Стрит-арт: Алтайда - Абай суреті
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына Абай Құнанбайұлының портреті салынды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бірнеше күн бұрын суретшілер ұлы ақынның бейнесін ерекше тәсілмен салып жатқаны туралы хабарлаған едік. Алтайлық шеберлердің жұмысы көпшіліктің көңілінен шықты.
Сондай-ақ Каюпов және Горький көшелерінің қиылысында қаланың аты жазылған конструкция пайда болды. Жобаға сәйкес, айналаға ою-өрнек бейнесінде жарық шамдар қойылып, тротуарлар мен көгалдар абаттандырылды.
Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жасалған стрит-арт-нысан Алтай қаласының «төлқұжатына» айналуы мүмкін. Өйткені жергілікті халық қазірдің өзінде туындыны жоғары бағалап, суретке түсіп жатқан көрінеді.
– Бұл біздің қаламыздың қонақжайлығын көрсетеді деп есептеймін. Оның үстіне Алтайдың өзіне ғана тән ерекше бір белгісінің болғаны тамаша ғой. Менің сельфиге түсіп, достарыма жіберіп үлгердім, – дейді қала тұрғыны Айгүл Смаилова.