Өскемендегі су жинағыш құрылғы қашан іске қосылады?

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жаңа су жинағыш құрылғының қашан іске қосылатынын айтты.
Бүгінгі таңда қаланың сол жағалау ауданында салынып жатқан жаңа заманауи су жинағыш құрылғының құрылысы аяқталып қойған екен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы шаһар басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Айтуынша, Өскеменде алаңдарды ойсыз игеріп, коммуникация тарту тәжірибесі бұрын болған, ал оның салдарын біз әлі тартып келеміз.
Сондай-ақ ол жаңа заманауи су жинағыш сол жағалаудың сумен жабдықтайтын «жүрегіне» айналатынын айтты.
Автоматтандырылған технологиямен жабдықталған заманауи алаң 25 мыңнан астам адамды сапалы ауыз сумен қамтиды. Мұнда хлорлаудың орнына электролизді тазарту технологиясы қолданылады. Бұл әдіспен қазірдің өзінде қаладағы судың 70%-ы тазартылып отыр екен.
Су жинағыштың құрылысы аяқталып қойған. Бірінші жартыжылдықта іске қосу, жөндеу жұмыстары жоспарланған, одан кейін су жинағыш толық іске қосылады.