Дәстүрге тұнған той: «Үміт» орталығында үкілі өнер көрсетілді (видео)
Шығыс Қазақстан облысындағы «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Наурыз мейрамына арналған «Наурыз – мерекем, Наурыз – берекем!» атты тағылымды да думанды шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Наурыз – көктемнің жаршысы, жаңарудың, ырыс пен ынтымақтың белгісі. Бұл күнді асыға күтетін «Үміт» орталығы биыл да Наурызды ұлттық нақышта атап өтті.
Халқымыздың салт-дәстүрін жаңғырту, мәдени мұрамызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған мерекелік кешке орталықтың тәрбиеленушілері мен қызметкерлері белсене қатысты.
Мейрам көш керуенімен басталды. Қоржын артқан нар түйелер, күміс шылдырлаған ат арбалар, кимешекті әжелер мен шежірелі қариялар, тұлымшағы желбіреген балақайлар – бәрі-бәрі ұлтымыздың өткені мен бүгінін тоғыстырып, даланың думанын тірілткендей болды. Алаң төрінде «Саған халқым-ау» әні шырқалып, көз тартар флешмоб биленді.
Жиналған қауымды әнмен қарсы алған «Ән-салдар» ансамблі мерекенің көркін қыздырып, домбыра мен баянның күмбірлеген сазын төгілтті. Әуезді әуен, жарасымды думан – шараға келгендерді бейжай қалдырмады.
Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алаңқай ұлттық нақышта безендірілді. Бүркітшілер мен садақшылардың өнері көз қуантса, қазан-ошақта қайнаған ет пен палаудың жұпар иісі тәбетті аша түсті. Шәй қойылып, дастарқан ұлттық тағамдарға толып, Наурыздың кең пейілі мен молшылығы сезілді.
Қазақтың қастерлі дәстүріне сай мерекеге жиналған қонақтар әже шашуымен қарсы алынып, ұлттық киім киген арулар Наурыз көже ұсынып, меймандостықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Балаларды құттықтау үшін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов келіп, тәрбиеленушілерге естелік сыйлықтарын табыстады.
– Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бірлік пен татулықтың, ізгілік пен мейірімнің мерекесі. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыздың ұлт болмысындағы ерекше орнын айрықша атап өтті. Мерекенің әр күні ұлттық рухты ұлықтайтын, тарихи сананы жаңғыртатын мазмұнмен толығып келеді.
Бүгінгі шараға ұйытқы болып отырған сіздерге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл орталықтың қызметкерлері әр баланы өз перзентіндей көріп, жүрек жылуын, шынайы қамқорлығын аямай келеді. Әр баланың жүрегінде үміт оты маздайды. Біздің міндет – сол үмітті сөндірмей, арманын ақиқатқа айналдыру, – деді облыс басшысы.
Нұрымбет Аманұлы Ұлыстың ұлы күні – тек көктем мерекесі емес, Жаңа Қазақстанның символына айналып отырғанын алға тартты. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған өзгерістердің өзегінде әділдік пен адал еңбек жатқанын айтқан өңір басшысы бірлесіп, аянбай қызмет еткенде ғана еліміздің келешегі кемел болатынын атап өтті.
Сонымен қатар аталмыш балалар үйінің тізгінін ұстап отырған Майра Баймұханқызының да көпжылғы еңбегі ерекше аталды.
Наурыз тойының шапағатын жомарт жандар да сездірді. «Казцинк» ЖШС, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Титан-магний комбинаты, «Досжан темір жолы» АҚ, кәсіпкер келіншектер қауымдастығы сынды ұйымдар мерекеге демеушілік жасап, тәрбиеленушілерге сый-сияпат тарту етті.
Ал С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген өз кезегінде орталықтың дарынды тәрбиеленушісі Кира Кузьменкоға университетте 4 жыл тегін оқу грантын табыс етті.
Мереке ұлттық дәстүрлерді насихаттаған мазмұнды шараларға ұласты. Табақ тарту рәсімі жасалып, «Бастаңғы», «Ұршық иіру» сияқты салт-дәстүрлер сахналанды. Шара «Наурыз – жаңа күн келді» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.
Компания да мерекеге орай әр топқа тәтті сыйлықтар тарту етті. Айта кетейік, «Казцинк» – балалар үйінің тұрақты демеушілерінің бірі. Олар апта сайын тәрбиеленушілерге жеміс-жидек жеткізіп, орталықтың жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетіп отырады.
Мемлекет тарапынан негізгі қажеттіліктер толық қамтамасыз етілгенімен, шығармашылықты дамыту, қосымша оқыту мен жөндеу жұмыстары үшін қосымша көмек қажет. Осы орайда, компания әрдайым қолдау білдіріп келеді.
Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара соңында балаларға аналық мейірімін төгіп отырған орталық басшысы Майра Баймұқанқызы аймақ басшысы мен демеушілерге өзінің аналық алғысын айтты.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Даниил Суворов