Өскеменде каратэден республикалық чемпионат өтіп жатыр (видео)
Бүгін Өскеменде кёкушин будокай каратэден республикалық чемпионат өтіп жатыр. Жеңімпаз атанған спортшылар мамыр айында Алматы қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Каратэ, аудармасы - «қарусыз қол», бірақ, бұл спорт түріне қол-аяғы қарулы спортшылар ғана қатысады. Неге? Өйткені аяқ-қол арқылы қарсыласының әлсіз тұсына соққы беруі шарт. Елімізге 1991 жылдары келген каратэден жастардың көрсетіп жүрген нәтижесі де жаман емес. Бұл сөзімізге облыс орталығында өтіп жатқан сайыс дәлел.
Ел чемпионаты шаһардағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ден аса үздік спортшы және қолдаушы ата-аналары келген.
Чемпионатта каратэден республика чемпиондары, спорт шеберлері бақ сынауда. Ұйымдастырушылар жарыстың дәл Өскеменде өтуі де жай емес дейді. Анықталғандай, шаһарымыз киокушинкай каратэнің отаны екен, өйткені 1994 жылы ең алғашқы мектеп біздің қалада ашылған.
Чемпионаттың қорытындысы 8 сәуір күні белгілі болады.