Ауа сапасын жақсарту қадамдары: бақылау бекеттерін көбейтіп, көмір мен көлік түтінін азайту қолға алынбақ
Өскемендегі экологиялық жағдайдың күрделенуі облыстық әкімдікте өткен жиында кеңінен талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, қаладағы ауаның ластануына негізінен өнеркәсіптік шығарындылар, автокөлік түтіні және көмірмен жылытылатын жер үйлер себеп болып отыр. Атмосфералық жағдай қолайсыз болған кезде зиянды заттар ауада шоғырланып, ұзақ уақыт таралмай қалады. Бұл мәселені шешу үшін өңірде кешенді шаралар қолға алынбақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаевтың айтуынша, жылына 160 күн метеорологиялық тұрғыдан қолайсыз өтетін Өскемен үшін бұл мәселенің өзектілігі жоғары. Қазіргі уақытта кәсіпорындар шығарындыларды азайту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанымен, бұл жеткіліксіз.
Ауа сапасын бақылауды күшейту де басты міндеттердің бірі. Өскеменде 10 бақылау бекеті жұмыс істейді, алайда олардың жағдайды бақылау пәрменділігі бойынша саны жеткіліксіз. Мәселен, қаланың кей аумақтарында ауа сапасына қатысты мәлімет жоқ, бұл нақты жағдайды бағалауға және жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді. Осы мәселені шешу үшін қалада ластаушы заттардың деңгейін нақты уақыт режимінде өлшейтін қосымша датчиктер орнату ұсынылды. Бұл тұрғыда биыл құрылған «Өскемен тынысы» экологиялық бюросының жетекшісі Елена Березинская сөз алып, ресми мәліметтер мен тұрғындардың көріп, сезіп отырған шынайы жағдай арасында алшақтық барын алға тартты.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, наурыз айының басында мамандар жаңа датчиктер орнатылатын 25 орынды анықтайды. Сонымен қатар, ауаның ластануына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – автокөлік түтіні екені белгілі. Өскеменде 127 мыңнан астам көлік тіркелген, бұл экологиялық жағдайды күрделендіре түсуде. Осыған байланысты облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов кезең-кезеңімен экологиялық таза қоғамдық көлік түрлеріне көшіру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Қазірдің өзінде «Vosko» компаниясы электробустарды сынақтан өткізуге келісім берді. Олардың қалалық жағдайда қаншалықты тиімді екенін бағалау үшін арнайы тестілеу жүргізілмек.
Ауаның ластануына ықпал ететін тағы бір фактор – көмірмен жылытылатын жер үйлер. Бұл мәселені шешу үшін оларды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыс орталығының төрт ауданы бойынша 400 жер үйге жылу тартылып, тұрғындар пеш жағудан бас тартуға мүмкіндік алмақ. Ал 2026 жылы тағы 800 үй, соның ішінде Сол жағалау шағын ауданы да орталық жылу жүйесіне қосылады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, Қасым Қайсенов кенті маңында жаңа жылу электр орталығын салу көзделген. Жаңа нысан іске қосылған жағдайда ескірген бес қазандықтың жұмысы тоқтатылып, зиянды шығарындылар көлемі айтарлықтай азаймақ.
Бұл бастамалармен қатар жалғасып жатқан игі іс - экологияны жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» жобасы аясында биыл қалада 115 мың түп ағаш отырғызу жоспарлануы. Наурыз айының басында тиісті басқарма басшылары экологиялық ахуалды жақсартуға арналған іс-шаралар жоспарын келісіп, ауа сапасын бақылау бекеттері орнатылатын орындардың нақты тізімін ұсынуы тиіс.
Облыс әкімі аталған жоспарлардың нақты нәтиже беруі маңызды екенін және бұл бағыттағы әрекеттердің қадағалауда болатынын атап өтті.
Фото: Нелли Петенева