«Ауыл аманаты»: жаңа жұмыс орындары ашылды
Шығыс өңірінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде субсидиялау бағдарламалары және жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары іске қосылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылдың бес айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 10,4 млрд теңге инвестиция салынды. Агроөнеркәсіптік кешен аймақ экономикасының негізі болып саналады. Себебі облыс сүт, күнбағыс майы, бал өндірісі бойынша алдыңғы орында. Ал ет өндірісі бойынша елде екінші орын алады. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова айтты.
Облыс құнарлы топырағымен ерекшеленіп, су қоймаларына, егістік жерлер мен жайылымдарға бай. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 91,2 млрд теңге болды. Өсімдік шаруашылығындағы өсім 100 пайызға, мал шаруашылығындағы өсім 102,9 пайызға тең.
Бүгінде тауарлы сүт фермаларын салу және қайта жаңарту секілді ірі инвестициялық жобаларға жеңілдетілген, бюджеттік несие беру бағдарламасы бойынша 10 млрд теңге бөлінген. Қазір 6 жоба іске асып жатыр. Аталмыш жобалар іске асқанда сүт өндіру көлемі жылына 40 мың тоннаға артып, жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін 60 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады.
Сонымен қатар көктемгі егіс жұмыстарының қарқынын арттырған, диқандар үшін ыңғайлы «Кең дала-2» бағдарламасына ел бойынша бүгінге дейін 300-ден астам кәсіпкер қатысса, соның 35-і – біздің өңірдің диқандары. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға биыл ел бойынша 140 миллиард теңге бөлінген. Жеңілдетілген несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарынан, екінші деңгейлі банктерден, кредиттік серіктестіктерден, микроқаржы ұйымдарынан және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы алуға болады. Қарыз алушылар үшін жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз деңгейінде болады. Бұған дейін фермерлер пайыздық мөлшерлемені қысқарту үшін және субсидия алу үшін жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларына жүгінуге, жаңа міндеттемелерге қол қоюға, қаржының бөлінгенін күтуге мәжбүр болған. Кепілге қоятын мүлік іздеп қажет емес, қарыз сомасының 85 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіреді.
Аталған кредиттік қаражаттың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға жергілікті бюджеттен 2,185 миллиард теңге, қарыздарға кепілдік бергені және сақтандырғаны үшін «Даму» қорының комиссиясын субсидиялауға 1,239 миллиард теңге бөлінді. Қаржыландыру жоғары сапалы жұмыстарға, соның ішінде топырақты дайындауға және ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсетуге, қажетті материалдарды, тұқымдарды, тыңайтқыштарды сатып алу үшін қажет.
Иә, ауыл шаруашылығын қолдау, жұмыс орындарын ашу үшін қосымша қаражат бөлініп, қажетті жеңілдіктер жасалып отыр. АӨК дамытуға субсидияның да көмегі зор. Биыл өңірдегі шаруаларға субсидиялаудың 9 бағыты бойынша 27,2 миллиард теңге бөлінген. Демек асыл тұқымды мал басын көбейтуге, егін шаруашылығының көлемін арттыруға, ескірген техникаларын жаңартуға сеп болмақ.
Қуаныш Рахметоллаұлы