Наурыз мейрамы: Өскеменде 300-ге жуық мерекелік шара өтті
Наурыз мейрамы Өскеменде ерекше сән-салтанатымен тойланды. Басты мерекелік алаң – Республика алаңында 15 киіз үйден тұратын этноқалашық құрылып, нағыз думанның орталығына айналды. Әрбір киіз үй қазақ халқының мәдениеті, тұрмысы мен тарихын бейнелейтін жеке тақырыпқа арналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов барлық киіз үйлерді аралап, дәстүрлі қазақ қолөнерін, ұлттық салт-дәстүрлерді тамашалап, қолөнер шеберлерімен әңгімелесті.
Қазақстандағы ең үлкен 500 адамдық киіз үй қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше назарын аударды. Бұл киіз үйдің ішінде түрлі мәдени шаралар, халықтық қойылымдар мен көрмелер ұйымдастырылды.
Киіз үйлер байқауында бас жүлдені С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жеңіп алды. Жалпы, облыс бойынша 120 мерекелік киіз үй тігілді.
Наурыз мейрамы аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оған кәсіпқой спортшылар мен әуесқойлар қатысты. Бағдарламада қазақ күресі, арқан тарту, асық ату, қол күресі, бағанаға өрмелеу, өгіз көтеру, таяқ тартыс, гір көтеру, ләңгі ату және жастықпен атысу сияқты ойындар болды.
Сонымен қатар, мереке аясында Өскеменде “Бауырсақ-пати” байқауы өтті. Шара барысында 1000 бауырсақ дайындалып, жиналған халыққа ұсынылды.
Байқау қорытындысы бойынша:
• Гран-при – №50 жалпы білім беретін мектепке бұйырды;
• “Ең үлкен бауырсақ” номинациясында №30 мектеп үздік атанды;
• “Ең үздік шығармашылық таныстыру” номинациясын №106 “Қарлығаш” балабақшасы жеңіп алды;
• “Үздік тағам безендіру” номинациясында №33 Абай атындағы орта мектеп ерекшеленді.
Мереке қонақтары жаңа піскен бауырсақтан дәм татып, дәстүрлі әндер мен билерден, халық ойындарынан тұратын концерттік бағдарламаны тамашалады.
Облыс әкімі Республика алаңындағы мерекелік шараларға қатысып, өнер көрсеткен әртістер мен жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтады.
Жалпы, Наурыз мейрамы аясында Өскеменнің әр шағын ауданында 300-ге жуық мерекелік шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыс әкімі қала металлургтерімен кездесіп, “Қазцинк” ЖШС өткізген мерекелік шараға қатысты.
Фото: Махаббат Ахметжанова