Алғашқы екпенің артықшылығы неде? Маман пікірі
Фото: halaldamu.kz
Былтыр облыста 311 адам туберкулез жұқтырған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,7%-ға төмен. Ең көп тараған тыныс алу органдарының туберкулезі (279 жағдай) өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға азайды.
Ал 2024 жылдың екі айында 45 тұрғын туберкулезге шалдыққан. Облыс көлемінде алты бала ауру жұқтырған. Бұл былтырғы көрсеткішпен бірдей.
Ал жасөспірімдер биыл жиі ауыратын болды. Былтыр екі жеткіншек ауру жұқтырған болса, биыл екі ай ішінде науқастар саны бесеуге жетті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша нәрестелерді туа сала немесе мүмкіндігінше ертерек туберкулезге қарсы вакцинациялау – туберкулезді жоюдың маңызды компоненттерінің бірі. Сол себепті алғашқы екпе нәрестелерге туа салысымен перзентханада салынады.
Маманның айтуынша, нәрестелерге туа салысымен БЦЖ екпесін салған жөн. Сонда он бес жыл ішінде жұқпалы аурудан қатер төнбейді.
Дегенмен зерттеулер туберкулезге қарсы БЦЖ-ны қайта вакцинациялаудың еш пайдасы жоқтығын көрсеткен. Сондықтан халықты иммундау жөніндегі кеңестік комиссияның отырысында 6-7 жастағы балаларға туберкулезге қарсы ревакцинация жасауды тоқтату туралы ұсыныс айтылған. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап бұл ұсыныс күшіне енді.