ШҚО-да туберкулезге қатысты әлеуметтік проблемалар талқыланды
Фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстанда туберкулезді тоқтатайық» ұлттық әріптестігін дамыту және туберкулездің ауыртпалығын төмендетуге азаматтық қоғамдастықтың қатысуын күшейту бойынша адвокациялық кеңесте осы саладағы маңызды әлеуметтік проблемалар талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстанда туберкулездің ауыртпалығын төмендетуге азаматтық қоғамды тарту – өзекті бағыттардың бірі. Өйткені, ДДҰ деректеріне сәйкес Қазақстан әлемде дәріге төзімді туберкулездің ауыртпалығы жоғары 30 елдің және ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде дәріге төзімді туберкулез ауыртпалығы жоғары 9 елдің тізіміне кіреді.
Шығыс Қазақстанда «туберкулез» компоненті бойынша «Қуат» ҮЕҰ жеті жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Негізгі міндеті – халықтың осал топтары арасында туберкулездің алдын алу, уақтылы анықтау және емдеу мәселелері бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарына жәрдемдесу. Үкіметтік емес ұйымның аутрич-қызметкерлері бірінші жартыжылдықта үйсіз адамдар арасында туберкулезбен ауыратын үш адамды анықтаған. Олардың екеуі Алтай ауданының оңалту орталығына орналастырылды. Алайда енді біреуінің барар жері жоқ.
Науқас не зейнеткер, не мүгедектігі бар жан болмағандықтан, әлеуметтік арнаулы қызмет орталықтарына алмайды екен.
ШҚО әлеуметтік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанованың айтуынша, Шығыс Қазақстанда мүгедектер мен зейнеткерлерге қызмет көрсететін 12 әлеуметтік арнаулы қызмет орталығы бар. Динара Мұратбекқызы ол кісіге көмектесуге уәде берді.