KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
485.11 523.82 5.02

Глубокое ауданында садақ атудан турнир өтті

20.03.2024, 17:31 168 Анель Слямғазықызы

20 наурыз - Ұлттық спорт күніне орай Глубокое кентінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен садақ атудан жастар арасында ашық турнир өтті. 
Жарысқа 14-35 жас аралығындағы мергендер қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

-    Әр қазақтың қанына сіңген өнер болғандықтан, бір рет қызығып атып көрген кісі жанады, ұнатады, сүйеді. Садақ ату бір терапия сияқты. Тек спорт ғана емес, денсаулыққа да пайдасы зор. Бүкіл 12 мүшеге, көзге, сана мен жүректің теңдігіне әсер етеді. Бұл спорт қобалжуды басуға, өз-өзіңді ұстай білуге – эмоциялық, психологиялық тұрғыда үлкен жұмыс және үлкен нәтиже береді, - дейді турнирдің ұйымдастырушысы, Өскемен садақ ату федерациясының президенті Ажар Рахметқызы. 

Ажар ханым садақ ату спортына 2015 жылы келген. Қазіргі таңда Шығыстың бес өңірінде садақ ату орталықтарын ашып отыр. Зайсан, Риддер,Тарбағатай ауданының Ақжар кентінде, одан бөлек Глубокое кентінде және Өскемен қаласында филиалдары бар. Федерация 2022 жылдың тамыз айында өз жұмысын бастап, екі жылдың ішінде ғана мерген Ажар ханымның шәкірттері «спорт шеберінен үміткер», «спорт шебері» титулдарын алып үлгерді. 
Турнирдің нәтижесі бойынша ерлер арасында бірінші  орынды Олжас Юсупов иеленді. Екінші  орында - Азамат  Тұрабаев. Ал үшінші орынды Арнұр Қуатұлы қанжығалады. 
Қыздардың арасында бірінші орынды Алиса Мерзянова алды. Екінші орынды –Альбина Әлібекова, үшінші орынды Бибәди Тұрымтай еншіледі.
Біз жүлдегерлермен тілдесіп, турнир жайлы пікірлерін тыңдадық. 

- Садақпен айналысып жүргеніме 1 жылдай болды. Садақ ату ішкі жан дүниенің тыныштығын талап етеді. Көбінде қобалжу болғындықтан, дайындықта жақсы атып жүргендерде ата алмай қалулары мүмкін. Дәстүрлі спорт дами берсін. Қатысушылар көбейе берсін. Жеңісті күндеріміз көп болсын, - деді барған жерінде жеңісті қолдан бермейтін сұрмерген Олжас Қалыбекұлы.

Сондай-ақ екінші орынды қанжығасына байлаған Азамат Тұрабаев та турнирден алған әсерімен бөлісті: 

- Садақ атып жүргеніме 6 ай болды. Глубокое кентіне екінші рет жарысқа келіп отырмын. Наурыздың қарсаңында өтіп жатқан тамаша. Бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Елімізді Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ақ мол болсын, жаманшылық жоқ болсын, - деді Азамат Тұрабаев. 

Ал Арнұр Қуатұлының садақ атумен айланысып жүргеніне төрт ай ғана болса да, турнирде топ жарып, үшінші орынды иеленіп отыр. Қазір Арнұр Өскемендегі «Керемет» садақ ату орталығының инструкторы екен.

- Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өтті. Тартысты дода болды. Бұйырғаны - үшінші орын. Глубокое ауданынана осындай жарыс болады дегенді естіп, Өскемен қаласынан келдік. Садақ атумен айналысқаныма төрт ай болды. Барша Өскемен халқын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі Ұлттық спорт күнін атап өткен жөн. Ұлттық спортты дамыта берейік. Садақ ату жасасын! – деді үшінші орын игеленген Арнұр Қуатұлы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив