KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 7 м/с, СБ
443.44 480.51 4.88

ШҚО спортшылары ел кубогы үшін жарыста 11 медаль жеңіп алды

17.01.2019, 09:52 307


Өскеменде жеңіл атлетикадан ел кубогы үшін жарыс мәресіне жетті. Жылдағыдай биылғы додада да шығысқазақстандық атлеттер қоржындарын жүлдеге толтырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Айта кетейік, бұл жолғы жарысқа облысымыздың атынан негізінен жас спортшылар қатысқан болатын. Осыған қарамастан, жеңілатлеттеріміз ойдағыдай өнер көрсетіп, өздеріне артылған сенімді ақтай білді деуге толық негіз бар. Мәселен, ядро лақтыру бәсекесінде семейлік Ольга Хижняковаға тең келер ешкім болмады. Бұл сында екінші орынды тағы бір шығысқазақстандық атлет Эрика Кем жеңіп алды.


Сол сияқты 400 метрге жүгіру сайысының қорытындысы бойынша да жеңіс тұғырының алғашқы екі орнына жарыс иелері ие болды. Аталған бәсекеде Андрей Соколов топ жарса, Ефим Тарасов екінші нәтиже көрсетті.


Тағы бір алтынды облыс құрамасының қоржынына Орынгүл Зікіриенова салды. 60 метрге кедергілер арқылы жүгіру бәсекесінде өскемендік ару жарыстың басты фавориті саналған павлодарлық Роксана Оспанованың алдын орап кетті.


Өскемендегі доданың күміс медальдарына Регина Митрофанова (800 метрге жүгіру), Артур Гафнер (ядро лақтыру) мен Александра Лошкарева (биіктікке секіру) ие болса, Владислав Бахтин (биіктікке секіру), Рүстем Әлмағамбетов (200 метрге жүгіру) және Иманмәди Құсманов (800 метрге жүгіру) қанжығаларын қола жүлдемен майлады.


Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды Қарағанды облысының құрамасы жеңіп алса, екінші сатыға Алматы қаласының жеңілатлеттері табан тіреді. Ал үздік үштікті қоржынына 11 жүлде түсірген Шығыс Қазақстан облысының командасы түйіндеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив