Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев өңіріміздің аруларымен кездесіп, оларға ізгі тілегін жеткізді.
Айта кетейік, салтанатты іс-шараға облыстың барлық аудан-қаласынан жиылған сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысты. Арасында «Казцинк» кәсіпорнында 40 жыл табан аудармай еңбек еткен ардагер металлург те, бір жылдың ішінде 30-дан астам қылмыстың бетін ашқан сақа тергеуші де, өскелең ұрпаққа тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын үйретіп жүрген білікті бапкер мен ата-аналардың алғысын арқалаған тәжірибелі логопед-дефектолог та болды. Бұл күні мерекелік жиынға шақырылған қыз-келіншектердің барлығы облыс әкімімен сұхбат құрып, ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың бірқатарына Мемлекет басшысының алғыс хаты табыс етілді.
Сондай жандардың бірі «Үміт» балалар үйінің директоры, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Майра Бейсеқанова еді.
– Шынын айтсам, бүгін осындай марапатқа ие боламын деп ойламадым. Ел Президенті мен облыс әкімінің алғыс хаттарына күнде ие бола бермейсің ғой. Ел ағаларына еңбегімізді елеп, ескеріп, бүгінгі жиынға шақырғандары үшін зор алғысымды айтамын. Осындай жетістіктерге жетуім, абыройға ие болуым, бәрі ұжымымның арқасы. Жалғыз ағаш орман болмайды. Осыншама жыл бойы менімен бірге еңбек етіп келе жатқан әріптестеріме де, ұл-қыздарыма да ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі іс-шараға қатысып отырған қыз-келіншектерді, жалпы әйелдер қауымын сегізінші наурыз мейрамымен құттықтаймын, – деді Майра Баймұханқызы.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев болса Майра Бейсеқанова сияқты жерлестеріміздің өмірі жастарға өнеге, ал ісі үлгі болуға тиіс екенін жеткізді. Жалпы, бұл күні Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің алғыс хаттарына «Үміт» балалар үйінің директорынан бөлек, тағы бірнеше адам ие болғанын айту керек.
– Шуақты көктем мерекесі, сегізінші наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Әйел – ана, тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі. Түрлі салада жоғары жауапкершілік пен қажыр-қайраттың ерен үлгісін көрсетіп, елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген сіздерге зор алғыс айтамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде отбасы институты дамып, әйелдер қауымы үшін барлық жағдай жасалуда. Көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау басты назарда. Біз анасын ардақтап, аруын аялай білген халықтың ұрпағымыз. Сіздерге деген құрметіміз ерекше. Бүгінгі ыстық ықылас пен ақ тілек, ізгі ниет тек сіздерге арналады. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін! – деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.