Бозкілемге әскерилер беттеді
Өскеменде қазақ күресінен тағы бір байрақты бәсеке мәресіне жетті.
Облыс орталығында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогы үшін ел чемпионаты өткен болатын. Жарыс 1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ІІМ Ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алуға арналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, біріншілікке Шығыс, Оңтүстік, Орталық, Батыс өңірлік қолбасшылықтарының, сондай-ақ, Ұлттық ұлан академиясы мен №6654, №5573 әскери бөлімдерінің командалары қатысты.
Балуандар алты салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Дәлірек айтсақ, жарысқа қатысқан 50-ге жуық спортшы 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақтарда өзара мықтыны анықтаған. Арасында қазақ күресінен Әлем чемпиондары да болды.
Аса тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынға №5573 әскери бөлімінің командасы ие болса, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрамасы екінші орынға табан тіреді. Ал үздік үштікті «Орталық» өңірлік қолбасшылығының командасы түйіндеді. Жеңімпазды Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев құттықтап, марапаттады.
Айта кетейік, екі күнге созылған дода облыс орталығындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Жекпе-жек сарайында өткен болатын.