Шығыс Қазақстан облысы орталығындағы Халифа Алтай мешіті елдің рухани орталықтарының біріне айналып келеді деуге болады. Бұған дейін мешіт ішінен музей және кітапхана ашылған болатын. Ендігі кезекте мешіт жанынан студенттер үйі ашылып отыр.
Нақтырақ айтқанда, Өскемендегі Халифа Алтай атындағы мешіт жанынан «Кеңгір Тұра» атты студенттер үйі ашылды. Студенттер үйі 60 адамға лайықталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Онда ауылдан келген және тұратын жері жоқ студенттер жатып оқып, білім алмақ. Оларға тамақ, жатын орын тегін беріледі. Сондай-ақ ғаламтор, кітапхана, жуыну бөлмелері де қарастырылған.
– Әр өңірде осындай студенттер үйін ашу Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған болатын. Бүгін бұл бастама Шығыста жалғасын тауып отыр. Білімге құштар жастарға қолдау көрсету – біздің парызымыз. Сондықтан бүгінгі ашылып жатқан студенттер үйінің ұрпақ үшін берері мол болмақ. Енді осы студенттер үйінің іштегі қабырғасына жастарға рух берер қазақтың нақыл сөздерін жазып қойса тіптен жақсы болар еді , – деді Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы.
Студенттер үйі «Уақып» қорының демеушілігімен ашылған. Онда жатын бөлмелермен қатар спорт бөлмесі де бар.
– Бұл студенттер үйі «Уақып» қоры жанынан құрылған «Кеңгір Тұра» қайырымдылық мекемесінің қолдауымен ашылып отыр. Білімге құштар, әлеуметтік жағдайы төмен, жатын орын тапшылығы бар студенттерді қабылдайтын боламыз. Жатын орын, тамақ бәрі тегін. Арнайы спорт бөлмесі де бар. Күндіз өзінің сабағын, кешкісін имандылық сабақтарын оқитын болады, – дейді «Кеңгір Тұра» қайырымдылық мекемесінің директоры Маралхан Шерханұлы.