Есірткіге қарсы күрес қалай жүзеге асып жатыр
Фото: rybnoe.net
Қазіргі таңда нашақорлық пен маскүнемдік төрткүл дүниеде жаһандық қатер болып, бүгінгі күннің бас ауруына айналып отыр. Әсіресе, кейбір жастар мен жасөспiрiмдеріміздің уақытша «таңғажайып өмір» сыйлар есалаңдық жағдайдың құлы болып жүрген жайы бар. Қоғамда есірткі қылмысының таралу ауқымы, әсіресе оған жасөспірімдер мен жастардың үйірсектігі бәсеңдемей тұр. Адам өміріне балта шабатын, қалыпты тіршіліктің тұнығын лайлайтын қауіпті кеселмен күрес толастамауға тиіс. Өңірде мұндай дертпен күресуде бірқатар іс-шаралар легі ұйымдастырылуда,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстан Республикасындағы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «Қазақстан Республикасының психикалық денсаулық қызметін дамыту жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы» аясында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының үйлестіруімен атқарылуда.
Атқарылған іс-шаралардың қатарында:
- психикалық денсаулықты сақтау бойынша алғашқы көмек көрсету орталықтарының санын арттыру арқылы амбулаторлық және поликлиникалық қызметтің қолжетімділігін кеңейту;
- психикалық және мінез-құлық бұзылыстарынан зардап шеккен, соның ішінде психобелсенді заттарды тұтынған адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту қызметін дамыту;
- ШҚО аумағындағы жеке наркологиялық орталықтармен («Луч», «Чистый путь», «Феникс», «Данел», «Answer») және үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақтастықты күшейту шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар, әйел жынысындағы наркологиялық пациенттерді мәжбүрлі түрде емдеу мәселесі өзекті болып келген. Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, қазан айынан бастап, Өскемен қаласында, Мызы көшесі, 1 мекенжайында әйелдерге арналған 5 төсек-орын мәжбүрлі түрде нашақорлықтан емдеу үшін пайдалануға берілді.
Жоғарыда айтылғандай, жастар мен жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын есірткі қылмыстарының бірі – көшелердегі граффити жазуларын салу. Бір қараған адамға ол қабырғаға салынған әдемі жазу ғана болып көрінуі мүмкін. Алайда есірткі пайдаланатын адамдарға бұл «таптырмас» бағыт-бағдар. Яғни ол жерде есірткі сататын сайттардың атауы жазылады. Осы қылмыстарға қарсы күрес аясында қазір ел аумағында граффити жазуларды өшіру науқаны жүріп жатыр. Тәртіп сақшысы нашақорлықпен күресу профилактикалық және жедел шараларды қамтитын жүйелі көзқарасты қажет ететінін атап өтті. Осы тұрғыда жастар мен жасөспірімдер есірткі сатушылардың ықпалына көбірек ұшырайтын білім мекемелеріне ерекше назар аударылады.
Мәселен, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ және ШҚО полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттері мен басшылығы қатысты. Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан бәсекеге қабілетті дені сау ұрпақ қалыптастыру қашанда назардан тыс қалған емес. Бұл туралы ел Президенті Қазақстан халқына жолдауында да атап көрсетті.
Оқу орнының басшылығы мен полиция өкілдері жиналған студенттерді осы бастан денсаулықтарына салғырт қарамай, бойларын зиянды заттардан аулақ ұстауға шақырды. Айта кету керек, жыл басынан бері 270 профилактикалық іс-шара, семинарлар, дәріс пен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған.
Шығыс Қазақстан полицейлері Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күнінде Өскемен тұрғындарына есірткі құрдымға кетіретінін ескертіп, ерекше акция өткізді. «Есірткіге жол жоқ» деген жазуы бар 30 метрлік әуе шары облыс орталығындағы Ертіс жағалауында таңертеңнен екі сағаттан астам қалықтап, өзен бойымен серуендеп жүрген қала тұрғындарының назарын аударды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, есірткіге қарсы бағдарлама тек аспанда ғана емес, жерде де жүргізіліп, полиция қызметкерлері тұрғындар арасында салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын парақшалар мен жадынамалар таратты.
Тәртіп сақшылары нашақорлық пен есірткі тарату қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі екенін және ұлт денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.
Жыл басынан бері құқық қорғау органдары 19 есірткі қойып кетушісін ұстады, оның сегізі 25 жасқа дейінгі жас. ШҚО полициясы 60 келіден астам есірткі заттарын таратпақ болған қылмыстың жолын кесті.
Сонымен қатар, өткен айда есірткі зертханасы әшкереленді, онда шамамен 100 килограмм синтетикалық есірткі өндіруге болатын прекурсорлар тәркіленді.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысында Бас прокуратураның "Нашақорлыққа жол жоқ" жобасы жүзеге асырылуда.
Жасөспірімдер мен жастар арасында есірткіні қолданудың салдары туралы ақпараттарды кеңінен тарату мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығы облыс прокуратурасымен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, қалалар мен аудандарда профилактикалық іс-шаралары мен түсіндіру кездесулерін өткізуде.
Оқу жылы басталғалы Самар, Күршім, Марқакөл, Зайсан және Тарбағатай, Үлкен Нарын, Алтай, Катонқарағай аудандарында 300-ден астам жастардың қатысуымен профикалыктикалық кездесулер өтті. Бұл кездесулерге экономикалық тергеу департаменті мен "Антарес А" ҚҚ өкілдері де қатысып, экономикалық саладағы ықтимал тәуекелдер мен құқық бұзушылықтар туралы түсіндірді.
Жастар да күреске шақырады
Шығыс Қазақстан облысында полиция ұйымдастырған есірткіге қарсы акция өтті. Өскемен қаласының көшелеріне полиция қызметкерлері, «Аманат» партиясының өкілдері және белсенді студенттер шығып, тұрғындарға есірткісіз өмір салтын ұстану маңыздылығын түсіндірді.
Акция барысында полицейлер мен белсенділер қала тұрғындарымен әңгімелесіп, тыйым салынған заттардың адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіріп, ауыр жағдайларға әкелетіні туралы ақпарат берді. Тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылып, есірткіге қарсы жазулар салынған символдық шоколадтар берілді. Бұл кішкене қадамдардың мағынасы үлкен: олар әр адамның дұрыс таңдау жасай алатынын еске салады және мәселені шешуге назар аудартуға бағытталған.
Сонымен қатар белсенділер заңсыз жарнамаларды өшіріп, қаланың кей жерлерінде граффити салу арқылы Өскеменнің тазалығын сақтауға атсалысты.
Облыстық полиция департаменті осы акция аясында «Шығыс-Ұландары» атты жаңа студенттік есірткіге қарсы қоғамдастық құрылып жатқанын мәлімдеді.
Жастарды жаман әдеттерден бас тартуға және дұрыс жолды таңдауға шабыттандырған студенттер қоғамның қолдауына ие болды. Полицейлер барлық тұрғындарды есірткіге қарсы осы шараға қосылып, Өскеменді болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз әрі таза қала етуге шақырады.
Айта кету керек, есірткі құралдарының заңсыз айналымымен айналысатын азаматтар туралы ақпаратыңыз болса, кез келген уақытта «102» арнасына хабарлай аласыздар.