«3 мың гектар». Шекара шебінде өрт шықты – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Қарабұлақ ауылдық округінің аумағында өрт шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық ТЖД-ның ақпаратына сүйенсек, әуелде шекара шебіндегі иен даланың құрғақ шөбі тұтанып, бірте-бірте тілсіз жау 3 мың гектар аумақты шарпыған. Өртті сөндіруге 70 шекарашы, 9 өрт сөндіруші, шаруа қожалығының 8 жұмысышысы жұмыла кіріскен.
– Өрт шыққан аумақ – таулы аймақ. Оның үстіне жел үдеп, өртті өршіте түсті. Тілсіз жау әп-сәтте шақырымдарды шарпып үлгерді. Күндіз басталған өртті түнгі сағат үш кезінде ғана ауыздықтай алдық. Жасынның ұшқынынан құрғақ шөп өртенгенге ұқсайды, – деп мәлімдеді ТЖД.
Құтқарушылардың айтуынша, бұл жаз басталғалы бері шыққан төртінші өрт, ал шарпыған аумағы бойынша ең ірісі осы көрінеді.