Әйел араласқан істе береке бар
Қар көбесі сөгіліп, күн шуағы төгіліп, көктем иісі сезілген шақта ауылда, қалада әр салада еңбек етіп жатқан нәзік жандылар облыс орталығында бас қосты. Бірі білім беріп, бірі халықты емдеп, енді бірі билік басында ерлермен иық тіресе қызмет етіп жүрген арулар мереке қарсаңында облыс орталығында өтіп жатқан түрлі мәдени, рухани іс шараларға қатысып, концерттік бағдарламаларды, театр қойылымын тамашалады.
Аудандар мен қалалардан Өскеменге келген аруларға ұмыт болған ұлттық өнерімізбен танысуға да мүмкіндік туды. Олар қаладағы «Keremet sadaqaty» орталығына барып, садақ атудың, мергендік спорттың қыр-сырын біліп, үйренді. Орталық менеджері Шырай Нұрлатқызы келген қонақтарының әрқайсына садақ атудың тәсілін үйретіп, тарихын әңгімелеп берді.
Жебені адырнаға керіп, нысананы дәлдей көздегенде өн бойын өр рух кернеп, көңілі көкке самғады. Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылынан келген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жаннұр Әшімханова ұлттық нақыштағы киім киіп, садақты қолына алуы өзін дәл осындай ерекше күйге бөлегенін айтты.
Қазақтың бес қаруының бірі садақты қолына ұстаған Қорлан Хисаметова «Қазақ екенімді сезіндім!» деп садақ атудан алған айрықша әсерімен бөлісті. Риддер қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары болып еңбек етіп жатқан ол мереке қарсаңында ұйымдастырылып отырған мұндай шараның расымен де қыз-келіншектер қауымын күнделікті жұмысбастылықтан, күйбең тірліктен бір сәт те болса арылтып, тамаша көңіл-күй сыйлағанын жеткізді.
Әр салада абыройлы еңбек етіп, қоғамның, ұжымның, ауылдың ұйтқысы болып жүрген арулар қандай құрметке, мақтауға да лайық. Зайсан ауданының Сарытерек ауылынан келген мәдениет майталманы Гүлбарам Уалиева, Зайсандағы мектеп интернаттың дене тәрбиесі мұғалімі Сәуле Серікбаева, Күршім ауданы Қыстаукүршім негізгі орта мектебі директорының міндетін атқарушы Назым Рысбаева басқа да қыз-келіншектер қауымының бүгінгі ауыл, ертеңгі болашақ, қол жеткізген нәтижелері, алдағы мақсаттары жайлы әңгімелерінен әйел араласқан қай істе де береке барына тағы бір көзіміз жеткендей.
Мерекелік кездесуге келгендер аймақта арнайы ұйымдастырылып отырған мерекелік шараның өздеріне көтеріңкі көңіл- күй сыйлағанын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Жанаргүл Мұқатай