KZ
Өскемен
+1°
туман жел 3 м/с, В
491.7 531.28 5.07

ШҚО тұрғындары әлеуметтік сақтандыру қорынан 23 млрд. теңге төлем алды

7.02.2024, 13:11 170

Облыс бойынша төлемдердің 90%-ы ана мен баланы қолдау мақсатында жүзеге асырылған, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Елімізде 2005 жылдан бастап енгізілген мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар саны 7 млн. адамға жетті, ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 255 мың адам.

«МӘСҚ» АҚ облыстық филиалының ақпараты бойынша, Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап әлеуметтік сақтандырумен қамту жаңа санатпен кеңейтілді.

Ол жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды ертіп жүретін жеке көмекшілер, ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жүйе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғаларды қамтиды.

Жүйенің қаржылық ресурстары жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жұмыскерлер үшін төлейтін әлеуметтік аударымдардан қалыптасады, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар да өздері үшін әлеуметтік аударымдар төлейді. 

Заңнамада қызметкердің табысының 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдардың белгіленген ай сайынғы мөлшерлемесі нақты шектеулермен - бір ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) кем емес және 7 ЕТЖ артық емес болып белгіленген. 

Яғни, 2024 жылы ЕТЖ 85 000 теңге болғанда әлеуметтік аударымдардың ай сайынғы ең төменгі мөлшері 2 975 теңгені құрайды, ал аударымдарды есептеу үшін ең жоғары рұқсат етілген кіріс – 595 000 теңге, қорға 20 825 теңге төленуге жатады.
Әлеуметтік аударымдарды  уақтылы және толық төлеу өте маңызды, өйткені әлеуметтік төлемнің мөлшері осыған тікелей байланысты. 

2023 жылы облыс бойынша 35,3 мыңға жуық адам қордан жалпы сомасы 23,8 млрд. теңге әлеуметтік төлем алды. 

Әлеуметтік төлем түрлеріне тоқталсақ, жүйе еңбекке қабілеттілігінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша екі ұзақ мерзімді төлемді көздейді, олар бюджеттен тағайындалатын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша қордан төленеді. 2023 жылы мұндай төлемдерді мүгедектігі бар 3,5 мың жұмыс істейтін азамат және асыраушысынан айырылған 3,1 мың отбасы алды. 

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен еңбекке қабілеттілігінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша ұзақ мерзімді төлемдердің мөлшері тағы да 7%-ға артты.   

Қордан келесі әлеуметтік төлем жұмысынан айырылу жағдайы бойынша жүйеге қатысушыға жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап тағайындалады. 2023 жылы облыс бойынша бұл төлемді 1,4 млрд. теңге сомаға 6,3 мың адам алды.  

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. 2023 жылы облыста осы біржолғы төлемді 11,8 млрд. теңге сомаға 7,3 мың болашақ ана алды.

Сонымен қатар, аталған кезеңде облыста 14,9 мың адам бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем алып, оларға қордан 8,1 млрд. теңге төленді. Бұл төлемнің ұзақтығы бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды. 

Осылайша, облыс бойынша төлемдердің 90%-ы ана мен баланы қолдау мақсатында жүзеге асырылған.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға барынша жағдай жасалып, «Бір терезе» қағидаты бойынша іске асырылуда. Мәселен, еңбекке қабілеттілігінен айырылуы бойынша төлемді медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы, мүгедектігі анықталған кезде бірден, ал жұмысынан айырылу бойынша төлемді мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген кезде немесе enbek.kz. «Электрондық еңбек биржасы» порталы арқылы алуға болады,-деп түсіндірді «МӘСҚ» АҚ облыстық филиалының өкілі.

Электрондық қызметтерді дамыту жөніндегі бастаманы екінші деңгейдегі банктер те қолдап отыр. Олардың кейбірінің мобильді қосымшаларында бала күтімі және жұмысынан айырылу бойынша төлемдерді тағайындауға болады.  

Жүйе туралы толығырақ ақпарат қордың www.gfss.kz сайтында немесе Instagram: gfss_; Facebook және Youtube: @gfsskaz) әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында қолжетімді. Филиалдың Instagram парақшасы gfss.vko және байланыс телефоны : 8-7232-293-242. 
                                                                           
                                                                           Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив