KZ
Өскемен
+26°
переменная облачность жел 3 м/с, Ю
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Ералы Тоғжанов: “Шығыс Қазақстанда тасқынға қарсы ауқымды жұмыс жүргізілген” (Видео)

10.04.2025, 09:00 718 Нұржан Кенжеұлы

Шығыста су тасқынына қарсы дайындық шаралары жүргізілуде. Облысымызға екікүндік сапармен келген Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов бастаған мамандар тобы су тасқынына байланысты жағдайды бағамдап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп шықты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Атап айтқанда, Үкімет басшысының тапсырмасымен облысымызға арнайы келген комиссия мүшелері, жергілікті билік өкілдері және құтқарушы қызметтер қалалар мен ауылдардағы қауіпсіздік шараларының барысымен танысты.

– Сапарымыз аясында Алтай мен Шемонаиха аудандарының су тасқынына бейім аймақтарындағы жағдайды көріп қайттық. Алтай ауданының Зубовка мен Малеевка ауылдарындағы қардың деңгейі мен мұздың жүруі талданды. Биыл қардың деңгейі өткен жылғымен салыстырғанда 20 пайызға төмен болса да, мұздың қозғалысы мен өзендердегі ахуалға ерекше назар аударылды. Бұқтырма өзенінің бойындағы мұз қозғалып кеткендіктен, ауыл тұрғындары үшін қауіп жоқ. Бірақ бұл аудандардағы бақылау жұмыстары әрі қарай да жалғасады, – деді Ералы Тоғжанов.

Облыс бойынша су тасқынына қарсы шаралар қатаң бақылауда. Тұрғындарды қорғау мақсатында 62 шақырым өзен арналарын тереңдету жұмыстары жүргізілді, 32 шақырым дамба салынды. Бұл бөгеттер қауіпті аймақтардағы ауылдарды су тасқыны мен өзге де оқыс жағдайлардан қорғау үшін қажет. Сондай-ақ алдағы уақытта су тасқынының барлық кезеңдерін бақылауға алу мақсатында қосымша шаралар қабылданбақ.

Облыс әкімдігіндегі жауапты мамандардың айтуынша, өңірде су тасқынына қарсы жұмыстардың үш кезеңі жоспарланған. Бірінші кезең дәл қазіргі уақытты қамтиды. Ал екінші кезең сәуір және мамыр айларында, үшінші кезең маусым айында іске асады. Олардың барысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданады.

– Шығыс Қазақстанда өткізілген сенбіліктер және су тасқынына қарсы шаралар жергілікті тұрғындарға өз үйлерінің айналасын таза ұстап, қауіпсіздік шараларын қабылдауға зор ықпал етіп отыр. Сонымен қатар бұл өңірде су тасқынына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліпті. Алдағы уақытта да осындай қадағалауды жалғастыра береміз, – деді Премьер-министр кеңесшісі.

Жалпы, бүгінге дейін облыс бойынша 107 су тасқынына қарсы шаралар жүзеге асырылған. Атап айтсақ, 16 учаскеде қар-мұз жару жұмыстары жүргізілді, 386 мың текше метр қар шығарылды, 4 853 су өткізгіш құрылыс, 493 арық, 112 канал тазартылды, 437 көпір жөнделді. 2516 адам мен 943 техника, 42 су көлігі мен 240 мотопомпадан тұратын топ құрылды.

Облысымыздағы су тасқынына қарсы қабылданып жатқан шаралар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, қауіпсіздік шаралары тұрақты бақылауда болады. Алтай мен Шемонаиха аудандарында жүргізілген тексерулер нәтижесінде су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстардың ауқымды әрі жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Жауапты қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен әрекеттері арқасында өңір тұрғындарының қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілетін болады.

Фото/видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу