Елімізде авто, теміржол және авиация саласында мамандар тапшы. Кейінгі кезде жол құрылысының, көлік логистикасының қарқынды дамуы осы салаларда еңбек ететін білікті мамандарға деген сұранысты арттыра түсті. Бұл туралы көлік саласы мамандарының өскемендік оқушылармен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Көлік министрі Марат Қарабаев аталған саладағы кадрларды тиімді даярлау мен дамытуға баса назар аударуды тапсырған. Соның аясында 9-11 сынып оқушыларымен кездесу өткіздік. Ондағы мақсат - білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орната отырып, болашақ мамандарды тарту. Кездесу аясында балаларға көлік саласының маңызы мен мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді, – дейді Шығыс Қазақстан облысы көліктік бақылау инспекциясының басшысы Абай Абатов.
Бүгінде авто, теміржол және авиацияда шамамен 9 мың 800 маман жетіспейді (жол саласы – 2500, темір жол – 3500, авиация – 600, теңіз көлігі – 3200). Ал, Шығыс Қазақстанда мыңға жуық маман тапшы.
Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінде істеп жүргендердің 10 пайызы ғана арнаулы білім бар маман екен.
– Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мамандықтар бойынша гранттарды жыл сайын ұлғайту мәселесін қарастырып келеді. Мәселен, 2024-2027 жылдарға «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламасына 839 грант бөлінді. Қазақстандық студенттерді даярлау үшін шетелдік ғалымдарды тарту мүмкіндігі де қарастырылмақ, – деп атап өтті Ұлттық жол активтері сапасы орталығы облыстық филиалының бөлім басшысы Саяхат Мұсапыров.