Зайсан қаласында қысқы демалыс орны ашылды (видео)
Зайсан қаласында аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызының бастамасымен, Елдар Далабаев есімді жеке кәсіпкердің тікелей атсалысуымен мұз айдыны ашылды. Жағымды жаңалық дүйім елді қуантып тастады.
Мұнда балалар мен үлкендерге арналған конькидің барлық өлшемі бар. Мұз айдынына бір мезгілде 50-60 адам еркін сияды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Үлкен мұз айдындарында сырғанау үшін машық керек және жарақат алатындар да көп болады. Ал мынадай шағын алаңдарда әр адамға сырғанап үйренуге мүмкіндік бар. Осы жерден шеберлігін шыңдағандар кез келген ірі мұз айдынында жақсы сырғанай алады. Сырғанауды енді үйреніп жүргендерге мұнда жылжымалы тіреуіштер де бар. Бұрын сырғанап көрмеген кісілер соның көмегін пайдаланады. Қысқасы, тұрғындардың алаңсыз демалып, сырғанауына жағдай жасалған.
Қуаныш Рахметоллаұлы