“Таза Өскемен” қызметкерлері Жаңа жыл таңын жұмыста қарсы алды
Мереке күндері де жұмысын жалғастыра беретін мекемелер бар. Солардың бірі - "Таза Өскемен" коммуналдық шаруашылығы.
Жаңа 2024 жылдың алғашқы күнін де аталмыш кәсіпорын өкілдері қызу еңбекпен бастады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бүгін Өскемен жұрты әдеттегідей абыр-сабыр емес. Қала мерекелік демалыстың құшағына енген тәрізді. Десе де демалмай жүрген жандар да бар. Олар - "Таза Өскемен " қызметкерлері. Көшедегі қоқысты жинап, жол бойының тазалығын қадағалап жүр. 1 қаңтарда 200 қызметкер жұмысқа шыққан екен.
Тыныштықтағы көшелердің бойын жағалай әңгімелесе жүріп біз де біраз қоқыс жинасқан болдық. Жұмысшылар мұз ойғаннан қарағанда қар күрген жеңіл еді деседі. Көше бойы көк мұз. Расымен бізге де қар болмаса қыстың сәні келмейтін сияқты. Осылай ауыр еңбекті арқалап, демалыста да жұмыс істеп жүрген жандармен аз-кем әңгіме құрып қайттық.