KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями Штиль
516.91 586.33 6.3

«Торпедо» ел чемпионатының финалына шықты

3.04.2025, 22:00 258 Нұржан Кенжеұлы

«Торпедо» – финалда! Pro Hokei Ligasy, былайша айтқанда Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп жатқан өскемендік команда тұңғыш рет доданың ақтық сынына жолдама алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әркімге бұйыра бермейтін Pro Hokei Ligasy кубогына енді қол созым жер ғана қалды. Ол үшін жерлестеріміз шешуші айқаста жолындағы соңғы қарсыласы Көкшетаудың «Арланын» тізе бүктіруі керек.
Финалға апарар жолдың оңай болмағаны рас. Жерлестеріміз алдымен жарыстың регулярлық чемпионатында 58 ұпаймен екінші орын алғанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Чемпионат барысында 40 кездесу өткізген «торпедолықтар» қарсыластар қақпасына ауыз толтырып айтарлықтай 133 шайба соққаны да есімізде. Осылайша, Андрей Корабейников шәкірттері келесі, плей-офф кезеңіне күні бұрын жолдама алған болатын.
Плей-офтағы алғашқы қарсыласы «Ақтөбе» командасын өскемендік хоккейшілер бес кездесудің қорытындысы бойынша 4:1 есебімен сенімді ұтты. Есесіне, одан кейінгі қарсыласы әжептәуір қарсылық көрсетті. Жарыстың жартылай финалында «Торпедо» мен Ташкенттің «Хумосы» арасындағы айқастың жеңімпазын анықтау үшін жеті ойын қажет болды. Нәтижесінде, финалға бергісіз серияда бағы мен бабы қатар шапқан торпедолықтар 4:3 есебімен жеңісін тойлады.
Жалпы, өскемендік және ташкенттік командалар арасындағы серия тартысқа толы болғанын айту керек. Бұған дейінгі кезеңде Рудныйдың «Горнягін» тізе бүктірген Дмитрий Катаев бастаған өзбекстандықтар «Торпедоны» да қапы қалдыруға ниетті екендіктерін жасырмады. Тіпті, алғашқы төрт ойыннан кейін 3:1 есебімен серияда алда тұрды. Осыдан кейін жергілікті жанкүйерлердің көңіліне бір күдік ұялағаны рас. Дәл осындай сын сағатында өскемендік хоккейшілер ерлік таныта білді. Енді шегінерге жол жоқ екенін түсінген «торпедолықтар» одан кейінгі екі ойында қарсыласынан 3:1 және 4:3 есебімен басым түсіп, таразы басын теңестірді. Осылайша, финалға берілетін жолдаманың иегері Өскеменде өтетін соңғы, жетінші кездесуде анықталатын болды.
Бүгін Борис Александров атындағы Спорт сарайында қарсыластар арасындағы шешуші кездесу өтті. Аренаның трубиналарын лық толтырған жанкүйерлермен бірге ойынды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов келіп тамашалады.
Ойын барысында қарсыластарынан 1:3 есебімен ұтылып жатқан өскемендіктер тағы бір кішігірім ерлік жасады. Үшінші кезеңде алдымен Александр Акмальдиновтың көмегімен есеп айырмасын қысқартқан «торпедолықтар» негізгі уақыттың аяқталауына шамамен бір минуттай қалғанда таразы басын теңестіріп кетті. Нәтижелі соққы Евгений Сулимовтың еншісінде.
Осылайша, кездесу овертаймға ұласты. Ал бұл сында жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Жеңіс шайбасының авторы – Илья Кляузов. Қорытынды есепе 4:3!
Нәтижесінде сериядағы есеп 4:3-ге жетіп, өскемендік клуб өз тарихында тұңғыш рет Pro Hokei Ligasy плей-офф кезеңінің финалына жолдама алды.
Ойыннан кейін «Торпедо» ойыншыларын алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.

– Бұл – бәрімізге ортақ жеңіс. Сіздерді әрдайым қолдауға даяр жанкүйерлеріңіз бар. Соны ұмытпаңыздар. Сенімдерін ақтай беріңіздер. «Арланмен» өтетін алдағы финалдық серияда да барлығыңыздан осындай жанкешті ойын күтеміз. Тағы бір мәрте сіздерді осынау жарқын жеңіспен құттықтаймын! – деді аймақ басшысы.  

Жоғарыда айтылғандай, финалда «Торпедоның» қарсыласы былтырғы ел чемпионы Көкшетаудың «Арланы» болмақ. Командалар арасындағы алғашқы кездесу 7-сәуір күні Көкшетауда өтеді.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу