Өскеменде жол жүру жеңілдіктері 15 жастан 18 жасқа дейін ұзартылды
Енді өскемендік жасөспірімдер қоғамдық көліктерде бұрынғыдай 15 жасқа дейін емес, 18 жасқа дейін жеңілдікпен жүре алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған жеңілдікті қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Жол ақысын жол картасымен төлеу кезінде жасөспірімдер үшін көлік тарифі 45 теңге болады.
- 15 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға жол жүру құнының елу пайызына жеңілдік қарастырылған. Аталған жеңілдік 2023 жылғы желтоқсаннан бастап Өскеменнің барлық тұрақты қалалық маршруттарында (трамвай, автобус) қолданылады. Жеңілдікті көлік картасын алу үшін өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатты немесе баланың туу туралы куәлігін, оқу орнынан анықтама, сондай-ақ 3х4 немесе 4х5 форматтағы фотосын ұсыну қажет, - деді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева.
Картаны «Өскемен жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС-нен Жібек жолы көшесі, 3 мекенжайы бойынша алуға болады.
Айжанат Бақытқызы
Оқи отырыңыз