Өскемендегі өлкетану музейінде ерекше көрме ашылды
Бұл жолғы көрмеде Қиыр Шығыс мұрағатынан алынған кәрістерді депортациялау туралы құжаттар ұсынылған. Сондай-ақ Саратов облысынан жер аударылған Практ отбасы, Одесса облысынан Гернер отбасы, Әзірбайжан КСР-нен жер аударылған Кун және Бек отбасыларының құжаттары да көрме төрінен орын алған.
Жалпы «Алғысым жүректен шығады» атты көрмеге әр жылдары жер аударылған поляк, кәріс, неміс, шешен, ингуш және өзгеде халықтардың тағдыры арқау болған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1936 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен поляктар Украинаның шекаралас облыстарынан қуылды. Қазақстанға негізінен, республиканың солтүстік облыстарына 35 739 адам қоныстандырылған. Ал Кәрістердің тағдыры КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен «ВЛКСМ» Орталық Комитетінің 1937 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен айқындалған.
Ал 1944 жылы 23 ақпанда шешендер мен ингуштарды күштеп көшіру басталған. Сол тұста Қазақстанға 344 589 адамды, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысына 34 167 адамды қоныстандыру жоспарланыпты.
Аталған көрмеге қойылған құжаттар мен фотосуреттер Қазақстанға жер аударылған сол бір өзге халық өкілдерінің басынан өткен сынақтардан сыр шертеді.