10 қаланы, 872 кент пен ауылды, 254 ауылдық округті қамтиды.
Электр энергиясы саласындағы аталған мамандықтар бойынша жұмыс іздеп жүрген тұрғындар Өскемен қаласы, Бажов көшесі, 10 мекенжайына хабарласып, тұрақты жұмысқа орналаса алады. Байланыс телефон нөмірлері: 8-7232-48-99-95, 8-705-498-15-07.
Мәнсап орталығының басшысы айтқандай, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында бос орындар жәрмеңкесінен басқа да шаралар қарастырылған. Соның бірі – «Күміс жас» жобасы. Жоба шеңберінде зейнеткерлік жас алдындағы (зейнетке шыққанға дейін екі жыл бұрын) жұмыссыз адамдар үшін жұмыс орындары құрылады. Жобаға қатысу ұзақтығы үш жыл. Жоба аясында жұмысқа орналасқан азаматтар үшін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің үш жыл бойы 70%, 65%, 60%-ын құрайды, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Мәселен, жалақының 30%-ын жұмыс беруші төлесе, 70%-ын мемлекет субсидиялайды. Бұл жобаға қатысушыларға тиімді. Өйткені ол үшін үш жыл бойы зейнетақы жарнасы аударылып, ол өз кезегінде зейнетақы мөлшерінің артуына септігін тигізеді. Қазір «Күміс жас» жобасы бойынша 222 адам жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың мүшелерін, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеуші аналар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын үйде ұйымдастыру жағы да қарастырылған. Мұндай әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған жұмыссыздардың жалақысына субсидияның ай сайынғы мөлшері белгіленген жалақы мөлшерінің 35%-ын құрайды.
Бұдан басқа «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту», «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс орындары», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» қатарлы жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылуда.
Айта кетерлік жайт, қазір жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыс іздеу үшін Мәнсап орталығына келу де міндетті емес. Өйткені барлығын онлайн істеуге болады. Электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс беруші де, жұмыс іздеуші де барлық қызметті қашықтан ала алады.
Жұмыс берушілердің сұранысына назар аударсақ, облыс орталығында негізінен электрик, энергетик, құрылыс мамандары, аспаз, тігінші, әскери қызметкер, техника саласының мамандары және мұғалімдер жоғары сұранысқа ие екен. Өскемен қаласында 3953 адам порталда жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.
Жоғарыда айттық, жұмыс іздеушілермен қатар сол жұмыс орнын ұсынып отырғандар да көп деп. Мамандардың пікірінше, еңбек биржасында тізімде тұрғандар ұсынған жұмыстарға «жалақысы төмен» деп аса қызығушылық танытпайды екен. Одан гөрі бос жүргенді немесе атаулы әлеуметтік төлем алып үйде жатқанды құп көретіндей. Бәріміз білеміз, егер отбасында еңбек ететін адамдар болса атаулы әлеуметтік көмек төленбейді.
Айжанат Бақытқызы