Керей мен Жәнібек хандарға арналған комикс жарық көрді
Фото: Самат Құсайынов
Талантты жас қаламгер әрі суретші Ильяс Юсуфжановтың «Керей мен Жәнібек» атты комиксі жарық көрді. Қазақ және орыс тілінде шыққан комикстің таныстырылымы Алматыда өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Almaty-aqshamy.kz порталына сілтеме жасап.
Комикс жанры елімізде кенжелеп қалған жанр екені мәлім. Сондықтан да Ильяс Юсуфжанов секілді жас таланттардың аталған жанрда еңбектеніп, қазақ мемлекеттілігіне қатысты тарихи деректерді жастарға мейлінше өтімді тәсілмен жеткізуі айрықша мәнге ие.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы қаламгерлер ордасының сәлемін жеткізіп, Ильясты өз қатарларына қабылдағанын сүйіншіледі. Осылайша Ильяс Юсуфжанов Қазақстан Жазушылар одағының ең жас мүшесі атанды. Бұған қоса, комикс авторы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігі жағынан «Қазақстан Болашағы» төсбелгісімен марапатталды.
Комикс авторы Ильяс Юсуфжанов – әдеби ортаға Ильяс Юсуф деген қаламатымен танылып келе жатқан жас жазушы. Бұған дейін де бірнеше еңбектері жарық көріп үлгірген. Ол «Қазақстандық ең жас қаламгер» ретінде жергілікті Гиннес рекордтар кітабына енген.
Айжанат Бақытқызы