«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына байқау жарияланды
фото: gov.kz
«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына конкурс жарияланды. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Конкурс волонтерлік қозғалысты дамыту мен қолдауға, сондай-ақ әлеуметке және қоғамға пайдалы міндеттерді шешуге елеулі үлес қосқан отандық және халықаралық волонтерлер мен волонтерлік топтарды, волонтерлік ұйымдарды ынталандыруға бағытталған.
Сыйлық адамдарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, білім беру мен мәдениетті дамыту, төтенше жағдайлардың дер кезінде шешімін табу және қоғамдық өмірдің басқа салаларында да жүйелі қызмет атқарған волонтерлер қауымдастығының ең белсенді өкілдерін анықтауға арналған.
Сыйлық 15 номинация бойынша тағайындалады:
Үздік волонтерлік ұйым;
Корпоративтік волонтерлік көшбасшы;
Тұрақты даму мақсатының көшбасшылары;
Үздік әлеуметтік көмекші;
Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін;
Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін;
Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін;
Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін;
Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін;
Білімді әйгілеудегі үлесі үшін;
Қоршаған ортаны сақтау және қорғау үшін қосқан үлесі үшін;
Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін;
Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін;
Жануарларды қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін;
Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін.
2024 жылғы 25 шілде мен 5 қыркүйек аралығында «Qazvolunteer.kz» сайтында құжаттарды қабылданады.
«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын тағайындау қағидаларымен және қажетті құжаттар тізімімен «Qazvolunteer.kz» немесе www.adilet.kz сайттарынан танысуға болады.
Қатысу ережелері мен құжаттарды тапсыру тәртібі туралы толық ақпаратты +7 (7172) 741286, 740311 байланыс нөмірлері немесе r.krasnoschekov@mki.gov.kz электрондық поштасы арқылы алуға болады.