ШҚО азаматтарының әскерге не үшін шақырылып жатқаны белгілі болды
Әскери міндеттемесі бар азаматтар төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін шақырылып жатқаны мәлім болды.
– Кей өңірде әскери қызметкерлер жетіспейді. Сол себепті әскери міндеттемесі бар, денсаулығы жарамды, қазіргі уақытта денсаулықсақтау саласында қызмет етпейтін азаматтар шақырылып жатыр. Мақсат – төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету. Шақырылған азаматтар бақылау бекеттерін күзету, санитарлық тазалық жүргізу және елдімекендерді патрульдеу үшін қажет. Сонымен қатар, кей аймақтарда су тасқынының алдын алуға да көмек керек, – деп түсіндірді ҚР Бас штабы бастығының орынбасары Руслан Шпекбаев.
Шақырылғандарға жалақы төленеді.
– Жұмыссыздар ең төменгі жалақыға ие болады. Ал жұмысы барлардың сол жалақы көлемі сақталып қалады. Олар таңертең келіп, кешке үйіне қайтады. Кәдімгі жұмыс секілді, – деді спикер.
Айтуынша, қанша адам шақырылатынын және олардың қанша уақыт қызмет ететінін әр өңір жағдайға қарай Бас штабпен келісе отырып өздері шешім шығарады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарған болатын.