KZ
Өскемен
-6°
небольшой снег жел 1 м/с, СШ
523.54 546.47 4.99

Жауынгер-жазушымен екі рет жүздестім

https://massaget.kz/arnayyi_jobalar/jana_jyil__2017/49930/

29.08.2024, 12:30 228

Бүкіл қазақ жұртына, оның ішінде жастарға ет жақын болып кеткен Әз-ағаңмен (Әзілхан Нұршайықов) дидарласудың сәті маған екі рет бұйырған екен. Оның алғашқысы 1981 жылдың тамыз айында болды.

Онда мен бұрынғы «Скотовод» совхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы едім. Совхоз директоры белгілі басшы Күнсләм Мұсажанов, партия ұйымы хатшысы Мұтан Аймақов, ауылдық кеңестің төрағасы Кәрім Қашов, директордың орынбасары Шағи Датбаев барлығымыз бірер күнге келген құрметті қонақты шығарып салуға атқа міндік. Өзімнің топшылауымша Әз-ағаңды үй-ішімен Күнсләм ағай қонаққа шақырды-ау деп ойлаймын. Себебі бір-екі ай бұрын осы совхоз туралы «Егемен Қазақстанның» тұтас екі бетін алған директормен көлемді сұхбаты шыққан болатын. Оны бәріміз қызыға оқыдық. Өте тартымды, шұрайлы, жылы лебізбен жазылған еді. Бұрыннан жақсы көретін жазушыма енді тіпті ғашық боп, бір көрсем-ау деп іштей армандаушы едім. Енді, міне, сәті түсіп, бетпе-бет екі-үш сағат қасында болуға тура келеді.

Шіркін, Қандығатай өңірінің табиғаты-ай десеңізші, шаруаға да қолайлы, қонақтарды қарсы алып, шығарып салуға да ыңғайлы. Шөбі шүйгін, бұлағы мол, жеміс-жидегі сай сала сайын мен мұндалап қызықтырып, қол бұлғап шақырып тұрғандай. Міне, осындай әсем көріністі совхоз орталығынан 5-6 шақырым жолдағы құрметті қонақты негізгі трассадан сәл бұрылыстағы «Шоферлар бастауы» атанып кеткен «Жамбас бастауға» алып келдік. Көкарай шалғын жұпар иісті бұлақ басына кең дастархан жайылды. Не түрлі ішімдік-сусын, тәтті-ащылы тағамдар самсап тұр. Біз қонағымызды асыға күтудеміз. Әз-ағаң бәйбішесі Халимамен, Күнсләм аға бәйбішесі Розамен бір мәшинеде еді. Бұлақ басынан анадай тоқтап, аяңдап әңгімелесіп келді де, азаматтарға өте кішіпейілділікпен бар ықыласымен қол беріп амандасты. Біз де барып сәлемдестік.

Совхоз директоры:

– Әз-аға, – деді мені нұсқап, – Мынау Мәуітқазы ініңіз, ана жылы сіз келгенде мұнда жоқ болатын. Бізге көршілес «Михайловка» совхозынан кәсіподақ комитетіне төраға болып келді. Болмай жүріп, өзіміз шақыртып алдык. Ептеп өлең жазады. Неше дүркін аудандық, облыстық айтысқа түсіп, Жармадан шыққан атақты жазушы ағамыз, өзіңізді де жырға қосып, мақтанып қояды. Мақсатымыз өнер иелері бір жерде болсын дегендік еді.

Мен басымды иіп, қолымды ұсындым. Ақын дегенге катты қысылып тұрдым. Әз-ағаң мейірлене қолымды алып:

– Бәрекелді, інім, талабың ұштала берсін. Күнекең дұрыс айтады. Жалпы өнер сүйетін қауым бір жерге шоғырланып, бірегей күш болып, ауыл адамдарына қызмет жасаған өте дұрыс. Бұл бір – ел құрмет тұтатын жақсы қасиет, – деп тоқтады.

Партком хатшысы Мүтән ағамыз да мені мақтай жөнелді:

– Бұл ініңіз – артист. Осы келген совхозында драма үйірмесін «Халық театрына» дейін көтерді. Сонан соң ғой осында алдырғанымыз. Әз-ағаң: «Ә, сен сондайсың ба» дегендей бетіме барлай қарады да:

– Адам баласы табиғатына, туған жердің топырағына қарай дараланып, талантты болып туатын шығар. Мынадай бай өлке, әсем жерде тума талант болмауы мүмкін бе? Жалпы біздің Жарма өңірі таланттарға бай өлке ғой, – деп кеудесін кере тыныстады да, бұлаққа қарай беттеді.

Мен өзімді емес, өзгені еске алғанына есейіп калдым. Қасындағылар да бірге қозғалды. Әйелдер жағы тоғай жағасындағы әдемі гүлдерді тамашалады.

– Халима, – деді Әз-ағаң зайыбына, – Бері жүр. Шіркін, біздің Жарманың көк бетегелі сайымен бұлқына ағып, сылқылдап күлген асау бұлақтары-ай десеңші. Кел, мейір қандыра мына мөлдір, таза салқын бұлақ суын сімірейікші бір! – деп рахаттана күлді.

– Ә, ішсек ішейікші, сен туған жерің болған соң, алдымен суынан дәм татқаның жөн болар, – деді Халима жеңгеміз білгірлікпен.

Бұлақ басынан дастархан басына қарай бет алдық. Күтушілер келген адамдарды ретімен орналастырып отырғызды. Дәм татар алдында сөзді сол кездің дәстүрі бойынша партком хатшысы алып, қонаққа ауыл азаматтарын таныстырушы еді ғой. Сол дәстүрмен Мүтән ағамыз барлығын қызметіне қарай атап-атап айтты да, сөзді Күнсләм Мұсажанұлына берді.

– Әз-аға, – деді совхоз басшысы, – Сіздің өз еліңіз, өз жеріңіз. Қашан келсеңіз де есігіміз ашық, төріміз дайын. Сіз сияқты Баукеңмен тіл табысқан батыр жазушыны қарсы алмағанда кімді қарсы аламыз?! Біздің совхоз туралы, біздің жанұямыз туралы жазған аса тартымды еңбегіңіз үшін айтар алғысымыз көп. Келіп тұрыңыз. Ауылыңыз, жеріңіз – осы. Ал Әз-аға, Халима жеңгей, дәм алыңыздар!

Стақандар көтеріліп, сыңғырлай бастады. Мен Әз-ағаң қайтер екен, не де болса, мынадай құрмет-кошаметте жүз грамм коньякті сілтеп жіберетін шығар деп бақылап тұрмын. Жоқ, өйтпеді. Бір стақанға «Нарзан» суынан аздап құйып алды да: «Ал, жігіттер, келіңдер, ас болсын!» деп бір ұрттады. Алпысқа енді аяқ басқалы тұрған айтулы жазушы ағамыздың «дәм» татпағанына таңырқадым. «Е, мейлі ғой, татпаса татпасын, халқына бергенінен берері көп мұндай ағалардың денсаулығына «ащы сумен» зақым келмей-ақ қойсын» деп іштей тілектес болдым.

Сонымен шығарып салу рәсімі аяқталар алдында Әз-ағаңнан қолтаңба алып қалайын деп ала келген 1980 жылы баспадан шыққан таңдамалы жинағы бар еді. «Әз-аға, мынаған...» деп кітапты ұсындым. Қолтаңбада «Мәуітқазы ініме құрмет, тілектестікпен! Әзілхан Нұршайықов, 21.VIII-1981 жыл. Воронцовка» деп жазды. Кітапты қайтарып жатып: «Бауырым, хабарласып тұр» деді. «Рақмет, аға, Алла бұйырса, айтқаныңыз болсын!» деп қол алыстым. Бұл – алғашқы жүздескенім.

«Скотовод» кейіннен «Қалбатау асыл тұқымды мал заводы» атанған. Совхозда қатардағыдай кызмет етіп жүріп жаттым. Айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев Шымкент – Семей ақындары айтысындағы таныстыру беташар өлеңінде мені былай таныстырған екен:

«Тағы бір ақын жармалық,

Айтысқа туған арналып.

Бып-биязы түрі бар,

Әп-әдемі үні бар,

Түрі солай болғанда,

Сүп-сүйір қызыл тілі бар,

Кәсіподақты басқарған.

Жолдамаларды жастанған,

Мәуітқазы Зүкенов,

Сайысқа келді жас балуан».

Сол ақын айтқандай 1982 жылы «Щучинск» курортына Көкшетауға жолдаманы жастанып, барып қалмаймын ба?! Сол жерде Қазақстан Жазушылар одағының секретарі Жайық Бектұров ақсақалмен таныстым. 60-ты алқымдаған, ұзақ жыл 37-нің азабын Сібірде тартқан ағамыз әлі де ширақ, кербез, келбетті екен. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетіне көлемді материалы шыққан екен. Соны апарып беріп едім, қуанып қалды да:

– Бала, сен қай жерденсің? – деді.

– Аға, мен Семейден, Жарма ауданынанмын ғой, – дедім.

– Әзілханның жерлесі екенсің ғой.

– Тап солай, биыл ол ағамыздың 60 жылдығы, тосып жүрміз, – деймін елпеңдеп.

Жәкең бетіме барлай қарады да:

– Жоқ, Семейге 60 жылдыққа бармайды. Олар Тұрсынбек Кәкішев, Мұзафар Әлімбаев үшеуі дос қой. Мен білсем олар бара алмайды, – деп тағы қайталады.

Мына хабардан кейін алып ұшып жүрген көңілім су сепкендей басылып қалды. Айтқанындай Әз-ағаң 1982 жылы елге келмеді.

Сонымен жылдар өтіп жатты. Арада екі-үш жыл өткен соң Алматыға баратын Әбзал Тәшенов деген құдасынан хат жазып, ішіне 60 жылдығына арнаған өлеңімді қосып сәлем айтып, беріп жібердім.

Бір күні жергілікті поштаға барсам, маған Алматыдан бандероль келіпті. Ашсам, Әз-ағаның «Өмір өрнектері» деген кітабы, ішінде қолтаңба және арнайы хат бар екен. Қолтаңбада былай депті: «Қымбатты Мәуітқазыға, ағалық құрмет, тілектестік белгісі үшін. Әз. Нұршайықов». Ал хаттың мазмұны мынау:

«Қымбатты Мәуітқазы інім! Сіздің жазған хатыңызды, арнаған өлеңіңізді алғанмын. Өлеңіңізде «Махаббат қызық мол жылдар» кітабына жоғары баға беріп, «жастарға өте қажет дүние, бағалы мүлік» деп атаған екенсіз. Кітабым жастарға жараса, оған мен өте қуаныштымын. Бірақ, ауырып-сырқап жүріп, сізге жауап жаза алдым ба, жоқ па білмеймін. Ауруханада жатып (қазір де осында емделіп жатырмын) «Социалистік Қазақстанның» 17 шілдедегі нөмірі мен «Казахстанская правданың» 12 августағы нөмірінде алдағы жеті жылда қайта басылып шығарылатын кітаптардың тізімі жарияланды. Оны оқып отырып, сіздің маған арнаған «Махаббат қызық мол жылдар» романы жоқ екен. Ал тізімнің аяғында оқырмандар қандай басқа кітаптардың шығарылуын қалайды? Соны айтып хат жазсын деп мынадай адрес көрсетіпті. 480059. Алматы қ., 59. ул. Мечникова, 84, Госкомиздат КазССР. Главная редакция Госкомиздата. Жұрт маған «Махаббат, қызық мол жылдар» романын, «Өмір өрнектері» кітабын сұрап, қайта-қайта хат жазады. Бірақ қайта шығару Госкомиздаттың қолында ғой. Сол хабарды оқығаннан кейін сіз есіме түстіңіз де, хабарыңызды, хал-жағдайыңызды білейін деп хат жазып отырмын. Үй-іші, келін, бала-шаға тегіс аман ба, тегіс сәлем айтыңыз. Шығарған жаңа өлеңдеріңіз бар ма? Ең жақсысын (3-4) іріктеп, маған жіберіңіз. Мен «Жұлдыз» журналына ұсынайын. Абай ауданында өткен Шәкәрім тойына шақыртып еді, ауырып қалғандықтан бара алмадым. Жалпы, Семейге бармағаныма бірсыпыра уақыт болып қалған екен. Тегі дәм тартпай жатқан болар. Тегіс аман-сау болуыңызға тілектеспін. Құрметпен Ә. Нұршайықов. 23.VIII-1988 ж. Аурухана. Алматы».        

Сонымен Әз-ағаңмен жүздесудің реті 1992 жылы тамыз айында түсті. Сол жылы «Қалбатау асыл тұқымды мал заводының» 60 жылдығы тойланатын болып, Әз-ағаң сол тойдың құрметті қонағы ретінде шақырылды. Ол кісіге той алдында аудандық «Рауан» газеті қызметкерлері жолығып, біраз сауал қойған еді. Соны келтірейін.

– Әз-аға, өзіңізді журналистпін деп есептейсіз бе, жазушымын деп санайсыз ба? Қай қасиетіңіз басым деп ойлайсыз?

– Алдымен ақындықтан бастасам да, жұртқа журналист ретінде танылғанымды ешқашан да ұмыта алмаймын.

– Алғашқы мақалаңыз қашан, қайда шықты?

– Алғашқы мақалам 14 жасымда Жарма аудандық «Социалистік еңбек» газетінде басылды. Ол мақалам «Серкешілер тобы» деп аталған еді. Өз колхозымда күн сайын серке жеп, мас болып жүретін механизаторларды сынадым. Астына «Пионер Әзілхан» деп қол қойғам. Мақала аудандық партия комитетінде талқыланып, колхоз бастығына сөгіс берді. Бастығы өз әкем еді.

– Өміріңіздегі ұмытылмас кезеңдеріңіз қандай?

– 1945 жылғы 9 мамыр. Жеңіс күні. 1943 жылы сәуірде майданда КОКП мүшелігіне өтіп, окопта отырып, партия билетін алдым. 1945 жылы әскерден босап, Алматыда қалып, университетке оқуға түстім. 1947 жылы маусымда үйлендім. 1956 жылы күзде «Алыстағы ауданда» деген атпен очерктер жинағым шықты. Өз өмірімде осындай төрт-бес кезең бар еді. Ол – осылар.

Совхоздың 60 жылдығы жазушының 70 жылдық мерейтойымен қатар келіп, аудан жұртшылығы екі тойды Көкпекті өзені бойында үлкен қызықпен дүрілдетіп өткізді. Бұл тойға Әз-ағаң жанұясымен, профессор Тұрсынбек Кәкішев, Семей басшылары К. Бозтаев басқарған қадірменді қонақтар болды. Тойдың дұрыс өтуіне совхоздың жаңадан келген жас басшысы Дүйсенғазы жастық жігерін жұмсап тамаша ұйымдастыра білді. Сый-сыяпат жасалды. Той жүргізуші салтанатты жиында маған да құттықтауға сөз берді. Мен ағама арнаған өлеңімді оқып, ұсындым. Әз-ағаң шын ықыласымен құшақтап рақмет айтып, шығармамды қабылдады. Осы арнауда: «Сонау бір жылдар, Әз-аға, бар ма есіңде? Түсер-ау еске жер кепе үйдің пеші де»деген жолдар бар еді. Әзекең бір қыс осы ауылда бастауыш класта оқыған екен. Оны өз аузынан естіген едім. Соны меңзегенім еді.

Мәуітқазы Зүкенов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу