Металлоломды заңсыз жинаумен қалай күресуге болады?
Жуықта редакциямызға хабарласқан өскемендік тұрғын металлоломды заңсыз жинаумен қалай күресуге болады, егер бұл мәселеге ешкім назар аударғысы келмесе деген өзекті тақырыпты көтерді. Шынында да, қазір далада шашылып жатқан темір-терсекті көрмейміз. Тіпті сыраның қаңылтыр құтыларына дейін жинап, өткізетіндер бар. Бір жағынан, маңайымыздың керексіз металл сынықтарынан таза болғаны қуантады. Алайда таяқтың екінші ұшы бар демекші, қара металл өткізушілер қоршаулар мен кабельдерге, кәріз люктарына ауыз сала бастағаны алаңдатпай қоймайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінен ресми сауалымызға жауап ретінде келген мәліметке сүйенсек, жыл басынан облыс аумағында аула қоршауларын ұрлаудың төрт фактісі тіркеліпті. Алайда оның екеуінде тараптардың татуласуы бойынша ешқандай іс қозғалмаған.
Тапсырылған қара және түсті металдардың қандай жолмен келгендігін жергілікті полиция мен криминалдық полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыс жүргізу кезінде және қозғалған қылмыстық іс аясында тексеруге тиіс екен. Сонымен қатар, металл тасымалдаушылар мен қабылдаушылар арасында профилактикалық жұмыс Ішкі істер министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған «Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл» жөніндегі ведомствалық бағдарламасының жоспары аясында жүргізіледі. Алайда өңірде осы бағытта нақты қандай жұмыстар жүргізілгені туралы ақпарат түспеді.
Енді лицензия талап етіледі
Біз облыс орталығында металл сынықтарын қабылдайтын қанша пункт тіркелгені, жеке кәсіпкерлермен қандай жұмыстар жүргізілетіні туралы мәліметті алу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына ресми сұрау салған едік. Басқарма басшысының орынбасары О.Григорьеваның қолымен келген жауаптан түсінгеніміз, осы уақытқа дейін өңірде бизнестің осы түрімен нақты қанша жеке кәсіпкер айналысып отырғаны туралы есеп жоқ екен. Өйткені биылға дейін түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу қызметімен айналысатын заңды тұлғалардан бизнестің осы түрімен айналысамын деген хабарлама ғана талап етіліпті. Алайда жағдай биылдан бастап өзгереді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы №473 қаулысына сәйкес бизнестің осы түрімен айналысатын заңды тұлғалар енді лицензия алуға тиіс. «Бұл шара осы саладағы бақылауды жақсартуға бағытталған, бұл тіркелмеген субьектілердің қызметін тоқтатуға мүмкіндік береді», дейді заңнаманы қабылдаушылар.
Осы қызмет түрі үшін екінші санаттағы рұқсаттарды жергілікті атқарушы органдар береді. Осы мемлекеттік қызметті көрсету Қағидалары Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 327 бұйрығымен бектілген және ағымдағы жылдың оныншы қазанынан бастап қолданысқа енгізілді. Рұқсат беру бойынша қызмет он бес жұмыс күнінде көрсетілуге тиіс. Қазіргі уақытта басқарма осы бағыт бойынша жұмыстар жүргізуде, - деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында.
Темірді қайдан алғаныңыз маңызды емес
Біз интернетті ашып қалып, Өскемен қаласында металл сынықтарын қабылдайтын отыз бір пункт бар екенін санап шықтық. Бұл, әрине, бізге көрінгені ғана. Біреуіне телефон шалып, металл тапсырғым келетіні туралы айттым. Өзін Қайрат деп таныстырған жігіт еш қысылмастан қандай металлды қандай бағамен қабылдайтынын жайып салды. Мыстың бір килограммын -3100, тот баспайтын болат -350, жез -1700, дюраль -550, қорғасын -450, победит-металдардың қорытпасы – 6000, қара металл – 5065, сыра құтылары – 300, мырыш – 200 теңгеден алады.
– Егер мен ауланың қоршауын немесе кәріз құдығының қақпағын әкелсем, қабылдайсыздар ма?
– Маған сіздің оны қайдан алғаныңыз маңызды емес. Тіпті темір жолдың рельсін әкелсеңіз де, аламыз. Кейбіреулер сыраның қаңылтыр құтыларын жинайды, бір қап әкелсе, кемінде бес-алты килограмм тартады. Оның келісін 300 теңгеден қабылдаймыз. Сізде қанша шикізат бар? Егер көп болса, өзіміз де алып кетеміз.
– Менде әзірге ештеңе жоқ, енді жинастырып жүрейін, - деп тұтқаны қоя салдым.
Бизнестің осы түрінен хабары бар адамдардың айтуынша, кәріз құбырлары, рельс сияқты металдарды ірі компаниялар ғана қабылдайды, өйткені ұсақ қабылдау пункттері сосын бұл шикізатын ешқайда өткізе алмайды. Шағын пункттер үйдің темір жиһаздары, ыдыс-аяқ сияқты майда-шүйделерді қабылдай береді.
Михаил қазір саяжайларда кейбір аулаларда темір-терсектердің үйіліп жататынын айтады. Оның топшылауынша, иелер өз үйінің ауласын темір қабылдауға жалға беріп қойған сияқты. Көршім бұл бір жағынан адам денсаулығына экологиялық тұрғыдан зиян екенін, екінші жағынан ұрлықтың көбеюіне де жол ашып отырғанын айтады.
Ал нормативтік актілерге сәйкес, қара және түсті металды қабылдаумен айналысуға меншігінде өндірістік алаңдары бар заңды тұлғалар ғана құқылы. Қабылдау орындары өнеркәсіптік аймақта орналасуы керек және магниттік шайбамен, кранмен, автомобильдермен жабдықталуы талап етіледі. Қара металды қабылдау пунктінің аумағы кемінде 1000 шаршы метр болуы керек, түсті металды қабылдау үшін одан да көп жер қажет.
Түйін
Сонымен мақаламыздың басындағы «заңсыз металлолом қабылдауға қалай тосқауыл қоюға болады?» деген сауалымызға қайта оралсақ. Темірдің жерде шашылып жататын заманы өтті. Тапсырылып жатқан металл сынықтарының ұрланғанын, оның үстіне жұмыс істеп тұрған нысандардан жымқырылғанын көп адамдар сезеді. Бұл қылмыстың түбіне балта шабу үшін салынатын айыппұлдардың мөлшерін бірнеше есе көтеру керек. Меніңше, қалтасына ауыр салмақ түскен адам ғана жауапкершілікті сезінеді.
Айна Ескенқызы