Өскеменде коньки тебу. Қай жерде, қалай, қашан, бағасы қанша?
Мұз айдынына келгендер міндетті түрде маска тағып жүруі керек. Сонымен қатар конькиді жалға беретін пункттерге бір мезетте кіретін адамдар саны шектеулі болуы тиіс. Мысалы, Комсомол аралына - 5 адам, Алтай мұз айдынына - 10 адам.
«Алтай» мұз айдыны
Мұндағы мұз теп-тегіс құйылған. Жұмыс күні болса да, адам қарасы мол. Басым бөлігі -жастар мен балалар. Конькиді жалға алудың бір сағаты - 500 теңге.
- Мұз айдыны демалыс күндері 10.00 ден 23.00 ге дейін, жұмыс күндері 11.00 ден 23.00 ге дейін жұмыс істейді. Барлық жағдай жасалған. Жылы аяқ киім ауыстыру орны, арнайы зат сақтау бөлмесі, сонымен қатар алаңның ішінде буфет те бар. Коньки сағатына - 500 теңгеден жалға беріледі. Өз конькилерімен келсе тегін кіре алады. Мұнда енді үйреніп жүрген адамдарға арнайы коньки тебуді үйрететін қызметкерлер де бар. Олар жұмыс барысында қауіпсіздік шараларын қадағалайды.
- Жалға берілетін 250-дей коньки бар. Сынғандарын ауыстырып, жүзі қайтқанын қайрап отырамыз. Карантин талаптарына сай, кассаға 10 адамнан бөліп кіргіземіз, - дейді келушілерге қызмет көрсетуші Аслан Қайратұлы.
Этносаябақтағы мұз айдыны
Бұл жердің өзге мұз айдындарынан ерекшелігі – саябақтың ішін конькимен аралауға болады.
- Барлығы 150 коньки бар. Бір сағаты - 700 теңге. Ал өзімен бірге алып келушілерге мұз айдыны тегін. Сонымен бірге мұз айдынына келушілер Этносаябақтың ішін конькимен сырғанап жүріп аралай алады. Мұз тегіс. Бізге келушілердің басым бөлігі балалар. Бұдан бөлек балғындарға арналған сырғанақ төбешігін де салдық. Онда балалар стюбпен сырғанайды. Жуық арада кафе ашып, келушілердің ыстық шәй ішіп бой жылытуларына да мүмкіндік жасаймыз, - дейді Этносаябақтағы мұз айдынының қызмет көрсетушісі Аружан Мәлік.
Конькиді жалға беретін ғимараттың екінші қабатында демалыс орны да бар. Ал бағалары мынандай:
1. Стюб - 1000 теңге 1 сағ (30 мин – 700 теңге).
2. Коньки - 700 теңге 1 сағ.
3. Шана - 1000, балалар – 500 теңге. (1 сағ)
4. Сырғанақ көмекшісі – 500 теңге. (1 сағ)
5. Демалыс бөлмесі - Ересектерге 400 теңге. Балаларға – 200 теңге
Комсомол аралындағы мұз айдыны
Мұндағы бір өзгешелік - келушілерге арналған арнайы дәмхана жұмыс істеп тұр.
-Конькидің бір сағаты 500 теңге. Кафенің ішіне шәй ішуге арналған екі адамдық төрт орын бар. Сондай-ақ арнайы аяқ киім ауыстыратын жылы жер де қарастырылған. Мұз айдынына күніне 200-ге жуық адам келсе, мереке күндері 400-ден асып кетеді. Жұмыс уақыты демалыс күндері 10.00-ден 23.00-ге дейін, жұмыс күндері 11.00-ден 23.00-ге дейін.
Таунар Қайрат