Өскемен тұрғындары карантиннің бірінші күнінде тәртіп бұзған жоқ - Полиция
Өскеменде 6 сәуірден бастап қала ішіндегі қозғалысқа шектеу күшейді. Тұрғындардың дүкен, дәріхана және банкке баруына арналған рұқсаттамалар іске қосылды.
- Күшейтілген режимдегі алғашқы күні ешқандай өрескел тәртіпбұзушылық тіркелмеді. Карантин ережесін түсінбеген адамдарға ескерту жасалды, - деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Нұрғазина.
Одан бұрын, демалыс күндері, қалада жоспардан тыс екі жағдай болған.
- Сенбі күні Өскемен тұрғыны Алтай ауданында тұратын әкесінің қаза болғанын айтып хабарласты. Хабарласқан кісіні тәртіп сақшылары діни рәсімге қатысуға шығарып салды. Ал жексенбі күні ситуациялық орталыққа Шемонаиха ауданының тұрғыны хабарласқан. Орталық қоңырауды бізге (102-ге) бағыттаған. Хабарласқан адам Өскемендегі Ана мен бала орталығында әйелі босанғанын, оны қала ішінде перзентханадан шығарып алатын ешкім жоқ екенін айтты. Полиция қызметкерлері босанған әйелдің туыстарын қалаға кіргізіп, қайта шығарып салды, - дейді Әйгерім Нұрғазина.