Жеңіл атлеттер жерлестерінің қошеметіне бөленді - ШҚО
Иран астанасы Тегеранда мәресіне жеткен жеңіл атлетикадан жабық кешендердегі ХІ Азия чемпионатында шығысқазақстандық спортшылар тамаша өнер көрсетіп, қоржынды медальға толтырды.
Елге оралған жерлестерімізді әуежайдан бір топ жанкүйері күтіп алып, саңлақтарға ерекше қошемет көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтсақ, бұл жолы ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен спортшыларымыз Елизавета Матвеева мен Ефим Тарасовтың қанжығалары майланды. Қыздар арасындағы биіктікке секіру сайысында өнер көрсеткен Елизавета қарсыластарының бәрін артта қалдырып, тұңғыш рет Азия чемпионы атанса, 400 метрге жүгіру сынына қатысқан Ефим қола медальды қанағат тұтты.
Ұшақтан түскен бойда жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген атлеттер қуаныштары мен толқыныстарын жасыра алмады.
Жарыстың аса тартысты өткенін, чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын Ефим Тарасов та айтып отыр.
Жалпы, Сары құрлық мықтылары бақ сынаған додада ұлттық құрама сапында алты жерлесіміз өнер көрсеткен-ді. Олар: Елизавета Матвеева, Ефим Тарасов, Эльнор Мухитдинов, Андрей Соколов, Юлия Башманова мен Анастасия Рыпакова. Осы ретте ерлер арасындағы 4х400 эстафетасында топ жарған қазақстандық төрттіктің құрамындағы үш спортшы (Э.Мухитдинов, Е.Тарасов пен А.Соколов) біздің облыстың тумалары екенін ерекше атап өткен орынды.
Айта кетейік, биылғы құрлықтық біріншілікте Қазақстан құрамасы жалпы саны 12 медаль жеңіп алса, оның төртеуі – алтын, екеуі – күміс, алтауы қола болған.
Фото: Ермек Имангазинов