Семейдегі жарылыс. Қала тұрғыны әкімнен 446 мың теңге өндіріп алатын болды
Өткен жылдың көктемінде қуатты өндірістік жарылыс салдарынан пәтерінің терезесі күл-талқан болған семейлік тұрғынның арызы сотта қайта қаралды. Сот Семей қаласының әкімінен 446 мың теңге өндіріп алуға шешім шығарды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі «Semeyainasy» сайтына сілтеме жасап.
2018 жылдың мамыр айында зардап шеккен тұрғынның пәтеріндегі жөндеу жұмыстары 35 мыңға бағаланған болатын. Алайда үй иесі мамандардың шығынды 331 мыңға бағалағанын айтып, бұл шешіммен келіспейтіндігін білдірген.
"Қала тұрғының талаптары толықтай расталды деп таныған сот оның өтінішті қанағаттандырып, Семей қаласының әкімінен 446 мың теңге өндіруге қаулы етті. Айта кетейік, аталмыш сомаға сот шығындары да кіріп отыр" деп жазады аталмыш сайт.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге саламыз, өткен жылдың көктемінде Семей қаласында Ертіс өзеніндегі су деңгейін түсіру мақсатында жарылыс жұмыстары жүргізілген. Жарылыстың қауаттылығы сонша, төрт бірдей көпқабатты үйдің терезелерін сындырып кеткен еді.