KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Қазақстанның алтын баласы

6.12.2024, 17:30 102 Гульжан Мусина

Он төрт жасында Мәскеуді «мен — қазақпын, менің бабаларым шетінен алып тұлғалы, батыр болған» деп шулатқан, он бес жасында Америкада өткен ерекше жандарға арналған XIV Бүкіләлемдік Special Олимпиадада ат спортынан алтын, күміс және қола медальдардың жиынтығын қанжығасына байлап қайтқан өскемендік Диас Ескермесовты сол кезде республикалық басылымдар «Қазақстанның алтын баласы» деп, жар салды. Ерекше бала Диастың ат спортында жеткен жетістіктері туралы кезінде «Дидар» газетінде де жазғанбыз. Сол алтын жасөспірім қазір қайда жүр екен? Болашаққа деген үміті зор, армандары асқақ еді, мақсаттарына жете алды ма?

Біз іздеу салып жүріп, Диас Ескермесовты Өскемен қаласындағы №3 халыққа қызмет көрсету орталығынан таптық. Бүгінде жиырма беске келген Диас Мұратұлы осы жерде білдей маман екен. Біз Диаспен және анасы Майгүл Қайсархановамен жолығып, әңгімелерін тыңдап қайтқан едік.

Министрге дейін хат жаздым

- Есіңізде болар, сол жолы біздің алдымызда ары қарай не істейміз деген мәселе тұрды. Ең бастысы – ұлымның білім алуы еді. Диас қосымша бағдарламамен үйден оқыды. Алайда оған бағдарламаны тыңдады деген анықтама ғана береді, онымен ешқандай колледжге түсе алмайды екен. Мен оның қабілеті осындай диагнозы бар құрбыларынан әлдеқайда ілгері екенін көріп жүрдім. Сосын Ахмер мектебінің зейнетке шыққан мұғалімдерін жалдап, өзім үйден қосымша оқыттым. Математика, химия, физика пәндерінен жалпы мектептің үшке оқитын оқушысынан кем емес хабары болды. Өскемен қалалық №1 музыка мектебін қызылмен аяқтады, фортепианода ойнайды, ән айтады. Сөйлейді, ақыл-есі дұрыс. Өзіне-өзі қызмет көрсетеді, жаттығуынан қалмайды. Осындай балама ары қарай оқуды жалғастыруға мүмкіндік бермегенді мен әділетсіздік деп санадым. «Дидарда» жарияланған мақаланы басшылыққа алып, министрге дейін хат жаздым, – дейді Диастың анасы.

Айтуға оңай, бірақ анасының жанкештілігі болмаса, Диас Ескермесовтың дәл бүгінгідей қоғамның толыққанды мүшесі болуы екіталай еді. Диастың бағына қарай, сол жылы инклюзивті білім беру мәселесі көтеріле бастайды. Республикалық алқалы жиында жоғары мінберден ерекше балалардың барлығына жалпы мектепте оқуға мүмкіндік беру туралы айтылады. Біздің облыста мүмкіндігі шектеулі балаларға деген оң көзқарас осы Диас Ескермесовтан басталды десек, артық емес шығар. Облыстық білім басқармасының сол кездегі басшысы Айжан Садықованың нұсқауымен Диастың құжаттарын қайта қараған кезде, «жеке ісі» папкасынан оның емес, басқа құрбыларының салған суреттері шығыпты. Комиссия мүшелері баланың дамуындағы оңды өзгерістерді елемей, бір диагнозды жылдан-жылға қайталап, қоя берген. Салалық басқарманың басшысы Айжан Ермаханқызының қолдауымен Диас Ескермесовты №19 жалпы білім беретін орта мектепке алады.

Екі қарындасы қос қанаты

«Мен ұлыма сенімді болдым. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң мамандық таңдау еркін өзіне бердік. Баламның үш бағытта оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болды. Музыка мектебін қызылмен аяқтаған соң ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжін, спорттағы жетістіктерінен кейін ШҚУ-дің дене шынықтыру мамандығы бойынша және қызмет көрсету саласы колледжін таңдауына болды. Бала кезінен санасына «Диас, сен тұлғасың, ақыл-есің толық, қарындастарыңның арқа сүйер қорғанысың» деп құя бердім. Үйге қандай қонақ келмесін, төрдің басында Диас отырады. Музыкадан білімі бар, ат спортынан Әлем чемпионы, қол күресінен спорт шеберлігіне үміткер. «Балам, біз үнемі қасыңда бола бермейміз, өз таңдауыңды жаса» дедік. Ұлым ойлана келе, «мен нотаны танимын, спорттан да қара жаяу емеспін, маған келешекте отбасымды асырайтын мамандық керек» деп бағдарламашы болуды қалап, қызмет көрсету саласы колледжін бітірді. Өте риза болдым, көзіме еріксіз жас келді. Кейін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін өмір қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мамандығы бойынша оқып шықты. Дипломдық жұмысын ешкімнен сатып алмады, көшірген жоқ, таза өз еңбегі. Тақырыбын өзі істейтін халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратындағы қауіпсіздікпен байланыстырып, ғимараттың схемасын ескере отырып, жер сілкінісі болса, өрт шықса, қалай іс-әрекет ету керектігін зерттеп, беске қорғап шықты. Комиссия мүшелері денсаулығын ескеріп, «отырып айта беріңіз» дегендеріне қарамай, ұлым көзілдірігін бір түртіп, ортаға шықты. Ешбір қысылмай, сұрақтарына жауап беріп, 96 балл жинап, беске қорғады. Мен әдеттегідей көз жасыма ерік беріп, жылап тұрдым. Қазір жұмысын істеп жүр, төрт жыл бойы үздік маман болып келеді. Салықтың «кірістер және банкроттық» қысқаша академиялық курсын оқып алды. Үйдегі екі қарындасы – қос қанаты. Олардың да ағасы дегенде көңілдері ерекше. Жұмысқа киетін киімдерін дайындап, Диана сабағын қадағалап, кенжеміз еркелігімен өзіне көңілін аударып, үшеуі мәре-сәре болып жатады. Дианамыз қалалық полиция басқармасында криминалист, кенже қызымыз мектепте оқиды. Диастың оқуда жеткен жетістіктері сол Диананың талапшылдығының арқасы деп те ойлаймын. Ағасын өрге сүйреп, «сенің қолыңнан келеді» деп, мотивация беріп жүреді құлыным. Диастың әкесі Мұрат Қайсарханов ұзақ жылдар облыстық әділет басқармасында қызмет істеген, қазір зейнеткерлікте. Аллаға мың шүкіршілік айтамын».

Адамдарға көмектесу мен үшін үлкен бақыт

- Мен қазір аптасына екі рет Винное ауылындағы ипподромға барып, жаттығамын. Бұрын өзімнің жеке «Карлик» атты атым болды, бойы да аласа, отырып-түскеніме ыңғайлы болған. Кейін асау «Персей» атпен жаттықтым. Ол менен басқа ешкімге бағынбайтын. Қазір екеуі де жоқ. Жануарлар балалардың ауруын өздеріне тартып алатын болса керек, «Карликтің» бауыры ісіп кетті, «Персей» де қартайды. Қазір қай ат бос болса, сонымен жаттыға беремін. Республикалық сайыстарға жылда барам, бұрынғыдай алтын жүлдемен оралып жүрмін. Параолимпиадаға қатысу үшін қазір комиссиядан өтіп, диагнозымды қайта қарады, бұрынғы диагнозбен тек Special олимпиадаға қатысуға болатын. Болашақта параолимпиададан да ең биік тұғырға көтерілу – арманым. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Адамдармен қарым-қатынас орнату, оларға көмектесу мен үшін үлкен бақыт, – дейді Диас Ескермесов.

Анасының айтуынша, Диас қайырымдылық шаралардан қалыс қалмайды. Қайырымдылық кештерде концертке қатысып, жиналғандарды өнерімен сүйсінтеді. Айт, ораза кезінде өз қаражатына құрбандық шалып, оны өзі сияқты құрбыларының отбасына таратып береді екен. Диастың бала кезден Аңсар есімді досы болыпты. Екеуі кішкентайларынан бірге өскен, алайда Аңсар дертін жеңе алмай, өмірден ерте озып кетті. Майгүл Диас досын үнемі есіне алып, бір аят құранын бағыштауды ұмытпайтынын айтады.

Мүмкіндіктері шексіз жандар

– Диасты мен өзім жұмысқа қабылдап алғам, 2020 жылдан бері біздің ұжымда істейді. Қызметіне өте тиянақты, сабырлы, жұмысымыз халықпен тікелей байланысты қажет еткендіктен, адамдармен тіл табыса білу өте маңызды. Диас осы жағынан алғанда, өте кішіпейіл, келушілердің өтінішін мұқият тыңдап, шаруаларын тез тындыруға, құжаттарды дұрыс рәсімдеуге қол ұшын беруге әркез дайын тұрады. Ұжымда өте сыйлы, сонымен қатар спортқа бейім, ән айтатын да өнері бар. Біздің ұжым үшін өте бағалы қызметкерлердің бірі, – дейді Өскемен қаласындағы №3 халыққа қызмет көрсету орталығы бөлім басшысының орынбасары Жұлдыз  Слямбаева.

Жұлдыз Серікханқызы Диастың денсаулығын алға тартып, жұмыстан қалған не кешіккен кездері болмағанын, білікті маман екенін баса айтты. Төрт жылдың ішінде мінсіз үздік қызметі үшін басшылық тарапынан бірнеше рет алғыс хатпен марапатталған.

- Бізді Диастың жұмысқа күн сайын көтеріңкі көңіл-күймен, бар ынта-жігерімен келетіні сүйсінтеді. Жұмысын ерекше жақсы көретіні іс-әрекетінен бірден байқалады. Спортпен айналысып, үнемі өзін шыңдап, шынығып жүретіні де бізге үлгі-өнеге, - дейді әріптестері.

Аталмыш ұжымда Диастан басқа Жандос, Дидар сияқты ерекше жандар жұмыс істейді. Басшы олардың да білікті маман екендерін, денсаулықтарын сылтауратып, ешқашан жұмыстан қашпайтындарын, қызметтерін жауапкершілікпен атқаратындарын айтты. Оларға да дені сау қызметкерлерге қойылатын талаптар қойылады, еркелікке салынып, жұмыстарына атүсті қарау деген болмайды екен, сол себепті оларды мүмкіндігі шектеулі дегеннен мүмкіндіктері шексіз жандар деген дұрыс сияқты.

«Бала кезінен санасына «Диас, сен тұлғасың, ақыл-есің толық, қарындастарыңның арқа сүйер қорғанысың» деп құя бердім. Үйге қандай қонақ келмесін, төрдің басында Диас отырады. Музыкадан білімі бар, ат спортынан Әлем чемпионы, қол күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Қандай бала болмасын, дені сау немесе инклюзивті білім алатын, ата-анасы мектепте алған білімін үйде қадағалап, бекітпесе, ештеңе де шықпайды. Мектепте 45 минуттан алты сағатта не үйренеді? Оны мен кез келген ата-анаға айта аламын. Қазір өзім шағын орталықта әдіскермін, үшінші сыныпқа сабақ беремін. Әке-шешелеріне үнемі қайталаймын: телефонда отырмай, балаңызға уақыт бөліңізші, сонда бірдеңе шығады.»

Айна Ескенқызы

Фото: Аяужан Утеулинова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу