KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, СБ
444.79 481.04 4.95

Дін саласын реттейтін нормативтік – құқықтық актілер

12.12.2022, 10:07 564 Ләззат Қанатқызы

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жас мемлекеттің алдында экономика мен әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақты дамыту секілді күрделі міндеттер тұрды. Сондай-ақ, сол кезеңдегі аса маңызды міндеттердің бірі ұлттық тұтастықты сақтап қалу мен қоғамның рухани-өнегелік тұрғыда дамуына қатысты мәселелер еді. Осыған орай,  елімізде егемендік жарияланғаннан кейінгі бір ай ішінде, яғни 1992 жылдың 15 қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат діни бірлестіктер заңнама шеңберінен шықпаған жағдайда мемлекет тарапынан олардың ісіне қол сұғылмайтындығына кепілдік берді. Заң күшіне енген соң да оның жекелеген тұстарына жеті рет өзгеріс енгізіл­ді. Алайда олар түбегейлі өзгерістер әкелмей, тек діни бірлестіктердің қызметіне қатысты кейбір мәселелерді реттеуге ғана бағытталды. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданғаннан кейін, 20 жыл ішінде қоғамдағы діннің рөлі кеңейіп, елдегі діни жағдай да барша әлемдегідей өзгерістерге ұшырады. Соған байланысты, 2011 жылы Үкімет тарапынан дін саласына қатысты жаңа заң жобасын жасау туралы бастамалар көтеріліп, 2011 жылдың 11 қазанында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» заңы қабылданды. Аталған құжатқа сәйкес, мемлекет халықтың рухани өмірі мен мәдениетінің дамуында исламның ханафилік бағыты мен православие дінінің тарихи рөлін мойындайды, сондай-ақ Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін барша өзге діндерді құрметтейді. Осы заңды бұзушылық әкімшілік Кодекстің 490 – бабына сәйкес жауаптылыққа әкеліп соғады.                                                         

Қазіргі таңда көп адамдар қолданыстағы осы заңды білместікпен бұзып жататының айта кетсек артық етпейді деп ойлаймын. Әсіресе осы заңда көбінесе бұзылатын құқықтардың бірі, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелу, әзірлеу, шығару, сату, басып шығару немесе тарату болып табылады. Яғни қолданыстағы заңнын 9 – бабы, 2 – тармағына сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда діни сараптама жүргізіліп оң қортындысын алған заттар ғана таратуға, сатуға жол беріледі. Алайда көп адамдар білместіктен өзінін үйдегі жатқан діни сипаттағы кітаптарын, діни сипаттағы заттарын әлеуметтік желілерде, сатуға арналған қосымшаларда (OLX.kz, MARKET.KZ тағы басқа) сауда дүңгіршектердің сөрелеріне сатуға қойып жатады.  

Бұл әрекет әкімшілік Кодекстің 490 – бабы, 1 – тармағы, 3 – тармақшасын бұзушылық болып табылып,  жеке тұлғаларға – елу, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.  Яғни, заңды білмегендік жауаптылықтан босатпайтынын әрбір адам есімізде сақтауымыз қажет.

Сонымен қатар, миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру бойынша да көп заң бұзушылықтар орын алып жатады. Жалпы миссионерлік қызмет дегеніміз – дiни ұйымдардың iлiмдерiн таратуға арналған дiни және саяси қызмет болып табылады. Мысалы: Егерде сіз белгілі бір діни бірлестіктің  атынан ілімдерін таратуға, сол дінді уағыздауға бет бұрсаныз, міндетті түрде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың жергiлiктi атқарушы органына, тиісті құжаттарды ұсыну арқылы рұқсаттама алуыныз тиіс. Рұқсаттама бір жыл көлеміне беріледі және миссионер жыл сайын қайта тіркеуден өтуге міндетті.  Егерде сізде осы рұқсаттама болмай, кез келген діни бірлестікті дәріптеп миссионерлік қызмет атқарсаңыз, ол Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» заңының 8 – бабы, 1 – тармағын бұзушылық деп танылып, әкімшілік Кодекстің 490 – бабы, 3 – тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Заңды білу – заман талабы. Заман ағымына сай заңдар жүйесіне де өзгерістер енгізіліп тұрады. Адамдар да осы ағымнан қалмай, қатар жүруге үйренуі тиіс. Себебі, біздің өз құқығымыз бен заңды жетік білуімізден жауапкершілігіміз туындайды. Әрине, барлық адамның заң баптарын жаңылмай айта алуы шарт емес. Десек те, адамның өмірі мен қызметіне қатысты құқықтық-заңдық сауаттылығының тым төмен болуы оны талай бас ауыртар мәселемен бетпе-бет жүздестіруі мүмкін.

 «Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі сектордың бас маманы Жайсанбек Ануар Қайратұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив