KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
516.77 542.87 5.33

ШҚО құтқарушылары балаларға арналған мультфильмді таныстырды  

1.09.2024, 14:52 186 Айжанат Бақытқызы

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары балаларға жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін түсіндірудің қарапайым әдісін ойлап тапты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

1 қыркүйек – Білім күні Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары «Казцинк» ЖШС-нің қолдауымен жарық көрген кезекті аннимациялық фильмнің тұсауын кесті.

Бұған дейін балаларға өрт қауіпсіздігі, суда өзін ұстау ережелері туралы баяндайтын «Айа мен Тентек» мультфильмінің кейіпкерлері бұл жолы жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін көрсетеді.

– Мультфильм балалардың қабылдауына түсінікті және қауіпсіздік ережелерін есте сақтауға оңай етіп жасалды. Өңіріміз сейсмикалық қауіпті аймаққа жататындықтан балалардың бұл ережелерді білуі маңызды. Мультфильм болашақта өңірдегі барлық мектепте көрсетілетін болады, - дейді төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Аяулым Кекиева.

Мультфильмнің жаңа сериясы Өскемендегі №11 лицейдің оқушыларына көрсетілді. Құтқарушылар биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алғашқы дүмпу кезінде сыныпта қауіпсіз орындарды қалай табуға болатынын айтты.

Балаларды Білім күнімен құттықтауға өрт сөндірушілер де келді. Олар өзімен бірге құтқарушы итті ертіп әкеліпті. Департамент мамандары балаларға өрт кезінде қолданылатын құрал-жабдықтарды таныстырды.

Сондай-ақ құтқарушылар жол ережесін мұқият сақтау, бастауыш сынып оқушыларының сабақтан кейін ата-анасымен бірге қайту қажеттігі, кәмелетке толмаған балалардың электр самокатын тебуге болмайтындығы туралы әңгімеледі.

– Бүгін мектепке алғаш рет келдім. Маған мультфильм ұнады. Түсінгенім – Тентектің жер сілкінісі кезінде шкафқа тығылғаны дұрыс болмады. Құтқарушы ағайлар жер сілкінген жағдайда шкафтың ішіне, төсек пен терезенің астына тығылуға болмайтынын айтты, - деді лицейдің 1-сынып оқушысы Мұса Болатов.

Шара соңында №11 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Икамбаева балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, маңызды ақпарат берген облыс құтқарушылары мен мағыналы мультфильмнің жарық көруіне мұрындық болған «Казцинк» ЖШС-нің басшылығына алғысын жеткізді.

Мектеп басшысының айтуынша, биылғы жаңа оқу жылында 121 оқушы білім ордасының табалдырығын алғаш рет аттап отыр.

Фото: ШҚО ТЖД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу