Еліміздегі құқықтық білім: қазіргі жағдайы және болашағы
Фото: pexels.com
Республика өміріндегі өзгерістер білім беру саласына соның ішінде құқықтық тәрбиелеу ісіне де әсерін тигізуде. Әлемдік білім беру кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап етеді. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытуға арналған бағдарламасында оқушыларды адам құқығы мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеу қажеттілігі басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылған. Қазақстанның құқықтық мемлекет құру жолындағы іс-шараларының басты ұстанымдарының бірі – құқықтық білім берудің сапасын арттыру.
Қазақстан Республикасындағы жастардың басты борышы – азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын, міндеттерін оқып үйрену, орындау, заңды құрметтеу, құқықтық білім алу. Сондықтан қоғамның талабына сай жастарды жан-жақты тәрбиелеу үрдісіндегі мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – оқу тәрбие жұмысының барлық құрылымында құқықтық білім беру мен тәрбиеге айрықша мән беріп, оны ұйымдастырудың тиімді жолдарын, тәсілдерін үнемі жетілдіру, жаңарған қоғамның саяси құқықтық сана сезімдерін қалыптастыру. Әлемдік білім беру жүйесіне ену жағдайында саяси-құқықтық жағынан белсенді азаматтарды даярлау үшін құқықтың кейбір салаларын тереңдете оқыту еліміздің құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам құру барысындағы мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді.
Құқықтық білім берудің маңыздылығы күн өткен сайын арта түсуде. Заңды білу – заман талабына айналды. Әр азаматқа қазіргі қоғамдағы қарым-қатынас заңдылықтарын терең ажырататын құқықтық сана, құқықтық мәдениет қажет. Қоғамдық қатынастарда мәні зор әлеуметтік нормаларды – тарихи құқықтық жүйенің қайнар көзі немесе құқық ғылымының негіздері деуге болады.
Құқықтық ағарту немесе құқықтық білім қалыптастыру — заң ережелерін білу, оны насихаттап, күнделікгі тұрмыста ұстана алатын дәрежеге жеткізу. Бұл іргелі білім қалыптастыру, оны жүйелі түрде жүзеге асыру, студенттер алған білімнің күнделікті тұрмыс талаптарына сәйкестігі мен адамгершілік нормаларына сабақтастығы оның негізділігінің белгісі ретінде қарастырылады. Барлық жоғары оқу орындарындағы "Құқық негіздері" пәні студенттердің құқықтық мәдениеттілігін қалыптастыруға бағытталуы оларда құқықтық сана қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар жастар және балалармен жұмыс істейтін мамандықтардың барлығында құқықтық әлеуметтендіру жұмыстарына даярлық осы құқықтық мәдениет қалыптастыру аясында болуы керек. Жастардың құқықтық білімі, ең алдымен, жеке тұлғаның құқықтық дамуының сипаты мен дәрежесін көрсетеді. Жастардың құқықтық білімін көтеру үшін теориялық- әдіснамалық негіздемелерін анықтау өте қажет. Қазіргі кезеңде құқықтық білім беруде дамыған елдердің жетістіктері мен өз еліміздің тарихи құндылықтарын біріктірудің маңызы өте зор. Ғалымдардың көзқарастары мәдениет пен ғылым, саясат пен экономика бір мақсатты көздеп, бір ортақ құндылықтарына қызмет ету керек дегенге келіп саяды.
«Құқықтану негіздері» пәнінін таяудағы даму болашағы біздің мемлекетіміз көздеп отырғандай, Қазакстанда құкықтык қоғам орнату бағытының жүзеге асырылуымен байланысты. Құкықтық нигилизм мен бұқараның құқықтық мәдениетінің төмендігі қазіргі Қазакстан коғамының демократия мен прогресс жолындағы басты кедергі болып отырғаны белгілі. Ел көлемінде реформалардың кең ауқымда жүріп жатуына сәйкес құкыктык білімнің жаңа мазмұны жоғары құқыктық мәдениеті бар тұлғаны қалыптастыруға, жастарды дүниежүзілік кұкықтанушылық ғылымдардын жетістігімен қауыштыруға, сонымен қоса, өз халқының құкықтық мұраларының бұлағынан сусындатуға бағытталуы керек.
Қазіргі кезде білім жүйесі құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жаңару үстінде. Білімді ізгілендіру мен демократиялаңдыру бағытында үлкен өзгерістер жасалып жатыр. Қазақстанның әлеуметтік, азаматтық және құқыктык мемлекет орнатуға, қоғамды демократияландыруға бағыт алуы жалпы білім беретін мектептерде құқықтану негіздерін ең өзекті пәндердің бірі ретінде алдыңғы лекке шығарып отыр. Өйткені, келешекте өркениетті қоғам орнату кұқықтық білім берудің бүгінгісіне тәуелді. Осыған орай, құқықтану негіздерін бұдан гөрі толық және ертерек бастап оқыту мәселесі алға тартылуда.
Әлемдік білім беру жүйесіне ену жағдайында құқықтық білім беруге қатысты жаңашыл, ауқымды бағдарламалардың болуы құқықтық білім берудің сапасын арттырады. «Құқықтану негіздері» пәні ауқымында келесі бағдарламалар жүзеге асырылады:
- білім берудің негізгі бағдарламасы;
- бағдарлы білім беру бағдарламасы;
- қосымша білім беру бағдарламасы.
Мектептің негізгі сатысына (10-11-сыныптар) арналған бағдарлы білім беру бағдарламасының мазмұны екі бағдарда: жаратылыстану-математикалық бағдарда білім беретін мектепке (сыныпқа) арналған «Құқықтану негіздері» оқу курсының білім мазмұнымен; қоғамдық-гуманитарлық бағдарлы мектепке (сыныпқа) арналған «Құқықтану негіздері» оқу курсының білім мазмұнымен айқындалады.
Қазіргі кезеңдегі құқықтық білім беруде құқықтық тәрбие мен білім берудің тұтас жүйесін құру қажеттігі туындайды, Бұл салада әр категория халықтарының білім берудегі, кәсіби және жас аралық ерекшеліктерін ескеру маңызды. Құқықтық білім берудің бұрынғы концепциясы негізінде жаңа қоғамдық өмірге лайықталған концепциясын құрастыру қажет немесе оның негізі мынадай принциптерді алған жөн:
- құқық нормаларында адами құндылықтарды дәріптеу;
- конституция мен заңнамада құқықтарды міндеттермен ажырамас бірлікте қарастыра отырудың негізінде тұлғаның бойында жоғары руханилықты тәрбиелеу;
- жан-жақты мемлекеттік қолдау арқылы әлеуметтің құқықтық білімділігі мен құқықтық ағартуын қамтамасыз ету.
Түбінде құқықтық мемлекет құруды мақсат ететін әрбір мемлекет азаматтарына құқықты оқытуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс, оқыту бағдарламаларын кеңейтуге, құқықты оқытуға бөлінетін сағат саны мен құқықтық әдебиеттерді көбейтуге, құқықтық тәжірибені дамытуға мүдделі болуы керек. Балаларға мектеп жасынан қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, өзгелердің ар-ожданын құрметтеуге үйрету арқылы құқықтық білім беру керек.
Жалпы құқықтық білім берудің негізгі мақсаты заңды құрметтеуді қалыптастыру және өмірлік практикада белсенді пайдалана білу. Бұл білім міндеттерден тұрады: қол жетерлік (жас ерекшеліктеріне байланысты), жүйелілік, практикалық маңыздылығы құқықтық білім беруде екіге бөлінеді:
- Жалпы азаматтық құқықтық білімдерді меңгерту.
- Кәсіби қызметіне байланысты құқықтарды меңгерту.
Біріншісі - жалпы білім беретін орта мектептерде шешілсе, екіншісі-кәсіби-техникалық, арнайы орта және жоғары оқу орындарында.
Құқықтық білім берудегі міндеттерді шешуде орта және жоғары мектептерде жастарға құқықтық білім беру және тәрбиелеу мәселелері құқық пәндері бойынша ғылыми өңделген, жан-жақты теориялық базасы жағынан жабдықталған және әдістемелік білім беру жағынан қамтылғаны қажет.
Жастардың құқықтық өмірге ұмтылуы демократиялық қоғамның қозғаушы күші десек, ал оның тірегі азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі болып табылады. Ендеше, жастарға құқықтық білім берумен, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ісі - мемлекет алдындағы аса маңызды стратегиялық мәні бар бағыттардың бірі.
Құқықтық мемлекет – ұзақ тарихи дамудың жемісі. Ол үрдіс күрделі, қиын, әрі сан – салалы, мол қаржыны, жалпы мемлекеттік деңгейдегі ұйымдық – құрылымдық шараларды, бүкіл педагогтар, зиялылар қауымының қажыр – қайратын, рухани ізденістерін қажет етеді. Демек ел, ұрпақ тағдыры үшін маңызы мен жауапкершілігі айрықша білім беру ісіне барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың бетбұрысы, қамқорлығы керек.
Мектепте құқықтық тәрбие беру үрдісін 1-4 сыныптар, 5-8 сыныптар, 9- сынып, 10-11 сыныптар деп кезең-кезеңмен өткізу керек.
1-4 сыныптар; Алғашқы құқықтық ұғымдармен танысады,яғни бастауыш сыныптарда адамгершілік тәрбиесіне баса көңіл бөлінеді. Содан кейін әркімнің өз істеген ісіне жауапкершіліктің болатыны түсіндіріледі. Мысалы олар мектептің өздеріне бұрын беймәлім ішкі тәртібін меңгереді, мғндеттерін ұғынады, алғашқы қоғамдық тапсырмаларды орындайды.( кезекшілік, санитарлар). Осы әрекеттер барысында оларда сынып, мектеп алдында жауапкершілік сезімдері қалыптасады.
5-8 сыныптар; Бастауышта алған құқықтық білімді жетілдіреді. Қазақстан Республикасы заңдары туралы жалпы мағлұмат алады, азаматтардың негізгі құқықтары және міндеттерімен танысады, қоғамдық жерлердегі ережелерді түсініп, талқылап, сақтайды. Оқушылардың саналы әрекеті қалыптасады. Тәртіп бұзушылыққа төзбеу, жеке жауапкершіліктің қалыптасуы ( қоғам алдындағы жауапкершілік. Құқық бұзушылық салдарынан арнайы мектептерге мәжбүрлеп жғберу мүмкіндігі).
9 – сынып; Арнайы құқық негіздері курсы оқылады;
10 – 11 сыныптар; Мемлекет және құқық мәселелері бойынша теориялық тұрғыдағы мәселе қозғай алады. Құқықтық жағдайлар мен айғақтарды нақты өмір жағдайларымен байланыстырады. Адамдардың әрекетіне баға беру, құқықтық дағды қалыптасады. Қоғамға қарсы әрекеттен сақ және оны болдырмауға тырысады. Дүние танымы қалыптасып, құқықтық мәдениеті өсе түседі.
Мектепте оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бір жақты ғана болмауы керек. Сондықтан оның сабақтан тыс нысандары бекітіледі. Мысалы: - Мектеп жарғысымен танысу;
- Мектеп заңдарын қабылдау. Оны қабылдау барысында оқушыларға кең мүмкіндіктер беру. Аталған шараларға оқушыларды мейлінше көптеп тарту;
- Жыл сайынғы құқықтық апталық өткізу. Оның жоспарын жүйелі түрде жасау.
- Құқықтық тақырыптағы айлық өткізу. («Балаларды нашақорлықтан қорғау»).
- Құқық тақырыбында Көңілді тапқыштар клубын ұйымдастыру. («Адам және заң», «Заң және біз», «Темекі соты», «Түсініксіз жастар» т.с.с.).
- «Қиын» балалармен тұрақты тазарту Кеңестің жұмыс істеуі. (Ата-аналарды, әр түрлі санаттағы оқушыларды кеңестің жұмысына қатыстырып отыру керек).
- Құқық қорғау органдарының қзметкерлерімен кездесулер ұйымдастыру.
- Құқықтық үйірмелердің жұмыс істеуі. («Жас заңгер», «Құқықтынушы»). Үйірме белсенді оқушылардың қатысуымен құрылып, тұрақты жұмыс атқаруы керек.
- Құқықтық ақпараттық орталықтың жұмыс істеуі. Оның арнайы бұрышы болуы керек. Стенділер, құқық тақырыбындағы қажетті басылымдар бір жерге шоғырлануы қажет. Оны тек құқық пәнінің мұғалімдері ғана емес оқушылар да пайдалана алатындай жағдай туғызылу керек.
- «Бала құқығы» педагогикалық Кеңесінің жұмыс істеуі. Оның мақсаты бала құқығына қатысты құжаттармен оқушыларды таныстыру және оның іске асырылуын қадағалауға баулу.
- Құқық тақырыбында сынып жетекшілерінің семинарлар өткізуі.
- Құқықтық білім олимпиадасын ұйымдастыру. Ол жыл сайын дәстүрге айналуы керек.
- Құқық білгірлерінің конкурсын ұйымдастыру.
Аталған шаралар бойынша оқушы жастарды құқықтық оқытудың мәнісі- құқықтық білім алуды үздіксіз және кезең-кезеңмен ұлғайту және тереңдету, заңды құрметтеу дәстүрін қалыптастыру болып табылады. Бұл, қоғамда келеңсіз жағдайларды болдырмауға көп себебін тигізеді. Құқықтық жұмыстардың сапасын арттыруда мына үш компоненттің бірлігі қажет. Олар: құқықтық білім беру; құқық қорғау органдары, жастар ұйымы. Қорыта келе құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуі керек.
Н.С.Газизова
педагогика ғылымдарының кандидаты