ШҚО-да құны 3 миллиард теңге болатын 400 жер учаскесі қайтарылып алынды
Облыс прокуратурасының хабарлауынша, былтыр құны 3 миллиард теңге болатын 400 жер учаскесі қайтарылған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қадағалау актілері бойынша 110 мың тұтынушы үшін Семейде, Қасым Қайсенов, Глубокое кенттерінде жылумен қамту қызметінің тарифтері төмендетілген. Мемлекеттік кірістер департаменті мен автотасымалдаушылар арасындағы 3,2 миллиард теңгенің салығын негізсіз салу дерегі бойынша бір жарым жылға созылған дау шешілген.
Денсаулық сақтау саласында профилактикалық мекемелердің стандартты сақтамайтыны анықталыпты, бұл қызметтің, атап айтқанда анықтаманың құнын жасанды көтеруге әкелген. Қадағалау актілері бойынша №086, №083 анықтамалардың құны 30%-ға төмендетілді, медициналық тексеру парақтары заңға сәйкестендірілген екен.
– Еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында екі ірі кәсіпорында анықталған 1,6 мың бұзушылық жойылды. Прокуратура бастамасымен 4 мың мүгедек арнайы құралдармен қамтылды. Әлеуметтік жағдайы әлсіз тұрғындардың құқықтарын шектейтін 6 нормативтік-құқықтық акт жойылды. IT-технологияларды қолдану арқылы келісім-шарттағы аумақтан тыс жер қойнауын пайдалану деректері анықталды. Дәрі-дәрмектік нашақорлықтың жолын кесудің сәті түсті. Тұңғыш рет сотпен құрамында есірткісі бар дәріні саудалаған дәріхана қызметі тоқтатылды, – делінген прокуратура таратқан мәлімдемеде.
Сондай-ақ, электронды форматта 1178 іс тергеліп, қылмыстық қудалау органдарының құрал-жабдықтармен жарақтануы 1%-дан 74,5% дейін өсіпті.
Қылмыстық-сот қадағалау бағыты бойынша облыста ел бойынша ең көп іс қаралған екен – 3989, соның ішінде 2176 іс бойынша үкім шығарылған.
Атқару өндірісі бағыты бойынша алименттен қарызы бар 528 тұлға жұмыссыз ретінде есепке қойылып, олардың 166-сы жұмысқа орналастырылды. Жыл қорытындысы бойынша 3,5 мың баланың пайдасына 139 миллион теңгенің қарыз өндірілген.
Өткен жылы өз құқықтарын қорғау үшін прокуратураға 16 мыңға жуық азамат мен заңды тұлға жүгініп, 6 мыңнан астам өтініш шешіліпті. Шешілген әр үшінші өтініш қанағаттандырылған.