Өскемендік өрт сөндіруші Alash Pride турнирінде топ жарды
Өскемен қаласының №5 ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы Қуаныш Қызырбеков Шымкент қаласында өткен MMA бойынша Alash Pride халықаралық турының бірінші кезеңінде жеңімпаз атанды.
Азаматтық қорғаныстың кіші сержанты әртүрлі елдердің, атап айтсақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Иранның 100-ден астам мықты файтерлері арасында тамаша нәтиже көрсетті. Спортшы 65,8 кг салмақ дәрежесінде күш сынасты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кету керек, турнирде өнер көрсеткен жігіттер жекпе-жек, жекпе-жек самбо, джиу-джитсу, грэпплинг және ММА бойынша жекпе-жектің бірнеше кезеңін бірден көрсетті.
Қуаныштың жаттықтырушысы №9 ӨСБ-нің жүргізушісі, жекпе-жектен Әлем чемпионы Ерзат Сақабанов екенін айтқан жөн.
Қуаныш Қызырбеков төтенше жағдайлар жүйесінде 4 жылдан бері жұмыс істейді. Тілсіз жаудың алдын ала жүріп, төтенше жағдайда адамдарға көмекке келеді әрі спортпен шұғылдануға да үлгереді.