Өңір экономикасына серпін: өзен көлігі қайта қолға алынады
Шығыс Қазақстанда өзен кемелерінің қозғалысын дамыту мәселесі облыстық әкімдікте өткен жиында талқыланды.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Мемлекет басшысы төртінші ұлттық құрылтайдағы баяндамасында көлік-логистика саласын жетілдіруді тапсырған. Осыған байланысты облыста бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынуда.
Қазіргі уақытта өңірде Зайсан мен Катонқарағайда екі әуежайдың құрылысы басталды. Сонымен қатар, Ертіс өзенінде кеме қатынасын дамыту маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылып жатыр. Облыс әкімінің айтуынша, бұл бастаманы жүзеге асыруға дайын инвесторлар да бар.
Өзен арқылы жүк және жолаушы тасымалының жолға қойылуы бірнеше ауданның дамуына оң әсерін тигізеді. Бұл жоба шағын және орта бизнестің, туризмнің және экономиканың басқа да салаларының өркендеуіне серпін бермек.
Фото: ШҚО әкімдігінен