KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Орман қорғаны: еңбек адамдарының ерен ісі

Фото: pexels.com

9.12.2024, 17:30 15 Гульжан Мусина

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде табиғатты қорғау мен еңбек адамдарының қоғамға қосқан үлесін ерекше атап өтеді. Елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында орманшылардың рөлі айрықша маңызды екенін баса айтқан болатын. Атап айтқанда, орманшылардың күнделікті еңбегі мен табиғатты қорғаудағы жауапкершілігі қоғамның тұрақты дамуына тікелей ықпал етеді.

Кеңес дәуірінде күнтізбелерде құрметке лайықты мамандықтардың атаулы күндері белгіленген болатын. Құрылысшылар, шахтерлар, спортшылар сияқты мамандық өкілдерінің мерекелері атап өтілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл тізімге басқа да мамандықтар қосылып, жыл санап кеңейе түсті. Кейбіреулер бұл жаңашылдықты қолдаса, енді біреулері "Осының қажеті бар ма?" деп күмәнмен қарады. Дегенмен, кез келген еңбек адамдарының еңбегі атап өтуге лайық. Әрбір мамандық, әрбір жұмысшының төккен тері мен күш-жігері құрметке ие болуы тиіс.

Орман шаруашылығы саласындағы жұмысшылардың еңбегі қоғам үшін беймәлім күйінде қала беретінін мойындауымыз керек. Орманшылардың әр күні қауырт тірлікке толы. Олар орман алқаптарын өрттен, зиянкестерден, заңсыз кесуден қорғау үшін аянбай еңбек етеді. Орман тек ағаштар мен өсімдіктердің жиынтығы ғана емес, бұл – еліміздің экожүйесін теңдестіріп, табиғи ресурстарды сақтап қалуға көмектесетін маңызды орта. Қазақстанның, әсіресе Шығыс өңірінің орман алқаптары табиғатымыздың байлығы ғана емес, ұлт болашағының кепілі.

Соңғы жылдары орман өрттері әлем бойынша үлкен мәселеге айналып отыр. Орманшылар осы қауіппен күресуде алдыңғы шепте жүреді. Жаздың аптап ыстығында да, қыстың қақаған суығында да олар орманды қорғау міндетін үздіксіз атқарады. Бұл мамандықтың қиындығы мен жауапкершілігіне кез келген адам шыдай бермесі анық. Сондықтан орманшылардың еңбегін бағалау – олардың рухын көтеріп, жұмысын жоғары деңгейде жалғастыруға демеу болады.

Қазақстанда орманшылар табиғатты қорғау ісімен қатар, жасыл желекті көбейту, орманды қалпына келтіру жұмыстарына да ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысында орман шаруашылығы саласындағы мамандардың күшімен көптеген гектар аумақта жаңа ағаштар отырғызылып, табиғатқа жаңа тыныс берілуде. Олар тек экологияны сақтап қана қоймай, табиғатты келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруда.

Орманшылардың еңбегі – еліміздің табиғатын қорғау жолындағы ерен үлгі. Қоғамның әр мүшесі осы еңбекке құрметпен қарап, табиғат байлығын сақтауға өз үлесін қосуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, табиғатты қорғау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Орманымыз отқа оранбасын десек, орманшылардың еңбегін бағалап, қолдауымыз қажет.

Шығыстағы орман қорының ауданы 2,9 млн.га  құраса, оның 1,6 млн.га орманмен жабылған. Оның 2,1 миллион гектары облыс әкімдігінің қарауындағы жер көлемі, 1,2 млн.га орман алқаптары. Негізгі еліміздегі барлық ағаш қорының 40%-ы Шығыс Қазақстанда шоғырланған көрінеді.

Орман жамылғысы облыс аумағының 16,5% құрайтын болса, соның негізгі орманды құрайтын түрлері – қарағай, қарағай шыршасы, шырша, балқарағай және көктерек, қайың, терек. Бүгінгі таңда облыста орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты 3 ерекше қорғалатын табиғи аумақ және 13 мемлекеттік орман шаруашылығы коммуналдық мекемесі бар. Оның негізгі міндеттері ормандарды өрттен және рұқсатсыз кесуден қорғау, жыл өткен сайын орман алқаптарын молықтыру және орманды қорғау шаралары болып табылады.

Қатерлі мамандық

Осындайда: «Орманшы болу оңай ма немесе орманшы мамандығы қаншалықты қызықты?» деген сауалдардың туындайтыны да рас. Біз осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін ұзақ жылдар орман шаруашылығы саласының ыстығына күйіп, суығына тоңа білген, сөйте жүріп жыл өткен сайын тәжірибелерін молықтырып, еліміздегі орман шаруашылығын түрлі себептен төнетін қауіп-қатерлерден қорғап, өсіп-өркендеуіне үлестерін қосқан орманшыларды сөзге тарқан болатынбыз.

Межелхан Нұрғалиев, орманшы: Өскемен орман шаруашылығы.

- Мәке, орманшы мамандығын қашан және қалай таңдап жүрсіз?

- Ең алғаш Өскеменге 1989 жылы көшіп келген едім. Сол жылы біраз жылдардан бері орман шаруашылығында жұмыс істейтін досым Ерлан Минязов өзіне жұмысқа шақырды. Содан бері осы саладамын. Орманшы болғаныма еш өкінбеймін, мамандығым өзіме ұнайды. Осы аралықта не бір қуанышты да, көңіл мұңайтарлық та оқиғалар болды, әрине. Бірақ, қандай жағдай орын алса да жұдырықтай жұмылған ұжымның ұйымшылдығының арқасында жол тауып тығырықтардан шығып отырдық. Ұйымшылдық жағынан ұжымыма өте ризамын.

- Қазір зейнет демалысында жүрсіз бе?

- Негізі зейнет демалысына шыққам. Алайда, басшылықтың келісімімен жастарға тәжірибеммен бөлісу мақсатында әлі де болса бұрынғы жұмысымды істеп жүріп жатырмын.

- Орман өрттерінің шығу себептері көбінесе қандай жағдайларда орын алып жатады?

- Орман өртінің шығуына мына жағдай себеп болды, -  деп бір жақты қарауға болмайды. Негізінен өрттің шығуына адами және табиғи фактор себеп болатындығын өздеріңіз де білесіздер. Табиғат аясына демала келгендер арасында да неше түрлі адамдар болады. Көбінесе жаққан оттарын толық өшірмей кету, темекі тұқылын немесе сіріңкенің шиін толық сөндірмей тастай салу, от жағып жатқан кезде аяқ астынан желдің көтеріліп кетуі, ішімдік ішіп ап қалай болса, солай от жағу, міне осының барлығы да орман өртінің шығуына басты себептердің бірі. Сондықтан табиғат аясына демала барған жандарға от жаққанда, шылым шеккенде т.б. өртке себеп болатын факторларға өте абай болуларын сұраймын.

- Орманшыларға деген қандай да бір жеңілдіктер бар ма?

- Мүлдем жеңілдік берілмейді деп айтуға болмайды. Орманшыларға кезек-кезегімен шипажайларға, демалыс орындары мен денсаулық сақтау мекемелеріне жолдамалар беріп тұрады. Жалақыларымызды көтеріп жатыр.

- Бір жылдары орман өртенген кезде «Қажетті техникалар талапқа сай болмай шықты!» деген әңгімелер айтылған еді, қазіргі жағдай қалай?

- Орман шаруашылығындағы жетіспеушіліктерге келетін болсақ, «Бізде бәрі жеткілікті, керек-жарағымыздың барлығы бар, бір сөзбен айтқанда бес қаруымыз сай!» деп жалған айтуға болмайды. Бізде әлі де болса өрт сөндіруге арналған техникалар, жер өңдейтін шыншыр табанды тракторлар, оған қажетті агрегаттар жетіспейді. Осының бәрін ескере келе әрбір орманшаруашылығын қажетті құрал-жабдықтармен дер кезінде қамтамасыз етіп отыратын орталықтар құрылуы керек деп ойлаймын.

- Жастар жағы орманшы мамандығына қызыға ма?

- Жастар жағы бұрындары орманшы мамандығына аса көп қызықпайтын. Соңғы жылдары орманшы мамандығының аса жауапкершілікті қажет ететіндігін, сондай-ақ, үнемі қауіп-қатерлі жағдайларға тап болып жататындықтарын ескеріп жалақыларын әжептәуір көтерген. Сондықтан да болар, қазір орманшы мамандығына қызығушылық танытатын жастарымыздың қатары күн санап көбейіп келеді. Жас мамандарға білгенімізді үйретіп, ұзақ жылғы тәжірибемізбен бөлісуге әрқашан да дайынбыз, – дейді осы салада 30 жыл еңбек еткен тәжірибелі орманшы Межелхан Нұрғалиев (суретте).

Ажалмен арпалысқан азамат

Бүгінгі кейіпкеріміздің енді бірі Катонқарағай ауданына қарасты Белқарағай ауылының тумасы Арай Атантаева.

- Менің орманшы мамандығын таңдауыма бірден-бір ақыл-кеңес берген әкем Сатыбалды. Әкемнің ақылымен 2000 жылы Лениногор аграрлық-техникалық колледжінің күндізгі бөлімін, 2006 жылы Қазақ ұлттық-аграрлық университетін сырттай тәмамдап орманшы-инженер мамандығын алғанмын. Содан бері осы салада еңбек еткеніме 20 жылдан асты. Үш балам бар, - дейді Риддер орман шаруашылығының инженері Арай Сатыпалдықызы.

- Есіңізде қалған қандай да бір уақиғаны айтып бере аласыз ба?

- Естеріңізде болса, 2021 жылы Риддер қаласына жақын орналасқан ауылдардың бірінің дәл іргесінен өрт шыққан болатын. Мен сол кезде аяғым ауыр, айым-күнім таяп тұрған. Өрт басталған кезде сол жерде болып жатқан жағдайға рациямен көмектесіп отырдым. Жолдасым шыншыр табан трактормен өрттің жайылып кетуіне жол бермей екі ортаға жолақ сап жер жыртып жүрген. Бір кезде ауылдың екінші жақ шетіне өрт таяп қалды деген хабарды ала сап, сол жаққа кетті. Біраз уақыт өтті, келетін уақыты болса да, әлі жоқ...

Негізі, «Алла тағала адамға келе жатқан қауіп-қатерді алдын-ала сездіріп тұрады деген рас па?!» деп қалдым. Осы кезде бір беймәлім күш мені орнымнан жұлып алғандай болды. Орманшыларда арқаға асатын рюкзак секілді су құятын арнайы сөмке болады. Сол сөмкенің біреуін ала сап, жолдасым жер жыртам деп кеткен ауылдың екінші жағына тұра жүгірдім. Құдай сездірген екен. Барсам трактор сөніп қап, жолдасым жалаңдаған қып-қызыл оттың ортасында қалып қойыпты. Дереу суды шашып, білген көмегімді көрсетіп жатыр едім, абырой болғанда трактор оталып кетті. Осылайша бір ажалдан аман қалғанымыз бар.

- Жас мамандар бар ма?

- Жас мамандар мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Жақында ғана Шығыс Қазақстан техникалық университетінен үш студенті келіп орналасты. Оларды өзім қабылдап алдым. Енді соларға білгенімді үйретіп, тәжірибемізбен бөлісіп жатырмын.

- Орман шаруашылығы саласында техникалық жаңару, толықтыру деген үрдіс бар ма?

- Бізге күнделікті жұмысқа киюге, өрт сөндіруге арналған киімдерімізді, ағашты кесуге, жер қазуға т.б. арналған құрал-жабдықтарды уақытында беріп тұрады. Алатын жалақыларымызды да көтеріп жатыр. Бір ғана «әттеген-айы» ол – техникаларымыздың ескілігі. Техникалардың тозығы жетіп, әбден  ескірген. Қайсыбірінің жұмыс істеу уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. Мемлекет осы жағын ескеріп, бүгінгі заман талабына сай техникалармен қамтамасыз етіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Міне, қадірлі оқырман, «Кез келген жұмыстың, я болмаса, мамандықтың өз қызығы мен шыжығы, машақаты мен мақтанышы бар» дегендей, орманшы болудың да оңай-оспақ шаруа емес екендігіне көз жеткіздік.

Естіп-біліп жүргеніміздей қаншама орманшылар заңсыз тоғай кесіп, заңсыз аң аулаған қылмыскерлердің қолдарынан мерт болды?! Қаншама орманшы айналасын жалмаған қып-қызыл өрт – тілсіз жаумен алысам деп жарық дүниемен қоштасты.

Сол адамдардың, яғни, орманшыларымыздың қауіп пен қатерге толы орасан еңбектері ескерусіз қалмаса екен.

 Серік Құсанбаев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу