KZ
Өскемен
-7°
небольшая облачность жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Шығыстан он төрт спортшы қатысады

Фото: exk.kz

12.07.2024, 17:01 265 Қызырбек Дүргінбайұлы

Биыл елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында облысымыздың 14 спортшысы бақтары мен баптарын сынға салады. Олардың ішінде 12 балуан арқан тарту бойынша сайысқа түссе, біреуі білек күшін сынға салатын таяқ тарту спортында күш сынамақ. Ал Қазақстанның намысын қорғайтын санаулы сұрмерген қыздардың біреуі біздің облыстан екенін де естеріңізге сала кетейік. Қазір көшпенділер ойынының жолдамасын қоржынға салған спортшыларымыз қызу дайындыққа кірісіп кеткен.

Дүбірлі дода жақындап келеді. Қыркүйектің басында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының туы Астана төрінде желбірейтін болады. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғауға өңірімізден баратын спортшылардың дайындық барысы туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының өкілдері баяндап, баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз жиынына көшпенділер ойынына баратын спортшылар да қатысып, алдағы додаға дайындықтары туралы айтты.  

– Жоғарыда айтқанымыздай, Дүниежүзілік көшпенділер ойынына шығысқазақстандық саңлақтар үш спорт түрі бойынша қатыспақ. Арқан тарту сайысында 12 адамнан тұратын команда бақ сынайды. Олар: Ербос Қадырбаев, Дастан Ошақбаев, Азамат Уәлиев, Тимур Ермоянов, Артем Супонев, Станислав Пеньяев, Жан Жапышев, Алмас Жүніс, Дінислам Шәкіров, Руслан Жамбылов, Дәурен Шәріпов, Алтай Жабықпаев және жаттықтырушы Ерлан Уәлиев қатарлы балуандарымыз додаға дайындалып жатыр. Ал дәстүрлі садақ ату бойынша Ажар Төлеуханова сайысқа түссе, таяқ тартудан Тахмина Қожамбердиева күш сынайтын болады, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының жоғары жетістіктер спорт бөлімінің басшысы Аида Жуханова.

Басқарма өкілдері мен спортшылар алдағы дүбірлі дода барысына да кеңінен тоқталды. Қазақ елінің төрінде өтетін көшпенділер ойынына 89 елден делегация келіп қатысып, 21 спорт түрінен мықтылар бақ сынайды. Бүгінгі таңда елімізде өтетін көшпенділер тойында жиыны 2500-ден аса спортшы өнер көрсетпек. Ал дүбірлі тойдың ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында болады.

Жалпы биылғы жаһандық додада 113 медаль жиынтығы сарапқа салынып, спортшылар 21 спорт түрінен байрақты бәсекеде сынға түсетінін айттық. Ал ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтеді. Сондай-ақ дүбірлі дода қарсаңында ұлттық құндылықты насихаттайтын көрмелер ұйымдастырылып, мерекелік концерттер өтетін болады.

Алтайдың намысын Ажар қорғайды

Жоғарыда айтқанымыздай біздің облыс спортшылары арқан тарту, таяқ тарту және дәстүрлі садақ ату қатарлы үш спорт түрі бойынша ел намысын қорғайды. Кенжелеп барып қолға алынса да қарқынды дамып келе жатқан ұлттық спорттың бір түрі – дәстүрлі садақ ату. Байырғы заманда садақты қару ретінде қолдансақ, бүгінгі таңда спорт ретінде дамыту қолға алынып отыр. Әсіресе соңғы жылдары садақ асынған жастардың қатары артып келеді. Шығыста осы бір ұлттық спорттың ұпайын түгендеуге атсалысып жүрген жандардың бірі – Ажар Төлеуханова. Енді міне, «садақ толы сайгез оғын» асынып V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аттанғалы отыр. Алғашқы оқу-жаттығуды Алматыда өткізіп, жарыс жақындағанда Астана төрінде дайындықты қыздыра түспек.

– Әркез төгілген тердің өтеуі, істеген еңбектің жемісі болады. Шығыста садақ ату орталығын ашып, балаларды мергендікке тәрбиелеуді бастағанымызға көп бола қойған жоқ еді. Енді міне, өзім алдағы көшпенділер ойынының жолдамасын ұтып алып отырмын. Бұл бізде дәстүрлі садақ ату спортының дамуына дем беріп, шәкірттеріме шабыт сыйлайды деп ойлаймын. Сондықтан да мен барымды салып дайындалатын боламын. Дайындықты әуелі Алматыда өткізетін боламыз, жарыс жақындағанда Астанаға барып жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бізге әрдайым облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетіп келеді. Осыған дейін Малайзия елінде өткен жарысқа барып қатысып, үлкен тәжірибе жинап қайттым. Алайда ол жақтан жолдама ұта алмасам да, Алматыда өткен жарыста жолдамаға қол жеткіздім. Жалпы жарысқа қатысқан адам көп тәжірибе алады екен. Мысалы, соңғы жолдама үшін сайыста оқтың рөлі басым екенін біліп, Түркиядан арнайы оқ алдырдым. Соның арқасында жеңіске жеттім. Жалпы садақ ату сайысы спортшыға психологиялық тұрғыдан өте ауыр, өйткені әр кезеңдегі өз нәтижең көз алдыңда көрініп тұрады, – дейді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жолдамасын ұтып алған сұрмерген Ажар Төлеуханова.

Иә, Шығыста дәстүрлі садақ ату спортын дамытып жүрген санаулы ғана жанашыр жандар бар. Солардың бірі – Ажар Төлеуханованы қолына жебе ұстап, адырнаға қол салып көрген жандардың көбі біледі. Енді міне, еңбекқор жан дүбірлі додада бақ сынап, Алтайдың намысын дүниежүзілік додада қорғамақ. Айтпақшы, Ажар бұл жолғы дүниежүзілік додада еліміздің намысын қорғайтын 10 садақшының бірі.

Ал біз бұған дейін Өскеменде жасөспірімдер арасында өткен сайысты тамашалауға барғанымызда дәстүрлі садақ спорты бойынша Ажармен бірге ел намысын қорғайтын мергендердің бірін әңгімеге тартқан болатынбыз. Садағына сүйене тұрып әңгіме өрбіткен сұрмерген Шығыста бұл дәстүрлі спорт түрінің жақсы дамып келе жатқанына ризашылық білдіріп, алдағы жарысқа дайындықтары туралы айтқан болатын.

– Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың мүшесімін. Алла қаласа күзде елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында дәстүрлі садақ ату сайысы бойынша жерлестеріңіз Ажар Төлеухановамен бірге бақ сынамақпын. Жалпы адырна мен жебені қолға алғаныма үш жыл ғана болса да, екі рет ел чемпионатында жүлдегер атандым. Спортшы ретінде жарысқа қатыссам, осы спорттың жанашыры ретінде дамуына атсалысып келемін. Еліміздің түкпір-түкпірінде жарыстар ұйымдастырып, жас мергендерге жігер беріп келеміз. Бірқатар облыста дәстүрлі садақ ату спорты жақсы дамуда, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының спортшылары да бұл өнерді қарқынды қолға алды. Соның бір дәлелі Өскеменде өтіп жатқан ел чемпионатына 300-ге тарта спортшының қатысып жатқанын айтуға болады, – деді дәстүрлі садақ ату бойынша Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, V дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға жолдама алған мергендердің бірі Бақберген Сәлімов.

Иә, осыдан-ақ Ажардың артынан ерген шәкірттерінің көзге түсіп, дәстүрлі садақ ату спортының өңірде дами бастағанын көруге болады. Әлі талай сұрмерген Алтайдың атын алты құрлыққа танытады дегенге сеніміміз зор.

Жамбы атудың ережесін жаңғыртқан

Жоғарыда атап өткеніміздей көшпенділер ойындарының бағдарламасына бірқатар спорт түрі енгізілген. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек түрлері бойынша жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құспен ұлттық аң аулау түрлері, халықтық ойындар, сондай-ақ этникалық спорт түрлері бойынша көрсетілімдер бар.

Спорттық сайыстарды әр елден келген төрешілер құрамы бағалап, жеңімпаздарды анықтайтын болады. Соның ішінде дәстүрлі садақ ату сайысы бойынша жерлесіміз Жұмағазы Мұхамеджанов төрелік етеді. Жерлесіміз Тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет жамбы ату сайысының ережесін жаңғыртып, зерттеп жасап шыққанын айтады. Тәжірибелі мерген еліміздегі садақ ату спортының дамуына 15 жылдан бері атсалысып, тер төгіп келеді. Ұлттық спорттың жанашырын Шығысқа келген сапарында сөзге тартып, аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

– Ең алғаш бұл спортты төрт садақпен бастаған едік. Мен 2009 жылы Кореядан төрт садақ алдырып, сонымен садақ ату өнерін спорттық негізде дамытуды бастап кеткен болатынбыз. Сол тұста Ұлттық спорт федерациясының ұсынысы бойынша жамбы атудың ережесін жаңғыртып, жасап шықтым. Қазір елімізде дәстүрлі садақ ату спорты қарқынды дамып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жарыстар өтіп, садақшылар саны арта түсуде. Статистика бойынша қолында жеке садағы мен жебесі бар Қазақстанда 1000 қыз бар екен. Осыдан-ақ дәстүрлі садақ ату спортына деген қызығушылықтың жоғары екенін көруге болады. Сондай-ақ бұл өзі кез келген адам айналысуға қолайлы өнер. Ал алдағы көшпенділер ойынына келер болсақ, мені дәстүрлі садақ ату бойынша бас төреші ретінде белгіледі. Түгел жұрт көз тігіп отырған байрақты бәсекені әділ өткізуге атсалысатын боламыз, – дейді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дәстүрлі садақ ату сайысы бойынша бас төрешісі Жұмағазы Мұхамеджанов.

Елімізде болатын дүбірлі дода «Астана-Арена» стадионында, «Қазанат» ипподромында, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз айдынында, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде және «Думан» кешенінде өтеді. Ал біз тілге тиек етіп отырған дәстүрлі садақ ату, құспен аң аулаудың ұлттық түрлері бойынша сайыстар «Қазанат» ипподромында және Этноауыл аумағында өтеді. Сондай-ақ сайыспен бірге «Астана – көшпенділердің астанасы» атты театрландырылған қойылым мен Қазақстанның үздік қолөнершілерінің ірі көрме-жәрмеңкесін де тамашалауға болады. Қысқасы, көшпенділердің мәдениеті, салт-дәстүрі, сән-салтанатымен танысып, бұл додадан рухтанып қайтуға болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу