KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Туризм кеңесі: сала ШҚО-да қалай дамып келеді?

10.12.2024, 12:00 60 Гульжан Мусина

Өскеменде ШҚО Кәсіпкерлер палатасы туризм жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың колонналық залында туроператорлардың, кәсіпкерлердің, оқу орындарының, өңірдегі табиғи қорық аймақтары басшыларының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларының қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Туризм жөніндегі кеңестің төрағасы Сымбат Рамазанов жыл қорытындысын шығарып, келер жылға арналған жоспарларын белгіледі.

– Биыл Туристік сала мәселелері жөніндегі кеңестің 7 отырысы өтті. Кәсіпкерлер туристік саланың оннан астам өзекті мәселесін көтерді. Олардың ішінде іс-шаралар күнтізбесін қалыптастыру, туроператорлардың Қытайдағы қазақстандық туризм жылының ашылу салтанатына қатысуы, ШҚО мен ҚХР шекара маңы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі Жол картасын қалыптастыру, Жаңа Бұқтырма кентінде сұйық тұрмыстық қалдықтарды қабылдау мәселесін қарау, демалыс үйлері мен базаларында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау, демалыс үйлері мен базаларында өрт қауіпсіздігін, сондай-ақ су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау, қысқы кезеңде туристік объектілерге апаратын жолдарды қардан тазарту, туробъектілердің қысқы маусымға дайындығы бар, – деді Сымбат Рамазанов.

Туроператорлар саланың сәтті дамып келе жатқанын, өзгерістер бар екенін, бірақ әлі де көптеген міндеттерді орындау керектігін атап өтті.
ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақовтың ақпаратынша, осы жылдағы алғашқы үш тоқсанның қорытындысы бойынша өңірдің туристік саласына 11 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. 

– Туристік бизнесті ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары жүргізілуде. Атап айтсақ, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау шығындарын субсидиялау, туристік автобустарды сатып алу бойынша шығындарды, туризм объектілерін, жол бойындағы сервис объектілерін салу және жаңарту кезіндегі шығындарды өтеу, – деді Марат Қабақов.

Ол сондай-ақ келесі жылы мемлекет атқаратын міндеттерді атап өтті. Олар – бас жоспарларды әзірлеу және цифрландыру, туристік аймақтардың қамтылуына түгендеу жүргізу, бұқаралық туристік нысандарда туристік полицияның қызметін ұйымдастыру, Зайсан қаласы мен Катонқарағай ауылында әуежайлар салу, автомобиль жолдарын жөндеу, Глубокое ауданында және Риддер қаласында қысқы спорт түрлерінің инфрақұрылымын дамыту.

Отырысқа қатысушылар білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін көтеріп, оны оқу орындарымен бірлесіп шешудің жолдарын ұсынды.

Сымбат Рамазановтың айтуынша, келесі жылы шалғай аудандардың туризм саласындағы әлеуеті одан әрі күшейе түсетін болады.

– Тиімді жұмыс істеп, тәжірибе алмасу үшін туризм кеңесінің үш көшпелі отырысы жоспарланды, олар Катонқарағай, Марқакөл аудандарында және Риддер қаласында өтеді, – деді ол.

Кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті билік бұл бағыттарды іске асыру үшін бизнес қауымдастықпен белсенді жұмыс істеп, қаржыландыру және қолдау механизмдерін қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Туризм – облыстың экономикалық және мәдени дамуының маңызды бағыты. Табиғи байлықтарға толы өңірдің ерекше ландшафттары мен тарихи орындары туризмді дамытудың үлкен әлеуетін ашады. Ал алдағы жылдары жүзеге асырылатын шаралар Шығыс Қазақстанды туристер үшін тартымды әрі қолайлы мекенге айналдыруға мүмкіндік береді.

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу