ШҚО-да ауыл туризміне айырықша көңіл бөлінеді
Фото: Редакция мұрағатынан
Қазірдің өзінде туристерді Коробиха, Зимовье және Поперечное ауылдарында жайлы қонақ үйлер күтіп тұр. Бұл тәжірибені Шығыс Қазақстан облысының басқа аудандарында да жүзеге асыру көзделген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте Шығыс Қазақстан облысының әкімі әкімі Ермек Көшербаев өңірде қолға алынған ауыл туризмін дамытудың бірегей тәжірибесі туралы айтып берді. Бұл жобаның ерекшелігі сол облыс тұрғындарымен қатар Төр Алтайдың тұмса табиғатын тамашалап, тарихи жерлерін көргісі келетіндерге, сонау түкпірдегі томаға тұйық өмір сүріп жатқан ауылдағы ағайынның тұрмыс-салтымен, мәдениетімен танысқысы келетіндерге тамаша мүмкіндік сыйлайды.
Сондай-ақ өңір басшысы аймақтың туристік тартымдылығын арттыра түсу үшін Шығыста халықаралық деңгейдегі фестивальдар мен акциялар өткізілетінін мәлім етті. Олардың ішінде қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнерін дәріптейтін және бұл күнде туристердің зор қызығушылығын тудырған Бүркітшілер фестивалін атап өтуге болады.
Жақында Өскемен маңында «Altai Fest Өрлеу» фестивалі өтіп, оған екі мыңға жуық адам қатысты.
Жыл соңына дейін Бұқтырма су қоймасының курорттық аймағында туристер үшін тағы бір ауқымды фестиваль - «BUKHTARMA FEST-2024» жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің айтуынша, Катонқарағай ауданында TORRE компаниясы жалпы құны 8,3 млрд теңге болатын бес жұлдызды қонақ үйін салмақ. Инвестициялық жобаны 2025 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар «Катонқарағайдың тұрақты дамуы» қоры PKF Hospitality (Австрия) халықаралық компаниясының қатысуымен аудан туризмін дамытудың жоспарын әзірлеуде.
Белгілі болғандай, қазір Шығыс Қазақстанда парапланер спорты, рафтинг және білім беру туризмін дамытудың бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізілуде. Облыс әкімі туризмді дамытуға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Мысалы, биыл туризм нысандарын салу немесе қайта жаңғырту кезіндегі шығындардың бір бөлігін өтеуге 662,2 млн теңгенің төрт өтінімі мақұлданды. Бұл «Мұзтау және К» ЖШС, «Топқайың» ЖШС, «Заречье «Эко-Лэнд» ЖШС және ЖК Мусин ұсынған жобалар.