Oskemen IT-hub алаңы: Шығыс Қазақстандағы IT жобалар
Фото: pexels.com
Бүгінгі таңда елімізде IT мамандарына сұраныс артып отыр. Өйткені көптеген компания сауатты әрі мамандығын жақсы білетін бағдарламашылар мен әзірлеушілерге мұқтаж. HeadHunter онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының мәліметі бойынша, IT саласындағы бос жұмыс орындарының саны 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 50%-ға, ал биыл (жарты жыл) өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға өскен.
Осыдан-ақ, бұл салаға деген сұраныстың артқанын анық байқауға болады. Осы тұста, елімізде IT саласы қалай дамып жатыр, мамандар дайындау үшін қандай шаралар қолға алынды, қанша қаражат бөлініп отыр, сонымен қоса мықты IT маман болу үшін мамандар қандай дағдыларды дамытуы керек, азаматтардың цифрлық сауаттылық көрсеткішін көтеру үшін не істеу керек деген секілді сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Виртуалды турлар, Шығыс Қазақстанның сакральды, мәдени және тарихи орындарына саяхаттар, адам омыртқасының дұрыс қалпын бақылау, аймақтағы су тасқынын болжау, заттарды, адамдарды және тіпті эмоцияларды тану – мұның бәрі Oskemen IT-hub алаңында жұмыс істеп жатқан жобалардың бір бөлігі ғана. Бұл алаң Шығыс Қазақстан облысында 2023 жылдың мамыр айында ашылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақтық орталықта ашылған Шығыс Қазақстанның «силикон алқабы» IT-технологиялар саласында өмірін байланыстыратын 1500-ден астам жас маманды тартып үлгерді.
Президент 100 мың IT маман дайындауды тапсырды
Елімізде цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді. «Цифрландыру Қазақстан үшін маңызды. Кем дегенде 100 мың IT маман дайындау қажет. Мемлекеттік органдардың бизнес-процестері цифрландырылуы тиіс. Көршілес мемлекеттерге қызмет көрсетуі тиіс қазіргі заманғы деректерді өңдеу орталықтарын құру қажет. Қазақстан цифрлық хабқа айналуы керек»,- деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 100 мың жоғары білікті IT-маманды дайындау мақсатында көптеген іс-шараларды қолға алған болатын. Олардың ең негізгілеріне тоқталатын болсақ, біріншіден, 20 заманауи бағдардамалау мектебін ашу. Екіншіден, IT-бағдарламалау мектептеріне 20 мың грант беру, сонымен қоса университеттердің өнірлік жоғары оқу орындарына қамқорлық жасауын қамтамасыз ету.
Министрлік тұрақты негізде IT-мамандарды жаппай даярлауға IT-мектептермен бірлесіп, жұмыс жүргізіп жатыр. 2021 жылы осындай 6 мектеп ашылды. Ал биыл тағы 5 мектеп ашу жоспарланып отыр. IT-мектептердің өздері 2021 жылдан бері өңірлерде ашыла бастаған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау үшін 2023 жылдың 25 мамырында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Цифрландыру және архивтер басқармасы, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қолдауымен Өскемен қаласында Oskemen IT-hub алаңы ашылды. Алаң жастарға өздерінің IT-жобаларын жүзеге асыруда қолдау көрсету, әрі осы салада өздерінің идеясын дамытуға ұмтылатын жас дарындар мен менторлар арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында құрылған.
«IT Innovation Fest» - жаңа жобалар алаңы
Өскемен қаласы екі күнге болашақтың есігін ашатын заманауи технологиялардың мекеніне айналды. Білім мен инновацияны ұштастырған, қиялдарының шегі жоқ, жаңа технологияларды жетік меңгерген жастар республикалық хакатонға және «IT Innovation Fest» фестиваліне қатысты.
Тәжірибесі мен дағдылары әртүрлі қатысушылар республикалық хакатонда заманауи бағдарламалау құралдары мен тілдерін пайдалана отырып, өңірлік қажеттіліктерді цифрландыруға бағытталған инновациялық жобаларды әзірледі. Хакатонның қортындысы жоғары технологиялар саласындағы стартаптарға арналған республикалық «IT Innovation Fest» фестивалінде шығарылды.
Республикалық «IT Innovation Fest» фестивалі бірнеше ауқымды бағыттарды қамтыды. Яғни, студенттерге арналған «idea batllе» бағытында республика бойынша ең мықты стартаптар өзара сынға түсті. «Стартап аллея» бағыты оқушыларға арналды. Мұнда мектеп оқушылары өздері әзірлеген жобаларды көрсетті. Сонымен қатар басты сахнада IT саласының үздік мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Фестивальға Алматы, Астана, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларының білімді және білікті жастары қатысты.
6-сынып оқушылары Таңсұлу Талғат пен Салтанат Тұрсын республикалық фестивальге Самар ауданынан арнайы келді. Олар туристер мен жергілікті тұрғындар үшін пайдалы болатын арнайы карта әзірледі. Бұл шығыстың табиғатын QR код арқылы көрсетіп, туристердің қызығушылығын оятып, өңірдегі туризм бағытын дамытуға арналған жоба.
«Стартап аллея» бағытында бақ сынауға келген №24 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Рүстем Миязов та туризмді дамытуға арналған жоба әзірледі. Алайда оның жобасы Англия мен Қазақстанның арасындағы ортақ жоба болып табылады.
Ал қаламыздағы №34 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Илья Дементьев экологиялық мәселелерді шешуге арналған «Eco Emergency» платформасын әзірледі. Бұл платформаға тіркелген тұрғындар қоқысы қордаланып қалған, шашылып жатқан аймақтардың суреттерін жүктей алады және басқа қолданушылар бұл аумақтарды тазалап, жинаған ұпайларын тауарлар мен қызметтерге айырбастай алады.
Аталмыш инновациялық фестиваль қатысушылар үшін тәжірибе алмасудың, жаңа идеялар ұсынудың және ой-өрістерін кеңейтудің таптырмас алаңына айналды.Фестиваль соңында тың жобалар мен идеяларды ұсынған жастарға демеушілер тарапынан қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.
Бүгінде технология қарыштап дамып жатыр, алайда аға буын қазіргі технологияның соңғы жаңалықтарына ілесе қойған жоқ. Осы орайда ол қоғамдағы цифрлық сауаттылықты арттыру керек.
Егер 2023 жылы көптеген спикерлер жастармен өз білімдерімен және тәжірибелерімен ерікті негізде бөліскен болса, 2024 жылы жағдай өзгерді: облыстық бюджеттен хабтың жұмысын жыл бойы қаржыландыру қарастырылған, ал Astana hub өз филиалына түрлі іс-шаралар өткізу үшін қаржы бөлетін болады.
Барлығы бірнеше айдың ішінде Oskemen IT-hub алаңында 70-ке жуық түрлі шара өтті, оған 1515 адам қатысты. Бұл шаралар арасында жаңа бағдарламалау тілдерінен воркшоптар, 3D-моделдеу бойынша жетекші мамандардың мастер-класстары, жас программистердің жаңа жобаларын таныстыруы, сонымен қатар IT-технологиялар саласындағы жобаларды спонсорлар мен серіктестерге ұсынатын Pizza Pitch сияқты іс-шаралар болды.
Oskemen IT Hub-та ұйымдастырылған «Pizza pitch» іс-шарасының негізгі мақсаты – өңірдегі IT саланы дамытып, тың идеяларға қолдау білдіру.
Іс-шарада қарыштап дамып келе жатқан жасанды интеллект пен қатар қоқыс қалдықтарынан техникалық заттарды жасауға бағытталған ерекше жоба таныстырылды. Дидар Мұратұлының айтуынша, жастардың Oskemen IT-hub алаңына деген қызығушылығы соншалық, аймақта цифрлық технологияларды түрлі салаларға енгізу үшін қажетті кадрларды даярлау мүмкіндігі пайда болды.
Ол сөзін жалғастырып, Oskemen IT-hub алаңы тек жас кәсіпкерлерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар стартаптардың дамуына қолдау көрсетуге бағытталған инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар жүргізетінін атап өтті.
Oskemen IT-hub алаңы ашылғалы бері жас таланттар бірнеше жобаны әзірлеп үлгерді, олар жергілікті нарықта сұранысқа ие болуы мүмкін. Мәселен, Өскемендегі О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде «Еast Drones and regional first championship» атты республикалық байқауы өтуде. Айтулы жарыстың ашылу салтанатына ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.
Байқауға 40-тан астам жас қатысып, бақтарын сынауда. Айтулы жарыс барысында Oskemen IT-Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы жастарға сәттілік тіледі.
Цифрлық технологияның түпкі мақсаты адамдардың физикалық күш жұмсауын азайтып, ақыл-ой мен шығармашылық жұмыстарды атқаруына жағдай жасау. Өркениеттің маңызды жетістігін пайдаға жаратып, қолдана білу – қоғам сұранысы.
Цифрлық технология – қазір елімізде қарқынды дамып келе жатқан үлкен бір сала. Зерттеушілердің пікірінше, алдағы 5-10 жылда күнделікті өмірде, сервис, логистика және транспорт, машина жасау өнеркәсібінде роботтарды кеңінен қолдана бастаймыз. Сол уақыт жеткенде қазір осы саланы меңгеруді қолға алған жастар білікті маман болары даусыз. Робот құрастыру мен оны бағдарламалау қазіргі жастар арасында сұранысқа ие. Олардың қызығушылығы өте жоғары. Солардың бірі - Темірлан Абылахан. Ол жарысқа қатысу үшін Семейден келген екен.
Виртуалды шындықтың мүмкіндіктері ШҚО-дағы шахталарға арналған тренажерлер мен турларды әзірлеу кезінде де қолданылуда.
Қазіргі уақытта хабта Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайын болжау бойынша перспективалы жоба әзірленуде. Жоба авторлары облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен тығыз жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар, Oskemen IT-hub Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жаңа ашылған спорттық бағдарламалау орталығымен де тығыз ынтымақтасып жатыр. Сарапшылар спорт индустриясындағы процестерді автоматтандыру және цифрландыру бойынша бірнеше жобалар мен бағдарламалар әзірлеуді жоспарлап отыр.
2024 жылы хаб қосымша оқыту курстарын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Oskemen IT-hub өз қызметін кеңейтіп, ірі іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Олардың ішінде республикалық Code Masters хакатоны, облыстық бағдарламалау олимпиадасы, робототехникадан облыстық олимпиада және халықаралық IT-форум «Oskemen Tech Forum» бар. Бұдан бөлек, оқыту курстары, мастер-класстар, спикерлермен кездесулер мен басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған.